Руханият • 24 Мамыр, 2019

Толғақты ой мен толымды тағылым

1515 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Түркітану ғылымында қазақ ғалымдарының салған олжасы аз болмаған. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Ғ.Айдаров, М.Томанов, Ә.Құрышжанов, А.Аманжолов, А.Гаркавец сынды ғалымдардың түркітану саласы бойынша жазған ғылыми зерттеулері қалың көпшілікке белгілі. Бұл зерттеулердің ғылыми негізділігі мен қисындық мәнділігі түркітанушы ғалымдар тарапынан жоғары бағаланған-ды.

Толғақты ой мен толымды тағылым
Соңғы жылдары түркітану ғылымы бойынша жазылған күрделі еңбектердің ішінде Берікбай Сағындықұлының «Һи­­­бат-ул Хақайиқ» нұсқаларының (ХІІ ғ.) қолданбалы мәтіні бар. «Ескерткіштің лингвостатистикасы» атты зерттеуінің ор­ны ерекше деп білеміз. Бұл еңбектің бағалы жағы, ең алдымен, «Һибат-ул Хақайиқтың» бірнеше нұсқасын салыс­тыра отырып, мәтіндік тұрғыдан талдауы, статистикалық есептеулер жасап, орфографиялық ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде, дыбыстардың жазылуын­дағы өзгешеліктер мен ерекшеліктерді саралап, бірінші рет мәтіннің алғашқы қалпына келтірілуі дер едік. Зерттеудің алғысөзінде тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық Түркі академиясының прези­денті Дархан Қыдырәлі атап өткен­дей, «Орта ғасырдағы түркі әдебиетінің нұсқаларының ішінде Қараханид дәуі­ріне қатысты аса бағалы ескерткіш Ах­мет Йүгінекидің «Һибат-ул Хақайиқ» («Ақиқат сыйы») атты дастаны сөз өне­рі­н­ің қайталанбас бірегей мұрасы. 

2018 жылы Түркия Республикасының ЮНЕСКО жөніндегі ұлттық комиссиясы­ның қолдауымен ЮНЕСКО шеңберінде бұл шығарманың жариялануының 100 жыл­дығы аталып өткені де есімізде. Халық­аралық Түркі академиясы осы­ған орайластыра отырып, қырық жыл­дан астам уақыттан бері «Ақиқат сы­йын» зерттеп келе жатқан, кешегі атақ­ты түркітанушы Ә.Наджиптен бата ал­ған, «XIV ғасырдағы түркі жазба ескерт­кіштерінің салыстырмалы лексикасы» атты 1977 жылғы кандидаттық диссертациясынан бастап, ұзақ уақыт сарыла зерттеген Б.Сағындықұлының ғы­­лыми- зерттеуінің нәтижесін жариялауы мақ­тарлық іс.

Екі кітаптан тұратын зерттеуде «Ақи­­қат сыйының» алты нұсқасының ішін­дегі ғылыми құндылығы жағынан жоғары, біршама толық деп танылған 3 нұс­қасын алып, ғалым толық сөздігін жасаған, ескерткіштің түркіше-қазақша сөз­дігін, араб-парсы элементтерінің қа­зақ­ша аудармасын бөлек жариялаған.

Б.Сағындықұлы мұны «кейінгі зерт­теу­ші­лер­дің, түркітанумен әуестену­ші­лердің пайдалануына жеңіл болсын»­ деп жазғанын ескертеді. «Ақиқат сыйын­дағы» сөздер мен грамматикалық тұлға­ла­р­дың ескі қыпшақ тіліне, сондай-ақ бүгінгі қазақ тіліне қатысы бар еке­нін тұлғалардың фонетикалық, морфология­лық, семантикалық ерекшеліктерін анық­тау арқылы көз жеткізеді. 

