Руханият • 22 Мамыр, 2019

Азаттық үшін арпалысқан Алаш арысы

1463 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

XIX ғасыр аяғы XX ғасыр басында қазақ елінде Петербург, Мәскеу, Омбыда оқып, білім алған, саяси санасы оянған жалынды жастар өсіп шықты. Оның қарсаңында Ресейде түрлі қоғамдық қозғалыстар жүріп, саяси партиялар пайда болды. Ол әлеуметтік, ұлттық, азаттық, теңдік мәселелерін көтерді. Батыс елдеріндегі сияқты Ресейде де жеке басшылық тәртібін тізгіндейтін конгресс, парламент сияқты халық қатысуымен сайланған депутаттар кеңесі Ресейде мемлекеттік Дума дүниеге келді. Депутаттар арасында патша жүйесін қостайтындар да және оған қарсы әр ұлттың өз билігі өзінде болуын жақтайтындар да болды.

Азаттық үшін арпалысқан Алаш арысы
Қазақ жерінде елді ойланды­ра­тын «Айқап» журналы, «Алаш» газеті шыға бастады. Сол кез­де Қазан қаласында жарық көр­ген Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» поэмасы елді дүр сіл­кіндірді. Ресейде революция болып, патша өкіметі құлағанда қоғам қайраткері, ақын Жүсіпбек Аймауытов: «Қазағым, қақтықпа, қамалма. Ел болар қамыңды амалда. Өтті түн, атты таң, шық­ты күн. Сал малды, сал жанды, аянба!»  деп үндеу тастады. 

Артынша 1917 жылы Қазақ­стан­да саяси-әлеуметтік «Алаш» партиясы дүниеге келді. Сол жылы Октябрь революциясы аяқ­та­лып, Кеңес өкіметі жария­лан­ғаннан соң, желтоқсан айында Орынбор қаласында өткізілген құрылтай съезінде Алаш Ор­да өкіметі жарияланып, оған Әли­хан Бөкейхан басшы болып сайланды. Бірақ Алаш Орда өкіметінің өмірі қысқа, қиын­дық­тар­ға тап болды.

Бұрынғы Ресей жерін, бүтін бір мемлекет ‒ Кеңес елі деп жа­­рия­лағанда жаңа бастама Кеңес елін бөлшектеуге тырыс­қан­ қозғалысты заңға қарсы деп, олар­дың жолын кесті. Кейін «Алаш» партиясы басшы­ла­рын, Алаш Орда өкіметі мүше­ле­рін тұтқындады. Сол кезде бостандық алу үшін жеке-жеке елдер емес, бүкіл қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, басқа халықтар бір болып күреспесе, жеңіске қол жетпейтінін білген Мұстафа Шоқай болды. Алғашқы кезде Қоқан Республикасына басшы болып сайланған Мұстафа Қо­­қан­ өкіметі қирағаннан кейін көптеген ұлт кадры тұт­қын­далды. Мәселен, Қазақ­стан­да Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов сияқты қазақ зия­лылары тұтқындалды. Қоқан өкіметін большевиктер құлат­қан­нан кейін, қыспақтан амалдап құтылған Мұстафа Шоқай алдымен Кавказ жеріне жетіп, Грузияда тұрақтап, одан әрі Түр­кия еліне барып тұрмақ бол­ды. Бірақ Кеңес өкіметіне қар­сы күрес жүргізу үшін оған халықаралық мінбер қажет бола­тын, даусы әлемге жететін ел керек еді. Содан қалтасында қара­жа­ты жоқ, тек өз күшіне сенген Мұстафа Шоқай Парижге келіп тұрақтады. Оның бұл әрекеті ақыл болды. Бұл жерде «Яш Түр­кістан» журналын шығарып, пә­тер жалдап, түрлі сая­си материалдар жазып, қаламақы тауып, күн көріп қана қойған жоқ, Кеңес өкі­­метіне қарсы батыл күрес жүр­гіз­ді.

Одан соң мақала жазып, қа­ламақы­мен үй жалдап, тамақ асы­рап, газет, журнал шығару өте ауыр жұмыс болатын, Мұстафа Шо­қай осының бәрін мойымай көтере білді.

