Қоғам • 20 Мамыр, 2019

«Jastar Time» – жаңа идеялар жәрмеңкесі

1312 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өскеменде Жастар жылы аясында дәстүрлі «Jastar Time» IT-фестивалі өтті. Биылғы шараға облыстың аудандары мен қалаларынан 200-ден астам оқушы мен студент қатысып, озық идеяларын ортаға салды.

«Jastar Time» – жаңа идеялар жәрмеңкесі

Өрт сөндіруші робот

Облыс орталығындағы Б.Александров атындағы Спорт сарайының бірінші қабатындағы тай шаптырым аумақ жәрмеңкеге айналыпты. Озық ойлар, жаңа идеялар жәрмеңкесі десек артық айтпаспыз. Айналаның бәрі жарқ-жұрқ етеді. Ызыңдаған, дызылдаған дыбыстар шығады. Ерте келгеніміз қандай жақсы болған. Доданың қорытындысы шыққанша өңірдің әр түкпірінен келген бірнеше оқушымен сөйлесіп үлгердік. Семейдегі «Жас Ұлан» ерлер лицейінің 11 сынып оқушылары Ділдар Нұрсұлтан мен Аңсар Құсайынов өрт сөндірушілерге жәрдем беретін «Өрт кезінде қолданылатын қауіпсіздік костюмы» деп аталатын экзоқаңқа дайындапты. «Бұл жобамызды Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлеріне ұсынамыз. Өрт сөндіруші экзоқаңқаны кию арқылы өз күшін арттыра алады. Бұл құтқару жұмыстарын жедел атқаруға, адамдарды тезірек құтқаруға мүмкіндік береді. Киім титан қоспасынан жасалады. Өйткені титан өртке қауіпсіз. Ең маңыздысы, экзоқаңқа киген бір өрт сөндіруші бөлімнің, яғни 10 адамның жұмысын атқара алады. Мәселен, бас киімде орналасқан дисплей арқылы өрт кезінде көмекке зәру адамдарды тез анықтауға болады. Мұны өрт жағдайларында ғана емес, күнделікті өмірде де қолдануға мүмкіндік бар. Оны ғарышта скафандр ретінде пайдалануға болады», дейді Ділдар. 

Ғылыми жобаның жетекшісі Дарын Жолдасов екі оқушы бұған дейін осы жо­бамен облыстық ғылыми жобалар сайысында 3, республикалық жарыста 2, Бай­қоңыр қаласында өткен халықаралық бә­секеде 1, жақында Алматыда өткен IT-фестивальде 3-орын алғанын айтады. «Бұл жобамен бір жыл көлемінде жұмыс іс­тедік. Оқушылардың өздерінің идеялары. Олар мектеп бітірген соң Төтенше жағ­дайлар комитетіне оқуға бармақ ой­да. Жобаны сол кезде ұсынатын шы­ғар», дей­ді ол.

Өскемендегі «Нұр Орда» мектебінің оқушылары фестивальға «Вело-генератор» деп аталатын ерекше жоба әкеліпті. Ерекшелігі сол, қарапайым велосипедтің көмегімен экологиялық таза электр энергиясын алуға болады екен. «Күші бойына сыймай үзілісте мектепті басына көтеріп жүретін оқушылар болады ғой. Сол оқушыларды осы велосипедке отырғызып, тепкізіп, электр энергиясын өндіруге болады. Алынған энергияны мектептің қажетіне жарата аламыз. Мына велосипедті үйге апарып, бір сағат тебетін болсақ, бір үйді электр қуатымен қамтамасыз етуге болады. Қаржы жағынан да үнемді. Бар-жоғы 60 мың теңге жұмсадық. Болашақта мектептің бұрыштарына қоюға болады, оқушылар үзілісте теуіп, электр энергиясын өндіреді» деген мектептің физика пәнінің мұғалімі Нұрбек Сламов жобаны шәкірттері екі-үш айдың көлемінде жасап шыққандарын жеткізді.

Бұл құрылғыны кез келген жерге апарып, электр қуатын алуға болады екен. Велосипедті жарты сағат тепсеңіз теледидар көріп, ұялы телефоныңызды қуаттауға мүмкіндік аласыз.

Күннен қуат алатын трактор

Аягөз қаласындағы №10 гимна­зия­ның оқушылары «Электрлі шынжыр табан» деп аталатын жобаны бәйгеге үкілеп қосыпты. Өнертапқыш өрендер күннен энергия алатын, ауыл шаруашылығы саласында қолдануға болатын, жол талғамайтын трактор жасап әкеліпті. Бізге салмағы 7 келіге жуықтайтын макетін көрсетіп, тәптіштеп түсіндіріп берді. «Бұл техника жер де жыртады, егін де егеді, шөп те шабады, комбайн мен трактордың, КамАЗ-дың қызметін бір өзі атқара алады. Жанар-жағармайдың, ештеңенің қажеті жоқ. Адам да отырмайды. Пультпен басқарылады. 100 шақырымға дейінгі аумаққа жіберуге болады. Біз макеттің 8 есе кішірейтілген түрін көрсетіп отырмыз. Егер 8 есе үлкейтсек биіктігі 2 жарым, ені 3 жарым, ұзындығы 16 метрге дейін жетеді. Салмағы – 14, 6 тонна. Тартатын жүгі – 20 тонна. Жылдамдығы – сағатына 35 шақырым», дейді жобаны әзірлеген екі оқушының бірі Еркін Самғау.

Екінші оқушы Мейрамбек Саятбек бұл техника 24 сағаттың 8 сағатында қуатталып, 16 сағат бойы тынымсыз жұмыс істей алады деп жоспарлап отыр­ғандарын айтты. «Өз есебімізше, бұл техника бір күнде 80 гектар жерді жыртып, 100-140 гектар жер өңдей алады. Көптеген техникаларды алмастырады. Ал­дыңғы жағымен егін орып, артқы жа­ғымен жинай береді. Мұны ауыл шаруашылығынан бөлек орман саласына да қолдануға болады», дейді ол.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов пен орынбасары Әсем Нүсіпова арнайы келіп, бірнеше қатысушының жо­басымен асықпай танысып шықты. «Оқушылардың ойлау деңгейі мені таңғалдырды. Мәселен, Әли Бердібек деген оқушы «Smart бесік» жобасын жасап шығыпты. Ол бар-жоғы 5 сыныпта оқиды» деген аймақ басшысы бұл байқау алдағы уақытта жалғасатынын айтып, гранттар санының көбейетінін тілге тиек етті.

Айтпақшы, фестиваль қорытын­дысында өнертапқыштығымен өңір басшысын таңғалдырған Өскемен қала­сындағы №1 орта мектебінің оқушысы Әли Бердібек бас жүлдеге лайық деп табылды. Онлайн режіміндегі дауыс беру нәтижесінде оның «Smart бесік» жобасы үздік деп танылды.

ӨСКЕМЕН