Мәселен, ең алдымен, «Һибат-ул Хақайиқ» тіліндегі сөздердің дыбыстық жа­ғынан тұлғалануы жағынан қазіргі қазақ тілінде белсенді қолданылып жүр­ген сөздермен айна-қатесіз ұқсас екені анықталған. Мысалы, түбір сөздер: ат, ата, ана, ара, аз, атан , ал , күн, түн, мең, өз, бер, сөз, көп, кең, тар, оқ, ол, от, он, де, мал, қол, қарын, т.б. Қосым­шалы сөздер – алды, қалды, қалып, қыл­ды, қайта­­­рылмас, малы, малсыз, малға, оқы­са, байлық, болғай, толды, тоны, сы­наған, соңы т.б. 

Сондай-ақ ескерткіште қазақ тілінің ерекшелігіне жатпайтын ш-с, й-ж, д-й, ч-ш, ғ-у, м-н т.б. дыбыстардың сәйкес­тігі­ арқылы жасалған сөздер де молынан ұшырасады. Мұндай дыбыстық сәй­кес­тіктерді тілдің даму үдерісіндегі табиғи даму деп түсіндірген абзал. Профессор Әмір Наджип еңбектеріне сүйенсек, дыбыстық әртүрлілікті ға­лым сол кезде жазба тілде болған диа­­лектілердің ізі ретінде немесе әр ға­сырда көшірмешілердің қаламынан кет­кен ерекшеліктер болуы мүмкін деген пікір айтады. Қалай болғанда да, ғы­лыми мұрат «Һибат-ул Хақайиқ» ес­керт­кішінің ғылыми сипаты мен ерек­ше­лігін дұрыс анықтау, оның кімге, қай түркі халқына жақындығын емес, ес­керт­кіштің болашаққа берерін, ұлттық код­қа негізделуін, түркілік танымды зерде­леудегі орны мен маңызын көрсету. 

Осы тұрғыда Б.Сағындықұлы ескерт­кіш­­тің А, Ә, Б нұсқаларының транскрипциясын және оның сөзбе-сөз аудармасын ұсынады. Аудармадан білімге қатысты мысал ұсынайық:

81. А нұсқасынан. Билигдин урурман сөзүмга ула.

Ә нұсқасынан. Билигтин айурман сөзүмга ула.

Б. Сағындықұлы аудармасы. Білімнен қалаймын сөзіме іргетас. 

Одан әрі Ахмет Йүгінекиден қалған асыл мұраның Б нұсқасының сөзбе-сөз аудармасын жасап, өзге нұсқалардан тексто­логиялық айырмашылықтарын анық­таудың үлкен ғылыми және тәжіри­белік маңызы бар деп есептейміз. Осы­ нұсқаның мағыналық аудармасын жасауда да, ғалым қаламының қарым­ды­лығын, аударманың сәтті жасалғанын кө­руге болады: 

141. Ақылсыз ердің тілі – өз басының дұшпаны.

142. Талай ердің қаны тілінен төгілді. 

143. Көп сөйлеген – көп өкінеді. 

149. Тіліңді бақ, аз сөйле. 

150. Тіліңді бақсаң, өзің аман бола­сың. 
157. Сөзі жалған адамнан тез қаш. 

159. Тіл мен жақтың көркі – шын сөз. 

Әр сөзі алтынға бергісіз ұлағатқа толы көне мұраның ішінде кездесетін түр­кі-қазақ, араб-парсы сөздерінің бөлек тал­данып берілуі еңбектің маңызын арттыра түседі. 

Зерттеу еңбекте алғаш рет Б нұсқасы­­­ның әліпби тәртібіне түсірілген сөздік мәтіні жасалған. Яғни, еңбекте кез­десетін әр сөз жеке талданып, оның мәтіндегі мысалы беріледі. Біз­дің­ше, мұндай күрделі ғылыми жұ­мыс түр­кітану ғылы­­­мында бұрын жасал­ма­­ған еді. Яғни, бола­шақ зерттеуші үшін, ескерткіш тілін­дегі сөз­дердің мә­тіндегі негізгі мағы­насы мен ауыс­палы мағынасын, метафоралық мәнін, сөздің қанша рет қайталанатынын саралау­да толық материал дайындалды деген сөз. Сөз қол­данысының стилистикалық ерек­ше­ліктерін анықтауда да, атаулардың мағы­наларының дамуы мен тарылуын саралауда да, ғылыми жұмыстар жазуға кеңінен жол ашылады. 