Бір күні Мұстафаның жұбайы Мария бір доллар ғана қаржы қалды, не істейміз, деп абыржиды. Сонда Мұстафа саспай, оған ақыл береді. Сол бір долларға борщ жаса да, осында жүрген бір ресейлікті соған шақыр, дей­ді. Мария солай етеді. Келген кісі­лер екеу екен. Әрқайсысы бір доллардан қалдырып кетеді. Ерте­ңіне борщты екі долларға жасай­ды. Сөйтіп асханаға ай­нал­­ған үйі Мұстафаға тағам, қара­жат болып, күрес жүр­гізуіне мүм­­кін­дік­ береді. 

Па­риж­де әлем мәдениеті көр­месіне КСРО-дан бір топ деле­гация келеді. Ішінде әйгі­лі қазақ әнші­сі Әміре Қашау­баев, Өзбек­­станнан Тама­ра ханум бар. Мұстафа өзінің ауыр халін білдірмей, келген қонақ­тар­ды мейрамханаға шақырып, сый көрсе­те­ді. Әрине елге келгенде Әміре қуғындалды. Бірақ ол өз алды­на жеке әңгіме. 

М.Шоқаймен келесі салыс­тыр­ғалы отырған саяси күрес­ке­ріміз, Мексикаға кетіп, әбден қоршаланған үйде тұрып, қара­жат­тан қиналмай өмір сүріп, Сталинге қарсы кітап жазған А.Д.Троцкий. Ол кеңес жүйесіне қарсы болған жоқ. Өйткені сол өкіметті революция жасап, оған басшылыққа Ленинді әкел­ген мен едім, енді сол өкімет көлде­нең келген Сталинге тиді деп ызаланып, Сталинмен кү­рес­ті. Шетелде жатып Кеңес өкі­метіндегі сыбайластарымен бірігіп Сталинді өкіметтен құла­тып, оған өзі келмек болып жоспар жасады. Жаңа өкіметке келер адамдардың тізімін жасады. Бірақ сол тізім Сталиннің қолына түсіп, 1940 жылы Мек­си­­­када А.Д.Троцкийдің көзі жойыл­­ды. Тізімге кірген-кірме­ген­дер тегіс ұсталып, 1937-1938 жыл­ғы репрессиямен аяқталды. А.Д.Тро­цкийдің әрекеті мың­да­ған қазақ зия­лыларына тиді, «халық жауы» ретінде атылып, қуғынға ұшырады. 

А.Д.Троцкийге қарағанда Мұстафа Шоқай жеке адамға емес, жалпы бұрынғы пат­ша­лық үкіметтен кейінгі кеңес үкі­меті саясатына қарсы шық­ты. Мәселен 1937 жылы, 1936 жылы қабылданған КСРО Конс­ти­туциясы бойынша Жоғары Кеңеске депутаттар сайлауы бас­тал­ды. Айталық, КСРО Жоғарғы кеңесіне Қызылорда, Шымкент облыстары кірген. Оңтүстік Қазақстан сайлау округі бо­йынша депутаттыққа екі кандидатура ұсынылды. Одақтық кеңеске – Моисей Лазарев, Ұлттар кеңе­сіне ‒ Біржан Манкин. Сай­лау­шылардың КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидатпен кездесуі 1937 жылдың 5 желтоқсанында Шиелі стансасы алдындағы алаңда өтті. Мың­даған адам жиналған митин­гі­де мінберге шығып, Біржан Манкин сөз алды. Ол қырықтар шамасындағы, шашын артына қайырған, толық сары кісі екен. Мен оқушымын, сол кездесуде болдым. Сөзінде Манкин Отан үшін, Сталин үшін бір қасық қаным қалғанша күресемін деді. Моисей Лазарев кездесуге келген жоқ. Оны біз тек сайлау плакатындағы суреті арқылы білдік. Сайлау 1937 жылы 12 желтоқсанда өткізілді. Бірақ сол айдың 20-сында екеуі де «халық жауы» болып ұсталды. Сонда Моисей Лазарев – Троцкий тізі­мін­дегі кан­дидатура, ал Манкин заяға кетті. Міне, Троцкийдің тигіз­ген зобалаңы.

Ал Мұстафа Шоқай халқы­мыз­ға ондай ойран салған жоқ, қиындық әкелген емес. Тек Түр­кіс­­танды азат етуге шақырды. Сол үшін жапа шекті. 

