Кейінгі екі жылда өңірде тиімді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге бағыт алу белсенді жүргізіліп келеді. Былтыр мол өнім алған ақмолалық диқандар Жол картасы аясында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бойынша жұмыла еңбек етіп жатыр. Бір айта кетерлігі, диқандар майлы дақылдар алқабын ұлғайтуға ниетті. Биыл бұл көлем біршама арта түспек. Өңірде майлы дақылдар алқабы 600 мың гектарға ұлғаяды деп күтілуде.
Өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға ең алдымен мал азығы қажет. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдары мал азығына қажетті дақылдарды 377,9 гектарға өсірмекші. Бұл орайда тиянақты жұмысымен көш бастап отырғандар да бар. Астрахан ауданы бұрын 11,6 мың гектарға мал азығын егетін болса, биыл бұл көлемді 42,5 мың гектарға ұлғайтуды жоспарлауда. Дәл осындай ілгерілеу Есіл, Бурабай, Шортанды аудандарында да бар. Керісінше, маңызды мәселеге жете көңіл аудара алмағандар да бар екенін айта кетуге тиістіміз. Мал азығы өсірілетін алқаптарды Ерейментау, Целиноград, Жарқайың аудандары азайтып алып отыр. Демек бұл аудандарда алтын дән өсірумен қатар ақтылы мал басын көбейтуге ыждаһатты көңіл бөлінбейді. Осыған байланысты өңір басшылары мал азығы дақылдарының өсіру көлемін 260 мың гектарға жеткізу қажет деген міндет қойып отыр.
Екінші нан санатындағы картоп өсіру жоспары бірқатар аудандарда қысқарып қалған. Қай уақытта болмасын, картоп дақылына сұраныс мол. Ақмолалықтардың дастарқанындағы ырыздық кемімеуі үшін егістік көлемін қайта қараған жөн болар еді.
Диқандар көктемгі егісте ыждаһатты дайындалып, ырыздық жолындағы ынтымақты үдете түсуде. 1,2 млн гектар алқапта сүдігер жыртылды. Ылғал жабу жұмыстары жалғасуда. Осы істің барлығы – күзгі мол өнімнің кепілі.
Диқандардың үмітін ақтайтын ұмтылысты жан-жақты қарастырып, маңдай термен өсірілген дақылдарды көлденең қырсықтан сақтау мақсатында шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары да жүргізілуде. Нақтырақ айтатын болсақ, 91,1 мың га алқап шегірткеге қарсы өңделсе, италяндық прусқа қарсы 42,1 мың га алқап дәріленді.
– «Көктемнің бір күні жылға азық» деген бірауыз сөздің астарында үлкен мән бар, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» ауыл шаруашылығы құрылымының жетекшісі Құлан Болатов. – Кей жылдары дәнді алқапқа ерте сіңіргендер ұтады, енді бірде сәл кештеу еккендердің егіні бітік шығады. Қазір біз топырақтың жылуын тосамыз. Ауа райы құбылмалы болғандықтан, ерте пісетін бидай сұрыптарын еккеніміз жөн. Сондықтан шағын шаруа қожалықтары белгілі мамандардың, ғалымдардың ұсынысын тосып отыр. Қажетті ақпаратты табу қиын. Егер тілін тапсаң ғана жер жомарт. Өткен жылдардағы тәжірибеге сүйене отырып жұмыс істегенімізбен, астық шаруашылығын дамыту үшін ғылыми демеу де қажет. Қазір тәуекелге сүйенгеннен гөрі нақты нәтиже беретін бағыт қажет. Көңіл қуантарлығы, мемлекет тарапынан зор қолдауға ие болып отырмыз. Онсыз, әрине, шаруашылықты дамыту қиын болар еді. Біздің салада қолбайлаудың бар екені рас. Ол – әлденеше рет айтылып-жазылып, әбден жауыр болған тақырып. Ең бастысы техника тізгіндейтін білікті мамандар жетіспейді. Біз бұл мәселемен көктемгі-күзгі науқандарда жиі жүздесеміз. Алдағы уақытта кәсіби-техникалық білім беретін колледж түлектерін ауылға шақырып, ел ырыздығын еселейтін жұмысқа жұмылдырудың төте жолын тапқан дұрыс болар еді.
Бір айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы құрылымдары мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Қаржы да қомақты. 2026 жылы қолдау көлемі 1 трлн теңгеге жетпекші. 85,5 млрд теңге субсидия қарастырылса, күні бүгінге дейін 63,9%-ы төленді.
Өңірде кәдеге асырылмай жатқан егістік алқаптары да бар. Бос жатқан жер көлемі – 74,4 мың га. Кейбір аудандарда игерілмей жатқан жер көлемі тіптен көп. Мәселен, Ерейментау ауданында 77,5 мың га, Біржан сал ауданында 36,5 мың га жер бар. Мұндай көрініс Зеренді, Целиноград аудандарында да орын алып отыр. Осы бір ғана мысалдан жер ресурстарын тиімді пайдалану қажеттігі байқалады.
– Біздің Зеренді ауданының топырағы құнарлы екені баршаға белгілі, – дейді «Қошқарбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қайыркен Хасенов. – Егістік алқаптарын кеңейтуге ынталы болғанымызбен, жерге байланысты шешілмеген мәселелер ұзақ жылдан бері қордаланып қалған. Осы түйінді мәселе әділ, оңынан шешілетін болса, біз тәрізді шаруашылықтар егістік көлемін мейлінше арттырып, ел ырыздығын еселей түсер едік. Бір кезде ретсіз бөлінген егістік алқаптарын халық қайтара алмай отыр. Біз үшін ең басты мәселе – осы.
Егіншілік мәдениеті дамыған, ұзақ жылдар бойы мол тәжірибе жинақтаған өңір диқандары жоғары өнім кепілі сапалы тұқым екенін жақсы біледі. Көктемгі қарбалас шақта құнарлы жер қойнауына сіңіретін сапалы тұқым мәселесін даңғайыр диқандар қоңыр күзден бастап ойластырған. Өңірде биылғы көктемгі егіске қажетті 539,8 мың тонна тұқым дайындалды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету бағытында 39 тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Бұл тарапта алаңдатарлық мәселе жоқ. Тұқым жеткілікті.
Топырақ құнарын азайтпай, күтім тілеген алқаптарды минералды тыңайтқыштармен байыту жоспары да қомақты. Биыл өңірдегі егістік алқаптарға 433,5 мың тонна минералды тыңайтқыштар сіңіріледі. Қазіргі күні келісімшарттар жасалып жатыр.
Көктемгі қауырт маусым басталған кезде жанар-жағар май мәселесі туындайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, бұл тараптағы жұмыс жүйеленген. 76,7 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағар май босатылады. Науқанға қажетті техниканың 95%-ы әзірлік сапында тұр. Көңілге медет беретін бір жаңалық, жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары өздеріне қажетті техникаларды сатып алып, машина-трактор паркін жыл санап жаңартып келеді.
Ақмола облысы