Президент • 27 Мамыр, 2019

Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін іс-шаралардың аңдатпасы

823 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін іс-шаралардың аңдатпасы

Биыл 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысы өтеді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.Пашинян қатысады.

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет басшысы ретінде Молдова Республикасының Президенті И.Додон және құрметті қонақ ретінде Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон қатысады деп күтілуде.

Жиында мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ жұмысының өзекті мәселелерін және одан әрі дамудың перспективаларын, соның ішінде цифрлық күн тәртібі мен Одақтың халықаралық қызметінің негізгі бағыттарының жүзеге асырылуын қарастырады. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттарын талқылайды.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының – Жоғары Еуразия экономикалық кеңесі мүшелерінің Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай бірлескен мәлімдемесі қабылданады, сондай-ақ, бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойылады деп жоспарлануда.