Сайлау • 20 Мамыр, 2019

Сайлаушылар өз құқықтарын білуі тиіс

3954 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында «Аманат» сайлауды байқау жөніндегі азаматтық платформасында алдағы саяси науқан кезінде сайлаушылардың заңдық сауаттылығын арттыру мақсатында семинар-тренинг өтті. Онда Азаматтық платформаның жетекшісі Мұсағали Дуамбеков, штаб жетекшісі Лима Диас сайлаушылардың құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен әңгімеледі.

Сайлаушылар  өз құқықтарын білуі тиіс

Сондай-ақ сайлауға байқау жүргізу жөніндегі ұлттық қоғамдық платформасы аясында тәуелсіз байқаушыларға арналған дәріс ұйымдастырылды. Жиын барысында қоғамдық ұйымның бағыты, мақсаттары мен міндеттері түсіндірілді. «Президент сайлауы тәуелсіз еліміздің тарихындағы аса бір маңызды оқиға. Оған республиканың ірі қалаларынан бастап, шағын ауылдарына дейін тегіс белсенділік таныту керек. Себебі сайлау деген бұл – зайырлы мемлекеттің тарихында, өмірінде ең бір маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан сіздер өздеріңіздің кон­ституциялық құқықтарыңызды пайдаланып, дұрыс таңдау жасап, прези­денттік сайлауға атсалысуларыңыз керек», деді Азамат­тық платформаның жетекшісі Мұсағали Дуамбеков. 

Аталған жиында сайлаушыларды толғандырып жүрген бірқатар сұраққа сала мамандары қысқаша түсінік беріп өтті. «Көбіне тұрғындар дауыс беру барысы қандай екендігін, басқа аймақта іссапарда жүріп қалай дауыс беруге болатындығын, сайлаушылар тізімінен өзін қалай тексеретінін біле бермейді. Бұл азаматтық алаң осы сұрақтарға жауап беріп, сай­лаушылардың саяси белсенділігін арттыруға көмек­теседі», дейді «Аманат» сайлауды байқау жөнін­дегі азаматтық платформасының жауапты мамандары. 

Сайлау туралы құқықтық талаптарға сәйкес ақпарат беру, сайлаушылар мен байқаушылардың міндеттерін құқықтық негізде түсіндіру, жергілікті сайлау комиссиясымен өзара бірлескен іс-қимылдар жасауға үйретуді көздеген тренинг барысында қатысушылар өздеріне қажетті мәліметпен қанықты әрі ОСК, кандидаттың сайлау штаб-пәтері және өзге де сайлауға қатысты аймақтарда заң бұзу фактілері тіркелсе, онда бірден қандай әрекеттер жасау керек­тігі туралы кеңестер алды.

ШЫМКЕНТ