Үкімет • 22 Мамыр, 2019

2018 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 28,3% құрады — ҰЭМ

1137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде шағын және орта бизнестің дамуы мен көрсетілетін қолдау шаралары туралы айтып берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

2018 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 28,3% құрады — ҰЭМ

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаттары – өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты әрі теңгерілімді өсімін қамтамасыз ету, қазіргі және жаңадан құрылатын жұмыс орындарына қолдау көрсету.  

Бағдарлама іске асырылған төрт жылдан бері республикалық бюджеттен 210,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 13 мың ШОБ субъектісін қаржыландыруға, орта есеппен жылына 20 мың кәсіпкерді оқытуға, 10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн теңге сомасына өнім шығаруға мүмкіндік берді. Төленген салықтар сомасы жыл сайын 175 млрд теңгені құрады.

«Жалпы, бағдарлама іске асырылған төрт жылда республикалық және жергілікті бюджеттерден 247,1 млрд теңге көлемінде 13 380 жобаға қолдау көрсетілді», — деп нақтылады ұлттық экономика вице-министрі.

Бөлінген қаражаттың басым бөлігі несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталды (126 млрд теңгесі немесе барлық соманың 60,1%). 53 млрд теңгесі немесе 25,2% фабрикаларға, зауыттарға және ШОБ өндірістік нысандарына жеткіліксіз инфрақұрылымды жүргізуге бағытталды. Қалған бөлігі несиелерді кепілдендіруге, гранттар ұсынуға, кәсіпкерлерді оқытуға және оларға кеңес беру қызметтеріне жұмсалды. Бағдарлама тетіктеріне сұраныс өте жоғары.

Жалпы шаралар нәтижесінде ШОБ-тың экономикадағы маңызы артты. Мәселен, 2015 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 24,9% құраса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 28,3% болды. 2015 жылмен салыстырғанда, шағын және орта кәсіпкерлердің ел экономикасына қатысуы 3,4  пайыздық пунктке жоғарылады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ-тың өнімдер шығару көлемі 26 трлн теңгеден асты. Бұл ретте, өнім шығару құрылымының бестен бір бөлігі өнеркәсіптің үлесіне тиесілі.

Жалпы, 2018 жылы елімізде өндіріс өсімі 2015 жылғы деңгейден нақты мәнінде 114% (немесе 26,5 трлн теңгені) құрады.

Ал 2019 жылы 1 қаңтардағы мәліметтер бойынша, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 млн бірлікті құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 8,3%-ға артты.

Сонымен қатар Ұлттық экономика вице-министрі Е. Алпысов 2019 ж. І тоқсандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму қорытындылары туралы ақпараттандырды. Бұл кезеңде барлығы 715 жобаға қолдау көрсетілді.

Жергілікті атқарушы органдар конкурстық рәсімдер қорытындысы бойынша осы жылдың екінші жартысында гранттар бере бастайды.

2019 жылы 15 инфрақұрылымдық жоба бойынша 7,3 млрд теңге қарастырылған. Жобалар іске асырылу сатысында.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының маңызды бағыты кәсіпкерлік әлеуетті нығайту болып табылады. Бұл бағыт бизнес жүргізу негіздеріне оқыту бойынша жобалар кешенін, шағын және орта бизнес құзыреттерін көтеруді, әлеуетті және өз ісін бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін консультациялық кеңес беруді қамтиды. Кеңес беру кезінде бизнес-жоспарды қалай әзірлеу, салықтарды қалай төлеу, декларацияны қалай тапсыру, банктерге қалай жүгініп, лицензияны қалай тапсыру т.б. керектігі түсіндіріледі.

Осылайша, жыл сайын 20 мыңға жуық кәсіпкер оқытылып, құзыреттері арттырылатын болады, орта есеппен алғанда 154 мың кәсіпкер жыл сайын консультациялық (110 мың) және сервистік (44 мың) қызметтер алатын болады.

Биылғы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша 6 135  тыңдаушы бизнес-мектептерде кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытудан өтті. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 19,5 мың клиентке 36 мыңнан астам кеңес берілді, 7 мың кәсіпкерге 8 мыңға жуық сервистік қызмет көрсетілді.