Руханият • 27 Мамыр, 2019

Бас жүлдеге бергісіз жеңіс

1193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кезінде қай­таланбас үнімен Париж халқын таңдай қақтырған Әміре Қашаубаев құбылысы араға тура ғасыр уақыт салып Димаштың дара дауысы, Ержанның ерек үні болып ортамызға қайта оралғандай.

Бас жүлдеге  бергісіз жеңіс

Осыдан екі жыл бұрын Қы­­тайдың «I am a singer» жобасы арқылы теңдес­­сіз та­лантымен Ди­­маш Құдай­бер­ген жаһан назарын жауласа, кү­ні кеше ресейлік «Голос. Де­ти» байқауы және бір жас да­рынның жұлдызын жағып, қазақ атын әлемге мәшһүр ет­ті. Ол – Ержан Мак­сим фено­ме­ні.

1925 жылы Парижде өткен дү­ние­жүлік этнографиялық көр­меде шыңылтыр үннің шексіз мүмкіндігін көр­сетіп, Еуропаның тал­ғампаз тыңдарманын бас игіз­ген Әміре феномені ән са­лып шы­ны стақанды шы­ты­натқан Ер­жан Максим дауы­сы арқылы төрткүл дү­ние тың­дарманын тағы бір мәрте дүр сілкінтті.

Он бір жасар оралдық өреннің өне­рін жоба бастал­ғалы жіті бақы­лап, жанкүйер бол­ған тыңдарман қауым бай­қау соңына дейін тақым қысып, демін ішіне тарта жас та­­­ланттың жеңім­паз бо­лу сәтін асы­ға күткені рас. Өйт­кені көмбе сы­­зығын бі­рінші болып кесеріне жер­­лес жанкүйерлері ғана емес, Алла Пугачева, Игорь Крутой, Валерий Ме­­­­­­ладзе, Максим Галкин бастаған Ре­сей­дің белгілі музыка мамандары да сенімді болған. Әйтсе де байқау болған соң күт­кен нәтиженің барлығы бірдей әділетті болып, ақи­қатқа айнала бермейтінін «Голос. Дети» жобасы және бір мәрте дәлелдеп берді.

2019  жылдың  26  сәуірінде жа­рия­­ланған ақтық финал қоры­тын­дысы, яғни телефон арқылы жал­пыхалықтық дауыс беру нәти­жесі көп­тің на­ра­зылығын тудырды. Ресейлік за­ман­­­­­­­­­дасы Ми­келла Аб­ра­мовадан ке­йін­гі 2-орын тұ­­­ғы­­рынан көрінген Ер­жанның же­­­ңі­сі жанкүйерлер мен музыка­ ма­­ман­дарының көңілінен шық­па­ды. Әлеуметтік желі ар­­қылы үн­­­деу жолдаған Ре­сейдің белгілі эстрада ән­­шілері байқаудың әді­лет­ті өткеніне көз жеткізу үшін қо­ры­тын­ды нәтижені жоба ұйымдас­ты­рушыларынан қай­­­та қарап, тек­серуін талап етті. Көптің талабы ес­кеу­сіз қал­май, байқау нә­­­ти­жесі қай­та қаралып, дауыс бе­рудегі олқылықтар анықталды. Нә­ти­жесінде, жоба тарихында тұң­­­­ғыш рет ақтық финал екінші рет өткізілетін болып шешім қа­былданды. Сөйтіп 24 мамырда қо­ры­тынды гала-концерт қайта ұйымдастырылып, ақтық финалға шыққан бар­лық өнерпазға бірдей 1 миллион рубль кө­леміндегі сыйлық пен арнайы диплом табыс етілді.

Иә, бұл жолы Гран-при болмады. Байқау ақтық фи­налға шыққан барлық қа­ты­сушыны жеңімпаз деп таныды. Сөз соңында жоба ұйым­­­дас­­ты­рушылары Ержан Мак­­симге қарата мұн­дай ол­қы­лықтың алда­­ғы бай­қау­ларда орын алуына жол бер­мей­­тіндіктерін айтып, көп­шілік қа­уым алдында уәде берді.

«Бірінші арнаның» бас директоры Константин Эрнстің өзі қазақ­стандық әншіге: «Ержан, Бірінші арнада ештеңе сатылмайтынын бі­ле­сің енді» деп айтқанының өзі қазақ өре­­­ніне деген ерекше құрмет, та­лан­тын баға­лағандық болып табылады.

Ал жас әншінің өзі болса: «Менің бұл байқауда бас жүлде ал­мағаным дұрыс та болған се­кілді. Егер же­ңім­паз болсам, бар­лығы құт­тықтап қа­на қоя салар ма еді. Ал Гран-при­ емес, 2-орын алуым қоғамда үл­кен резонанс ту­дырып, көптеген му­зы­ка ма­ман­­­­ының, жалпы тыңдар­мандардың назарын аударды. Жоба қоры­тындысы қайта қа­рал­ды. Дәл мұн­дай сілкініс болады деп тіпті де ойламаған едім.­ Бірақ, байқау нәти­жесіне, жас өнерпаздардың талантына деген музыка мамандарының жан­ашыр­лығы балалар бай­қауында әді­леттіліктің бар екенін көр­сетіп берді. Ме­німен бір­ге ақтық фи­нал­ға өткен дос­тарымның бә­рін жеңімпаз деп санаймын. Олар­дың бар­лығы бір­дей мықты, та­лант­ты. Мен үшін жеңіс емес, тың­­дар­мандардың менің өне­­ріме осы­­лай жанкүйер бо­луынан ар­тық баға жоқ», дейді.

Міне, осылайша қазақтың қа­ра ба­ласының теңдессіз таланты байқау тарихында тұңғыш рет Ре­сейдегі ең ауқымды да беделді жо­баның нә­тижесін өзгертіп, өнер әле­мінде шын мәнінде сілкініс тудыра алды. Ал бұл – сөзсіз бас жүлдеге бергісіз жеңіс!