Саясат • 28 Мамыр, 2019

Кәсіптік-техникалық даярлау жүйесі сапалы білім мен кадрлардың жұмысқа орналасуына кепілдік беруі тиіс – А. Мамин

1032 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесін одан әрі дамытудың перспективалары қаралып, тәсілдері мақұлданды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіптік-техникалық даярлау жүйесі сапалы білім мен кадрлардың жұмысқа орналасуына кепілдік беруі тиіс – А. Мамин

Қазақстанда 821 колледж бар, оның ішінде 479 – мемлекеттік, 342 – жекеменшік. Бүгінде колледждерде барлығы 488 мыңнан астам адам оқиды, оның ішінде 199 мыңы - «Баршаға арналған ТжКБ» жобасы бойынша оқиды. Жұмысшы мамандықтары бойынша білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ҚР Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері баяндады.

Мәселені қарау барысында, сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы А. Есімов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары О. Ордабаев, колледждерді сенімді басқаруда тәжірибесі бар ЖОО-лар мен бизнес өкілдері баяндама жасады.

ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин техникалық кәсіптік білім беру жүйесінде сапалы білімді, сұранысқа ие мамандықтарды және жұмысқа орналасу кепілдігін алуға жағдайлар жасау қажеттігін атап өтті. Бұл жаһандық еңбек нарығының өзгеруімен және экономика салалары үшін, оның ішінде жаппай цифрландыру үшін сапалы кадрлар даярлаудың әлемдік беталыстарының пайда болуымен байланысты.

Кадрларды даярлау заман талабына сай болуы қажет. Асқар Мамин кәсіптік-техникалық даярлау жүйесін жаңғыртуда барлық әлеуметтік-экономикалық факторларды, оның ішінде оқу мекемелерінің аумақтық қолжетімділігін, көпбейінділігі мен тиімділігін, түлектердің сұранысқа ие болуын ескеру керектігін атап өтті.

ҚР Премьер-Министрі жобалық кеңсе құрып, колледждерді сенімгерлік басқаруға қызығушылық танытқан бизнес-қауымдастықпен және ЖОО-мен әріптестіктің нақты механизмдерін әзірлеуді тапсырды. Отандық экономикамыздың ірі компания көшбасшылары өз сенімгерлік басқаруына шамамен 150 колледжді, университеттер - 50-ге жуық колледжді ала алады.  

ҚР Үкіметінің басшысы атап өткендей, дуальды оқытуды енгізу мен кеңейту бойынша жұмысты күшейту мақсатында кәсіпорындар колледж базасында орталықтар аша алады. Бұл колледждердің жұмысын жұмыс берушінің сұранысына жақындатып, түлектерге жұмысқа орналасуға кепілдік бола алады. Бұл бағытта табысты тәжірибелер бар, «Қазақмыс» корпорациясы Сәтпаев қаласындағы тау ісі технологиялық колледжінде, Балқаш қаласындағы политехникалық колледжінде осындай орталықтар ашты.

«Елбасының неғұрлым талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және мамандар дайындаудың халықаралық тәжірибесін енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру қажет», - деп атап өтті А. Мамин. Бұл мақсатта осы жылдың соңына дейін кәсіптік стандарттарды әзірлеуді аяқтау, сондай-ақ, кәсіби біліктілік процесін заңнамалық реттеу бойынша ұсыныстарды енгізу тапсырылды.

ҚР Үкіметінің басшысы облыс әкімдіктерінің назарын WorldSkills халықаралық жобасына қатысу және жұмыстық құзыреттерін дамыту үшін өңірлерде осы қозғалысқа қатысу үшін барлық жағдайларды жасау қажеттігіне аударды. Қосымша тетік мектептен тыс ұйымдар бола алады, онда қазіргі талаптарды ескерумен, мысалы, бағдарламалауда, мобильді қосымшалар мен өз жобаларын жасауда балалардың дағдылары қалыптастырылады.

Мәселені қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин кадрларға қажеттілікті болжамдау, колледждер мен білім беру бағдарламаларын жаңғырту, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруды жетілдіру бойынша шараларды әзірлеуді тапсырды.

«Әрбір адам өзінің сұранысқа ие мамандық алғанына және кейін жұмысқа орналаса алатынына сенімді болуы керек», - деді А. Мамин.