Сондай-ақ А.Д.Троцкий шетелге еріксіз қашып кеткен жоқ. Ашық, үкімет өзі жіберді. Революция кезінде патша отбасынан жиналған құнды заттармен кетті. Одан соң Мәскеудегі үкімет басында отырған оның жақын сыбайластары, оған қаражат жіберіп, оның бункерде тұруына жағдай жасады.

Ал Мұстафаға, жалдап алған бөлмеге ешқандай көмек жасалмады. Беретін жер болмады, ол өзін-өзі қаржыландырды, асырады. Осындайда Мұстафаны тарихта лайықты түрде кіммен салыстыруға болады деген ойға қаласың? 

1940 жылы фашистік Гер­ма­­ния Францияны басып алған соң түрмеге түскен Мұстафа Шо­­қайдың кім екенін білген Гит­лер оны түрмеден босатып Германияға алдырады. Мақсаты КСРО-ға соғыс ашуға дайын­да­лып жатқан фашистик Гер­ма­ния­ға керек болады деген ой. Ол кезде Германияда Таяу Шығыс саясатын жүргізуші Фон Папен болатын. «Барбаросса» жоспарын орындау үшін Орта Азия халықтарымен жұмысты жүргізу Мұстафа Шоқайға тапсырылды. Сондықтан Фон Папен және Мұс­тафа Шоқай бір бағытта жұ­мыс атқаруы тиіс болды. 1941 жылы маусым айының 22-сі күні кездейсоқ КСРО-ға жа­сал­ған соғыс өте ауыр тиді. Со­ғыс болады деп ойламаған ел көп шығынға ұшырады. Мұстафаның ойы, егер КСРО тал­қандалса, онда ол Орта Азия­ны өз алдына тәуелсіз ел ету. Бұл оның бұрынғы мақсаты бола­тын. Әрине Мұстафа Шо­қай бұл ойын Фон Папенмен бөлісті. Ал Фон Папеннің ойы мүлде басқа еді. Ол егер КСРО соғыста жеңілсе, Германия Орта Азия арқылы Үндістанға жетіп, сонда Таяу Шығыс пен Орта Азияны фашистік Гер­ма­нияға бағындыру. Фон Па­пен­нің мұндай арам мақсатын Мұстафа өкінішке қарай білмеді. Соғыстың алғашқы айларында жеңіске жеткен Германияға, енді Мұстафа керек болмағаны былай тұрсын, ол фашистерге кереғар болды. Фон Папен арқылы мұны білген Гитлер 1941 жылы Мұстафаны Берлиндегі ауру­ханаға жатқызып, оның көзін 27 желтоқсанда жұмдырды. Әри­не оның өліміне кінәлі тек Фон Папен еді.

Соғыс 1945 жылы 9 мамырда фашистік Германияның талқан­да­луы­мен аяқталған соң, 1946 жылы фашистік Германия бас­шы­ларына Нюрнберг процесі бас­талды. Сот процесіне дейін көзі жұмылған Гитлер, Геббельс, Гимлерден басқалары түгел сотқа тар­тылды. Сот үкімі оқылып жат­қан­да, «Фон Папен өлім жазасы – дарға асудан құтқарылсын, түр­меден босатылсын» деген ше­шімді естігенде Геринг ызаланып, айқай салғаны соншалықты, тіпті оның көзәйнегі еденге түскен. Себебі Фон Папен нағыз жа­уап­керлердің бірі «Dfang nach Osten» саясатын жасаушылардың бірі болатын. 

Фашистік Германия архивін па­рақ­­тап ақтарған, АҚШ, Англия, Франция, КСРО зерт­теу­шілері Мұстафа жазған, айт­қан, қол қойған бірде-бір құжат таппай, оны алдымен АҚШ, Англия, Франция, артынан КСРО зерттеушілері ақтап шықты. Одан кейін барып біздің ел мо­йындады. Нәтижесінде Мұстафа неміс-фашистеріне қызмет атқармағаны мәлім болды. Ол қажырлы еңбекпен Орта Азия халықтарының бостандығы үшін өмірін күреспен өткізді. Сол үшін жанын пида етті. 

Досмұхамед КІШІБЕКОВ, 

ҰҒА академигі