Руханият • 22 Мамыр, 2019

«Дүние»-бақтың жемісі

1213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Дүние»-бақтың жемісі
Ерте заманда Ұлы далада билік жүргізген ақылды патшаның қолғанат үш уәзірі болған екен. Бір күні патша үшеуін шақырып алып қолдарына жас шыбықтан тоқылған бір-бір себет ұстатып, сарай бақшасына барып қолдарындағы ыдысқа жеміс-жидек толтырып әкелулерін бұйырады. Бұл істі ешкімнің көмегіне сүйенбей тек өздері атқаруларына әмір етеді. Тосын бұйрыққа таңырқаған уәзір­­лер патшаның мақсатын түсіне алмаған күйі себеттерін арқалап бақшаға қарай беттейді. 

Бірінші уәзір патшасын разы қылмаққа бекініп жемістің ең жақсы уылжып піскенін жинайды. Екінші уәзір «патша жеміс-жидекті өзі үшін тергізіп жатқан жоқ болар, оны тексеріп әуреленіп жатпайды-ау» деп топшылайды да қолына ілінгенді себетке тоғыта береді. Үшінші уәзір «осы жеміс-жидекті патша өзі жейді деймісің?» деп себетке шөп-шалам араласқан сапасыз өнімді толтырып алып келіпті. 

Келесі күні патша үш уәзірді де қолда­рын­дағы себет толы жемістерімен бірге үш айға бөлек-бөлек түрмеге қамауға бұйрық шығара­ды. Оларға сырттан су, тамақ кіргізуге тыйым салады. 

Алғашқы уәзір өзінің терген жемісінің қызығын өзі көріп, үш айды алаңсыз өткізеді. Екінші уәзір қабын ақтарып, жеуге жа­рамдысын әзер тауып қатты қиналады. Үшінші уәзір бір айға жетпей аштан қатқан екен.

Біз бұл мысалдан не түсінеміз: зынданға түскен уәзірлер өздері терген жемісімен күнелт­кені сияқты біз де ертең тәңір алдына бар­ғанда, тіріде нендей сауап жинап, жақ­сылық жасадық, өзіміздің қабымызды немен толтырдық, соған сай ілтипатқа ие боламыз.

Біздің не істеп, не қойып жүргенімізді ортамыз, ата-ана, туыс-туғанымыз, әріптес достарымыз білмеуі мүмкін. Алайда, Алладан жасырын ештеңе жоқ. Жоғарыдағы мысалда келтірілгендей, біз қазір «Дүние» дейтін алып бақтың ішінде жүрміз. Жақсы істер атқарып, жаман әдеттерден қашып, «дүние»-бақтағы игіліктерді теріп алуға толық мүмкіндік бе­рілуде. Пенде баласы, қабыңыздың ішін қалай толтырып жүрсіз, оған да бір қарап қойыңыз!!!