Спорт • 20 Мамыр, 2019

Камбэктің драмалық хикаясы

970 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Чемпиондар лигасының жартылай финалдағы бірінші кездесуден кейін ағылшын командалары финалға шығатынына сенгендер сирек. Жанкүйерлер «Барселона» мен «Аякс» арасындағы финалдың сценарийін ойша жоспарлап қойған-ды. Бірақ екі ағылшын клубы қарсыластарының «аяғын аспаннан келтіріп», финалға жолдама алды. Қарымта кездесудегі «Ливерпуль» мен «Тоттенхэмнің» тамаша камбэгінен кейін екі ағылшын клубы 7 жылдық үзілістен соң Чемпиондар лигасының кубогын Англияға алып қайтатын болды.

Камбэктің драмалық хикаясы

Жалпы Чемпиондар лигасының биылғы маусымында футбол жан­күйер­лері алты камбэкке куә болды. Бұл кам­бэктердің ішіндегі ең үздігі «Аякс» пен «Тоттенхэм» арасында өткеніне еш­кім күмән келтірмейтін шығар. Тіпті, «Ливерпульдің» «Барселонаға» қарсы жасаған камбэгі де бұл кездесуден кейін маңызсыз болып қалды. Себебі «Аякс» қарымта кездесудің бірінші бөлігінен кейін 2:0 есебімен алда келе жатқан еді. Өз алаңында бір гол, сырт алаңда екі гол өткізіп алған ағылшын ко­мандасында келесі кезеңге шығуға мүлде мүмкіндік қалмаған-ды. Бірақ Почеттино екінші таймда ойын өрнегін 180 градусқа өзгертіп, «Тоттенхэм» екінші 45 минуттың ішінде камбэк жасап кетті. 

Ал Испанияда өткен алғашқы ойында 3:0 есебімен жеңілген ағылшын командасы өз алаңында «Барселона» қақпасына жауапсыз 4 гол соғып, тамаша камбэк жасады.

Жалпы, футболда камбэк оқиғасы жиі кездеседі. Ал соңғы 15 жылда камбэк-«Барселона» және камбэк-«Ливерпуль» сөзі біте қайнасып, екеуі егіз ұғым болып кеткендей көрінеді. «Ливерпуль» клубының 2005 жылғы Чемпиондар лигасының финалындағы матчын футбол жанкүйерлері ешқашан ұмытпайтын шығар. Ыстамбұлда өткен «Ливерпуль» мен «Милан» (Италия) клубтарының арасындағы кездесудің бірінші таймы 3:0 есебімен «Миланның» пайдасына аяқталды. Екінші таймда «Милан» футболшыларының еркінсігенін байқаған «Ливерпуль» ойыншылары небәрі 15 минуттың ішінде есепті 3:3-ке жеткізді. Финалдағы ұлы камбэкті команда капитаны Стивен Джеррардтың өзі бастап бергені күні кеше болғандай әлі жадымызда...

Ал «Барселона» клубы Чемпиондар лигасының соңғы екі маусымында кам­бэк­тердің құрбаны болып келеді. Рас, «Бар­селонаның» да камбэк жасаған кездері көп болған. Бірақ құрамында әлемнің ең үздік футболшылары бар команда қатарынан екі маусым камбэкпен жеңілуі ақылға қонымсыз оқиға болып тұр. 

Рим «Барселона» үшін сәттілік сыйлайтын қала еді. 2009 жылы Гвардиола шәкірттері дәл осы Римде «МЮ-ді» жеңіп, Чемпиондар лигасының бас жүлдесін жеңіп алған-ды. Бірақ Чемпиондар лигасының өткен маусымында Рим Месси мен оның командаластары үшін өте сәтсіз қалаға айналды. Жергілікті «Рома» командасы турнирдің ширек финалындағы бірінші ойынында «Барселонадан» 1:4 есебімен жеңілгеніне қарамай, өз алаңында өткен қарымта кездесуде 3:0 нәтижесімен жеңіске жетіп, каталониялықтарды бәсекеден шығарып жіберген-ді. Осы жеңіліс пен жуырда ғана «Ливерпульге» қарсы өткен ойын бір-біріне ұқсап кетеді. Біріншіден, екі ойында да «Барселонаның» келесі кезеңге шығу мүмкіндіктері жоғары болатын. Екіншіден, «Барселона» екі ойында да үш гол айырмашылығымен жеңіске жеткен. Үшіншіден, «Барселонаны» жеңген екі команданың қақпасында қақпашы Алиссон Бекер тұрған.

Жалпы, әрбір камбэктің өзіне сай тарихы болады. Бірақ оларды байланыстырып тұратын бір нәрсенің болуы заңдылық қой. Біз сол заңдылықтың кілтін тапқандай болдық. Кез келген камбэкте екі команда да жан беріп, жан алысып ойнамайды екен. Міндетті түрде бір команда ойынды өз қолына алса, екінші команда жеңілісті өз қолымен беріп қоятын сияқты. 

Мұндай мысалдар тарихта көптеп кездеседі. 1999 жылғы Чемпиондар лигасы финалының соңғы минуттарында «Бавария» ойын тағдыры шешіліп қойды деп ойлап, допты оңды-солды тебе беруі «МЮ-ді» күшейтіп жіберген.

2016 жылғы финал. «Реал» футболшылары ойынның соңғы минутында «Атлетико» футболшыларының көзінде жеңіске деген ұмытылыстың жоқ екенін байқап қойды. Әрі қарай матч «Реал» ойыншыларының бенефисіне айналды.  

Биылғы маусымдағы ПСЖ-«МЮ» ойы­ны да осы жағдайға ұқсас. Париждіктер матч соңына дейін өте ауытқымалы есепте екендіктерін ойламай, барын салмай ойнайды. Нәтижесінде, «Манчестер» бір шабуылының арқасында «жұлдыздар фабрикасының» жазасын берді. 

«Реалдың» өз алаңында «Аякстан» жеңіл­ген матчы да біз айтқан жауап­сыздықтан. «Қарсыласты өз алаңында жеңіп келдің бе, онда өз алаңыңда еш алаңсыз ойнай бер», деген қағида мадридтіктердің теориясында жиі кездесетін сияқты. Сол кездесуде «Амстердам балалары» фантастикалық ойын көрсеткен болар, бірақ бұл ойындағы жеңіске «Реалдың» шабуылда өте нашар ойнауы себеп болды.

Қорыта айтқанда, камбэк жайдан- жай болмайды. Матчты өте сылбыр, әлсіз өткізген команда ғана жеңіліске ұшырайды. «Манчестер Сити» «Тот­тенхэм» қойған тоқсауылдан неге өте алмағанын енді түсінген боларсыздар. Сол ойында лондондықтар біз айтқан формулаға түспей, өте сенімді түрде «Манчестер Ситидің» әр голына голмен жауап бергенінің арқасында келесі кезеңге өтті.

Биылғы маусымның камбэктері

- «Аякс» – «Тоттенхэм» – 2:3, 1:0 (қорытынды есеп – 3:3)

- «Ливерпуль» – «Барселона» – 4:0, 0:3 (қорытынды есеп – 4:3)

- ПСЖ – «МЮ» – 1:3, 2:0 (қорытынды есеп – 3:3)

- «Манчестер Сити» – «Тоттенхэм» – 4:3, 0:1 (қорытынды есеп – 4:4)

- «Ювентус» – «Атлетико» – 3:0, 0:2 (қорытынды есеп – 3:2)

- «Реал» – «Аякс» – 1:4, 2:1 (қорытынды есеп – 3:5)