Сұхбат • 29 Мамыр, 2019

Елордада этнофестиваль өтеді

1034 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуықта Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесіп елордада «Nur-Sultan Ethno Fest» атты этнофестиваль мерекесін өткізбекші. Этноспорт және ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отырған шара туралы кеңірек білу үшін Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбаймен сұхбаттасқан едік.

Елордада этнофестиваль өтеді

– Рахат мырза, «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі қайда өтеді және көрер­мен назарына қандай шара ұсы­ныл­мақ?

– «Nur-Sultan Ethno Fest» этнофес­тивалі елордадағы «Хан Шатыр» кешені маңында алдағы 31 мамыр мен 2 мау­сым аралығында өтеді. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараны елордалықтар мен қала қонақтары тамашалай алады. Ал көрермен назарына ұсынылатын қызықтарға тоқталсақ, балаларға арналған этноаттракционда ұлттық ойын түрлері өткізіліп, қатысу­шыларға сыйлық үлестіріледі. Екін­ші­ден, фестиваль аясында жамбы атудан әлем чемпионаты және дәстүрлі садақ атудан республикалық турнир өтпекші. Бұдан бөлек этнофестиваль көрермендері аударыспақ, садақ ату, арқан тарту, серке көтеру, найза лақтыру, асық ату сияқты көптеген ұлттық ойындар жарысында бақ сынап, сыйлық алатын мүмкіндік қарастырылған. Оның сыртында ата-аналар балаларымен бірге қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалап, атпен серуендеп, бала күрес, аударыспақ, асық ату, ләңгі тебу, қаппен секіру секілді жарыстарға қатыса алады.

Арнайы жасақталған этно­қалашықта ұлттық қолөнер бұйым­да­рын саудалайтын орындар, ұлттық ойындардан сайыс өтетін спорттық алаңдар және ұлттық жиһаздармен жабдықталған киіз үйлер орналасады.

– Жамбы атудан өтетін әлем чемпио­­наты туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Осыған дейін елорда төрінде жамбы атудан «Алтын жебе» бәсекесі өткізілген еді. Оған Венгрия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Малайзия, Түркия, Моңғолия, Ресей, Румыния, Польша, т.б. елдер­дің мергендері қатысқан болатын. «Алтын жебе» турнирінің бас жүлдесін Михай Козмей есімді румыниялық сұр­мер­ген екі жыл қатарынан ұтқаны белгілі.

Бұл реткі мергендер сайысында Оң­түс­тік Африка, Оңтүстік Корея, Ресей, Румыния, Түркия, Вен­­грия және т.б. мем­­лекеттердің мер­­ген­де­рі бақ сы­найды. Жа­рыс­қа қа­тысушы әрбір елден екі спорт­шыдан, ұйым­­­­­­дас­­тырушы ретінде біз­дің ел бес мер­генін қоса­ды. Чем­пио­нат «Азия стилі», «Тү­рік стилі» және «Қазақ стилі» ере­желері бойынша өткізіледі.

– Сіз аталған этнофестиваль ұлт­тық салт-дәстүрімізді ұлықтауға ар­нал­­­­ған дедіңіз, осы жайлы тарқатып ай­тып берсеңіз?

– Этно­фестивальдың өзегі – ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау десек жаңыл­май­мыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, арқан тарту, асық ату, серке көтеру, қаппен секіру сияқты ойындардың сыртында, атпен және жерде тұрып найза лақтыру сайысының екі түрі, қамшымен теріні қақ бөлу сияқты қамшыгерлік өнер, ұлттық садақ атудан мергендік бәсекесі, аударыспақ пен теңге ілудің көпшілікке ыңғайлы жасанды атпен орындалатын түрі бар.

Әр ойынның басы-қасында тәжірибелі төрешілер болады. Ең қызығы, кейбір ұмытылған ұлттық дәстүрлер осы мереке кезінде жаңғыртылмақ. Мысалы, қамшыгерлік өнер, тезге салу, қолқа салу, тығырыққа тіреу, арқан өру, қамшы өру, т.б. дүниелер жұртшылық назарына ұсынылып, олардың шығу тарихы мен мән-мағыналары жайлы этнограф ғалымдар халыққа түсіндіреді.


Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»