Саясат • 21 Мамыр, 2019

Асқар Мамин Қазақстанда 5G енгізу мәселелері туралы кеңес өткізді

899 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанда «бесінші буын» байланыс желісін енгізу мәселелері туралы кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Асқар Мамин Қазақстанда 5G енгізу мәселелері туралы кеңес өткізді

Кеңес барысында цифрлық экономика мен заттар интернетін дамыту үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге жаңа технологияны енгізудің ықпалы талқыланды (IoT).

ҚР Үкіметінің басшысы берілетін деректердің ағымының жылдамдығы мен өткізгіштік қабілетін арттыру ТКШ, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау салаларында жобаларды іске асыруда телемедицинаны дамыту, Smart City компоненттерін енгізу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру, т.б. тұрғысынан салмақты серпін беретінін баяндады.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметтерінше, Қазақстан АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария, Эстония елдерімен қатар жаңа желіні енгізуді пилоттауға көшкен әлем елдерінің ондығына кіреді.

Ел аумағын 5G қамту үшін инфрақұрылым жасау бойынша жұмыстар аясында осы жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында пилоттық жобаны іске асыру жоспарланған. Жалпы, 5G байланыс желісімен адамдар саны 50 мыңнан асатын барлық елді мекен қамтылады деп күтілуде.

Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанда 5G енгізу бойынша Шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Кеңеске ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қ. Есекеев және т.б. қатысты.