Қазақстан • 28 Мамыр, 2019

Шығыс Қазақстан облысының әскери қызметшісі менингитпен ауруханаға жатқызылды

1023 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

19 жасар әскери қызметші Дамир Зекен менингит диагнозымен Алматы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Бұл туралы аталған аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысының әскери қызметшісі менингитпен ауруханаға жатқызылды

Дамир Зекеннің анасы Зәуре Қарамурзинаның айтуынша, ұлы оған бірнеше күн бұрын қоңырау шалып, денсаулығының нашарлағанын айтқан.

«24 мамыр күні Дамир Шығыс Қазақстан облысында орналасқан №2086 әскери бөлімінің госпиталіне қоңырау шалып, бас ауруына шағымданды. 25 мамырда оны әскери госпитальге жатқызды. Жағдайы нашарлаған соң,  ұлымды Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына жіберді», деді Зәуре Қарамурзина.

Алматы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының кезекші дәрігер-реаниматологы Руслан Кибашевтің айтуынша, науқасқа қазір менингит диагнозы қойылған.

«Дамир Зекен әскери госпитальден келіп түсті. Науқасқа менингит, менингококцемия диагнозы қойылып отыр. Оның қазір жағдайы ауыр. Бізге келіп түскенде оның ДВС-синдромы, қан ұюының бұзылуы болды. Ол кешенді ем алады», деп түсіндірді кезекші дәрігер-реаниматолог.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин ШҚО әскери қызметшісі Дамир Зекеннің ауруханаға жатқызылғанын растады.

«Оған менингококты менингит деген диагноз қойылды», деді Жандарбек Бекшин.

Еске сала кетейік, 27 мамыр күні өткен баспасөз мәслихатында еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда менингококк жұқпасының жағдайы тұрақты екенін атап өтті. 2019 жылдың басынан бері менингококк жұқпасының 22 жағдайы тіркелген. Стационарлық емделуде қазір ШҚО, БҚО, Ақмола және Алматы облыстарынан бес науқас бар. Менингококты инфекцияға күдікті стационарларда екі науқас тіркелген. Науқастардың жағдайы тұрақты.