Парламент • 27 Мамыр, 2019

Парламент Сенатының Төрағасы Беларусь елшісін қабылдады

1011 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дариға Назарбаева Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшісі Анатолий Ничкасовты оның өтініші бойынша қабылдады.

Парламент Сенатының Төрағасы Беларусь елшісін қабылдады

Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, парламентаралық үнқатысудың маңызды рөлін атап өтті.

Д.Назарбаева екі ел депутаттарының нәтижелі қызметін, атап айтқанда, инновация саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кіші комиссияның жұмысын атап өтті. «Сәуір айында біздің сенаторлар Минскіде болып, кіші комиссияның бірінші отырысын өткізді және ақпараттық технологиялар паркінде көрсетілген жетістіктерді тамашалады. Осы саладағы ынтымақтастықты Нұр-Сұлтандағы ЭКСПО алаңында тереңдету қажет», - деді Сенат басшысы.

Парламенттің жоғарғы Палатасының төрағасы сондай-ақ тауар айналымы мен технологиялар трансфертін арттыруға бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспары аясындағы жұмысқа қарқын беруді ұсынды. Д.Назарбаеваның пікірінше, «әзірге бұл бағыттағы жұмыс тек қағаз жүзінде жүргізіліп келеді».

Кездесу барысында 29 мамыр күні Нұр-Сұлтанда өтетін ЕАЭО мерейтойлық саммитінің маңызы атап өтілді. Саммит Еуразиялық ықпалдастықты дамытуда және елдер арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуде маңызды шара болады. «Қысқа уақыт ішінде ауқымды жұмыстар жасалды, іс-қимыл аясы белгіленді, ал ең бастысы – ынтымақтастықты дамыту мен нығайту жөніндегі саяси ерік-жігер бар. Экономикалық мүдделер ықпалдастық үдерістердің басты қозғаушы күші болуы тиіс», - деді Сенат Төрағасы. Ол экономикалық ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын, оның ішінде көлік-логистика саласын атап өтті.

«Біз қазақстандық инвесторларды күтеміз», - деді Беларусь Елшісі. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы айта келіп А. Ничкасов халықаралық «Славянский базар» өнер фестиваліне дайындық туралы хабардар етіп, Д.Назарбаеваны өнер мерекесіне құрметті қонақ ретінде шақырды.