Ғалымның ескерткіштің үш қолжаз­басын қатар өрбіте зерделеп, олардың жеке-жеке транскрипциясын жасап, мәтін­дерді салыстыра зерделеп, ондағы дыбыстық, сөздік ерекшеліктерді астын сыза отырып көрсетуі – қажырлы еңбек­тің ғана жемісі екені анық. Ал «Һибат-ул Ха­қайиқта» кездесетін кісі есім­­дері мен географиялық атаулар­дың жеке тізім­мен берілуі, ескілік ұғымда­рының түсінік­терінің көрсетілуі – оқыр­ман­ның таным-түсі­нігін тереңдете түсері даусыз. 

Е­ңбектің екінші кітабында профессор Б.Сағындықұлы ескерткіш қолжазба­ларының мәтіндік айырмасын анықтап, олар­дың орфографиялық айырмаларын барынша терең зерделейді. Ғалымның ғылыми-зерттеулерде бұл ескерткіштің атауы екі түрлі аталып жүргеніне ерекше мән беріп, оның мәнісін түсіндіруі де ғылыми көпшілік пен оқырманға ой салары анық. «Һибат-ул Хақайиқтың» («Ақи­қат сыйы») қалайша «Атибат-ул Хақайық» («Шындық қақпасы») аталып кет­кенін ғалым өзінше түсіндіріп, толымды да нақты ғылыми деректермен дәлел­дей отырып, дұрысы «Һибат-ул Хақайиқ» болатынын талдай жеткізеді. 

«Һибат-ул Хақайиқтың» тілдік ерек­шеліктерін Махмут Қашқаридың «Диуану луғат-ат түрк» еңбегі мен Йүсүп Бала­сағунидың «Құтадғу билигімен» салыс­тыра отырып, олардың идеялық маз­мұны мен тілдік жақындығын нақты деректермен көрсетеді. 

Ғалым көшірмелерде кеткен қате­лік­терді түзету, автордың әуел­гі сөз қолданысын қайта қалпына кел­ті­ру үшін, статистикалық тәсілді қолдан­ғанын ескертеді. Яғни, сөздер мен сөз­­ қолданыстарын, грамматикалық фор­­­ма­лардың қанша рет және қа­лай­ кез­­десетінін саралай отырып, ав­тор­­лық қолданыстың ерекшелігін дә­лел­­­дей келе оны бұрынғы қалпына келтір­­ген. Біздіңше, мұндай шешуі аса мұ­қияттылық пен қажырлылықты та­­лап ететін жұмысты орындауда, Б.Сағын­­­дық­ұлының көне түркі жазба ескерт­кіште­рінің әдеби нормаларын ескергені де байқалады. 

Ғалым зерттеу еңбегінде текстология ғылымының қазіргі жетістіктерін, со­ның ішінде тарихи мәтіндермен жұ­мыс істеуде, оның бастапқы мәтінін қал­пына келтіруде қолданатын әдіс-тәсіл­дерді жетік пайдалана отырып, орта ғасырдың інжу-маржаны саналатын Ахмет Йүгінекидің «Һибат-ул Хақайиқ» («Ақиқат сыйы») атты дастанының бастапқы сипатын қалпына келтірген. Көшірмеден кеткен кемшіліктердің себебін анықтап, орфографиялық жазу­дағы өзгерістердің тарихи себебін аш­қан.

