Спорт • 27 Мамыр, 2019

Мықтылар Манчестерде айқасты

1103 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда ғана Англияның Манчестер қаласында таэквондодан әлем чемпионаты аяқталғаны мәлім. Бас-аяғы бес тәулікке созылған ерлер мен әйелдер арасындағы бәсекелер барысында 16 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Тұманды Альбион елінде алғаш рет ұйымдастырылған айтулы жарысқа жер жаһан жанкүйерлерінің назары ауды. Өйткені 2020 жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарына қай команданың қандай даярлықпен келетінін дәл осы байрақты бәсеке барысында анық аңғаруға болады.

Мықтылар Манчестерде айқасты

Таэквондо Қазақстанға тоқсаныншы жылдардың басында келгені баршаға мәлім. Елімізде бұл өнердің ірге­тасын қалаған әйгілі Мұс­тафа Өз­түрік еді. Гер­манияда ту­ып-өскен қан­да­сымыздың Алаш топы­рағына табаны ти­ген бетте қазақтың та­ғы бір апталдай азаматы Бек­сейіт Түлкиевпен бірге спорт­тың осы түрін дамы­ту үшін қыруар іс тын­дыр­ды. Нәтижесінде, респуб­ли­­камыздың әр өңірін­де үйір­­­мелер ашылып, жат­тығу залына асыққан жас­тар­дың қатары күн өткен сайын көбейе түсті. Ал ма­мандардың біліктілігі ар­тып, спортшылардың шебер­ліктері шындалғаннан соң жерлестеріміз дүбірлі дода­ларға қатыса бастады.

Қазақстан таэквондо федерациясын 15 жылға жуық уақыт басқарып, бұл күндері сол ұйымның құрметті пре­зиденті атанып отырған Шам­­­сат Исабеков мырза сол кез­дер­ді былай деп еске алды:

– Бексейіт ме­­нің жақын досым еді. Екеу­­міз жақсы араластық, сый­ластық. Ол шәкірттерін баптап жүргенде жатты­ғуына, жарыстарға жиі ба­ра­тынмын. Шыны керек, алғашқы кезде таэквондоға аса қызықпадым. Ал Бек­сейіт оның қыр-сырын тү­сіндіруден еш жалыққан жоқ. Бұл өнердің астарында үлкен пәлсапа барын, оның болашағы жарқын екенін жиі айтатын. Бірте-бірте қы­зығушылығым оянды. Таэк­вонданы жақсы түсініп, ұната бастадым. Бексейіт бірер жыл республикалық федерацияны басқарды. Біраз шаруа тын­дырып, бұл спорттың кө­се­гесін көгер­ту үшін еш аян­ған жоқ. Қазақстан таэк­вон­досын әлемдік аренаға шы­ғарамын деп жанталасты. Алай­да, сұм ажал Бексейітті 1998 жылы арамыздан жұлып әкетті. Арыстай азаматтың қа­засы бізге ауыр тиді. Ара­да бірер ай өткеннен кейін осы саланың басы-қа­сында жүр­ген азаматтар таэквондо фе­дерациясының тізгінін ұстау жөнінде маған ұсыныс білдірді. Алға­шында: «Мен бұл спорттың маманы емеспін ғой», – деп тартынғаным рас. Бір жағынан досымның ісін аяқсыз қалдырғым кел­меді. Содан осы қызметке кіріс­кеннен кейін бір нәтиже шығаруды мақсат тұттым. Әлі есімде 1998 жылы Оң­түстік Кореяда таэквондо фестивалі өтті. Бұл ме­нің федерация басшы ре­тінде алғаш рет шетелге шығуым еді. Жарыс жолына шыққан Қазақстанның қос спортшысы – Беккелді Қалы­беков пен Алмас Қапез қо­ла медальға қол жеткізді. Сол жылы Бангкокта алауы тұтанған жазғы Азия ойын­­дарында Әнуарбек Аман­құлов пен Әділбек Са­ғындықов қола жүлдені олжалады. Міне, Қазақстан таэквон­до­шыларының бай­рақты бәсе­келердегі тыр­нақалды табыстары осындай еді.