Ғалымның бұған дейін көп ғалым­дардың қолы бара қоймаған, ғылымда өз зерттеушілерін күтіп жатқан Хорезмидің «Мухаббатнамесін», Қутбаның «Хусрау уа Шырынын», Сейф Сарайидың «Гулистан бит-туркиін» зерттеп, онда­ғы сөздерді салыстыра зерттегенін, ұқ­сас­т­ықтары мен айырмашылығын саралап, араб-парсы тілінен енген сөздерді анық­тағанын мақтанышпен айтамыз. Орта ғасыр мұраларын «қазақ тіліне жақын саналатын қыпшақ-оғыз аралас тілінде жазылған. Осы заманғы түркологтардың анықтауы бойынша, бұл жазба әдеби тілдің диалектілік негізі – ескі қыпшақ тілі», дей отыра, ескі қыпшақ тілі мен жаңа қыпшақ тілін бір-бірінен бөліп қарау­ға болмайтынын ерекше ескерткен. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Сағындықұлы төрт ғылыми бағыт бойынша қырық жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Ең алдымен, оның түркологияның сан-салалы ғылыми-теориялық мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтуге болады. Бұл бағытта ғалым аталған докторлық диссертациясында ірі-ірі жаңалықтар ашты. Бұлар кезінде ғылыми талқылауларда, баспасөз беттерінде тиісті бағасын алды. Ғалым бұл бағытта сегіз ғылым кандидатын даярлады. Олардың арасында ұстазының теориялық концепцияларын дамытып, докторлық диссертация жазғандар да бар. 

Ғалымның өз өмірі мен бүкіл шы­ғар­­машылық мүмкіндігін жұмсаған екін­ші бір бағыты – орта ғасыр ескерт­­­кіштерінің транскрипциясын, аудармасын, түсіндірмелі, алфавитті, кері ал­фавитті жиілік сөздіктерін шығарып, олар­дың шын мәнінде ғылыми айна­лымға қосылуына атсалысуы деп біле­міз. Ескерткіштерді түпнұсқадан оқып, олар­дың лингвистикалық тұрғыдан дәлме-дәл аудармасын жасау, әрбір сөздің ма­ғынасын ашып, сөздік құрастыру кез келгеннің қолынан келетін әрі оп-оңай атқарыла салатын шаруа емес. Себебі, түпнұсқадан оқу сол саланы жете меңгерумен бірге, теориялық дайын­дықты, мәтін теориясы мен мәтін­танушылық біліктілікті, тағы басқа сапаларды қажет етеді.

Профессор Б.Сағындықұлының ғы­­лым­да маңдай терін төгіп, талмай алып келе жатқан үшінші бағыты – тіл­дің лексикологиялық саласына­ орай қа­лып­тасқан. Лексикология пә­ні­нен универ­ситетке келгеннен­ бе­рі дәріс оқиды, се­ми­нар және тә­­­жі­­ри­белік сабақтарды жүргізеді. Көп­ жылғы ұстаздық тәжі­рибесіне сүйе­ніп, аудиторияның атмосферасын жіті түсінуі арқасында, жоғары оқу орынд­арының үш сатылы білім беру жүйе­сіне көшуіне орай, оқытудың жаңа құры­лымына сәйкес, лексикологияның жаңа бағдарламасын жасады. 

Ғалымның жемісті еңбек етіп келе жат­қ­ан төртінші бағыты теология сала­сындағы еңбектерге байланысты қа­лып­тасқан. Бойына қанмен сіңген, тәр­­­биемен келген имандылық тарихи ең­­бектермен танысу барысында жаңа ғы­­лыми негіздермен байи түскен. Әсі­ресе, ғалымның жан-дүниесіне Раб­ғузи­дің «Қиссас-ул анбийа» еңбегі көп ой салғаны байқалады. Рабғузидің атал­ған еңбегін оқып, өз тарапынан зерделеп, жан-тәнімен түсініп барып жазған «Ға­ламның ғажайып сырлары» атты діни-танымдық зерттеуі – оқырмандар өте жылы қабылдаған, көпшіліктің аузын­да жүрген еңбек. Осы кітапта Раб­ғузи еңбегіндегі идеялар, діни сенім мен пікірлердің түпкі сыры жан-жақты ашыл­­ған. Тілдің тарихын жете білуі ға­лымға осы бағытта да жемісті еңбек етуге көмектескені байқалады.

Профессор Б.Сағындықұлы Ахмет Йүгіне­кидің «Һибат-ул Хақайиқ» («Ақи­қат сыйы») атты дастанының 3 нұс­қасын саралап, олардың қолданбалы мәтінін жасау сынды іргелі іске үлкен ғылыми дайындықпен келгендігін көрсетеді. 


Анар САЛҚЫНБАЙ, 

филология ғылымдарының докторы, профессор