Иә, сары құрлықта жүл­де алатындай деңгейде жет­кеннен кейін әлем чемпио­натында табысқа жетуді мақсат тұттық. 1999 жылы Эдмонтонда өткен әлем чемпионатында 84 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Әділхан Сағындықов үшінші орынға табан тіреп, Алаш жұртына алғаш рет медальдің сыңғырын естіртті.

2003 жылы Германияның Гармиш қаласында Лия Нұр­кина (67 кило) асқан шеберлік танытып, жүлде­герлер санатынан көрінді. 2007 жылы Бейжіңде үш қола медальді иеленген ұлттық құрама командасы барша қазақстандық жанкүйерлерге қуаныш пен шаттық сыйлады. Ол жүлденің иегерлері – Нәзгүл Тәжіғұлова (51 кило), Аслан Батықұлов (54 кило) және Арман Шылманов (84 кило). 2009 жылы Копен­гагендегі дүниежүзілік додада аса ауыр салмақта ай­қасқан Арман Шылманов екінші мәрте қолаға қол созды.

Одан кейінгі әлем чем­­пио­наттары 2011 жы­лы Оң­түстік Кореяда, 2013 жы­лы Мек­сикада ж­әне 2015 жылы Ре­сейде ұйым­дастырылды. Өкі­нішке қарай өзге елдің өрендері түрлі-түсті медаль­дарды молынан алып жат­қанда, жерлестеріміз сол бәсе­келердің барлығынан құралақан оралды.

2017 жылғы жарыс Оң­түстік Кореяның Муд­жу қала­сында өтті. 176 мем­ле­кет­тің өрендері күш сынас­қан додада 74 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Қайрат Сарымсақов қола медальді мойына ілді.

Жуырда ғана Ман­чес­терде өткен айтулы додада Қазақ елі намысын мына таэквон­­дошылар қорғады:

Ерлер – Самат Темірхан (54 кило), Елдос Ысқақ         (58 ки­­­ло), Елдар Бірімбай              (63 ки­ло), Нұрсұлтан Ма­маев (68 кило), Қайрат Са­рым­сақов (74 кило), Нұрлан Мыр­забаев (80 кило), Сма­йыл Дүйсебай (87 кило) жә­не Руслан Жапаров

(+87 ки­ло).

Әйелдер – Айнұр Лаш­бай (46 кило), Айнұр Есбер­генова (49 кило), Фариза Алдоң­ғарова (53 кило), Бо­та­көз Қопанова (57 кило), Фа­ти­ма Жақсыбаева (62 ки­ло), Ақсәу­ле Ерқасымова (67 кило), Жансел Дениз (73 ки­ло) және Мереке Жүнісова (+73 кило).

Отандық даян шеберлері арасынан тек Қайрат Са­рым­­сақовтың ғана же­ңіс тұғырына көтерілуге қа­рым-қабілеті мен күш-жі­гері жетті. 74 кило сал­мақ дәре­жесінде өнер көрсет­кен қандасымыздың тек Олим­пиада чемпионы, әлем чемпионаты мен Азия ойын­дары және Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы деген дардай атақтары бар Иорданияның өкілі Ахмад Әбугаушқа ғана әлі жетпеді. Өзге қарсыластарының бар­­­лығын ол жақсы ұтты. Сөй­тіп Қайрат өзінің осы­дан екі жыл бұрынғы нә­тижесін қайталап, дү­ние­жү­зілік доданың қола жүл­дегері атанды. Сонымен қатар 87 кило салмақтағы Смайыл Дүйсебайдың да жүлдегерлер қатарынан кө­рінуге тамаша мүмкіндігі болды. Алайда, шешуші тұста өз бәсекелесіне есе жіберген қазақ спортшысы бесінші орында қалып қойды.

Сөйтіп әлем чемпио­нат­тарында Қазақстан құ­ра­масы жеті жүлде алды. Олар­дың барлығы да – қола. 2008 жылы Бей­жің­де алауы тұтанған Олим­пиадада Арман Шыл­ма­нов­тың үшін­ші орынға табан тірегені де есімізде. Әзір­ге бар табы­сымыз осы ғана. Қазіргі кезде елі­мізде осы спорт түрі­нің да­­муына барынша жағдай жа­салуда. Олай болса, ке­ле­сі жылы Токиода өте­тін Олимпия ойындары мен одан кейінгі әлемдік до­даларда отандастарымыз бұрын­ғыдан да мол олжаға кенеледі деп үміттенеміз.