Зейнет жасын ұзарту – зейнет ырысын ұлғайту
Бейсенбі, 18 сәуір 2013 1:54
Жүйені жаңғыртудың жұртшылыққа жақсылығы мол
Бұл күндерде елді елеңдетіп отырған мәселелердің бірі – зейнетақы жүйесін жаңғыртудың жайы. Үкімет Парламентке ұсынған «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқылауға түсуде.
Бейсенбі, 18 сәуір 2013 1:54
Жүйені жаңғыртудың жұртшылыққа жақсылығы мол
Бұл күндерде елді елеңдетіп отырған мәселелердің бірі – зейнетақы жүйесін жаңғыртудың жайы. Үкімет Парламентке ұсынған «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқылауға түсуде.
Кеше аталған жоба Парламент Мәжілісінде қаралды. Осы оқиғаның қарсаңында біз жұртшылық пікірін жинақтау мақсатымен өңірлердегі тілшілерімізге тығыз тапсырма берген болатынбыз. Төменде сол пікірлер топтамасы жарияланып отыр.
Жаңа заң – заман талабы
Мәжілістің кешегі өткен жалпы отырысында он мәселе қаралды. Депутаттар күн тәртібінде жетім балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету және Кеден одағында тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мәселелерін талқыға салды. Сондай-ақ, зейнетақымен қамсыздандыру мәселесіне қатысты заң жобасы қаралды.
Бірінші кезекте күн тәртібінде қаралған маңызды мәселеге тоқталайық. Ол – «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасы. Бұл еліміздегі зейнетақы жүйесін жаңғыртуды мақсат еткен заң жобасы болып табылады. Жоба бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов ол үшін:
1. Бірыңғай зейнетақы қорын құру;
2. Ерлер мен әйелдердің зейнетақы алу жасын теңестіру;
3. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын енгізу – сияқты өзгерістер енгізу ұсынылатынын атап өтті. Бұлар халықтың зейнетақы жинақтарының сақталуына және өсуіне жағдай туғызатын өзгертулер болмақ. Министрдің айтуынша, 2012 жылдың қорытындысы бойынша орташа зейнетақы 41 мың теңгені құрады. Соның мемлекеттік бюджеттен алынатын міндетті еңбек зейнетақысы 32 пайызды (30 045 теңгені), ал жинақтаушы қордан төленгені 3,1 пайызды (2539 теңгені) ғана құрады. Осы жағдай сақтала беретін болса, 2050 жылға таман зейнетақы көлемі 4 есе төмендейтін болады. Өйткені, еңбек өтіліне сәйкес берілетін ынтымақты зейнетақы азаяды (себебі, 1998 жылдың басына дейінгі ерлер үшін қажетті – 25, әйелдер үшін қажетті 20 жыл еңбек өтілі кейінгі жастағыларда жыл санап төмендей түседі), ал жинақтаушы қордағы қаражат мүлде аздық етеді. Егер 2006 жылға дейін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі толық еңбек өтілі жоқ адамдар саны барлық зейнеткерлердің 4 пайызын ғана құраса, 2012 жылы бұл үлес 17 пайызға жеткен. Сонымен бірге, бұл үлес жыл санап өсе түсетін үрдіске ие. Сондықтан, деді министр, алдымен заң жобасында Біртұтас зейнетақы жинақтау қорын (БЗЖҚ) құруды ұсынып отырмыз. Оның құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі, ал активін басқаратын Ұлттық Банк болмақшы. Одан әрі С.Әбденов БЗЖҚ-ның артықшылықтарын, жұмысының мөлдірлігін, инвестициялық табысының қомақты болмағын айтып берді.
Зейнетақы жүйесін жаңғырту бағытындағы кінәратты мәселе – әйелдердің зейнет жасын ерлерге теңестіру, яғни 63 жасқа жеткізу болатын. Бұл амал әйелдерге зейнетақы қорындағы жинақ қаражатын арттыруға мүмкіндік береді. Жинақтауға қосымша 5 жыл қатысу – әйелдердің қаражатын 15 пайызға арттыратынын есептеп шығардық, деді министр. Бірақ зейнетақы алу жасы бірден арттырылмай, 2014 жылдан басталып, әрбір жыл сайын 6 айдан қосылып отырады. Мәселен, 1956 жылы туған әйел зейнетақыға 58,5 жасында, 1957 жылы туған әйел 59 жасында, т.с.с. зейнетке шығатын болады. Бірақ, әйелдердің жиналған қаражаты жеткілікті жағдайда 50 жасында зейнетке шығу құқы сақталады. Сондай-ақ, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі 20 жыл болып, 5 және одан көп бала өсірген әйелдердің 53 жастан, радиациялық тәуекелі жоғары аймақтарда тұрған әйелдердің жұмыс өтілі 20 жыл болса, жастары 45-ке толса зейнетке ерте шығу құқы өзгертілмейді.
Жаңа заң жобасында үшінші өзгеріс зиянды және ауыр жағдайда жұмыс істейтіндерге қатысты болып отыр. Үкімет анықтайтын мұндай тізімге енгізілген өндірістегілер еңбекақы қорының 15 пайызы көлемінде зейнетақы қорына қосымша жарна төлейді. Атауы «міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы» деп қойылған бұл төлемнің 5 пайызын жұмыс беруші, 10 пайызын жұмыскердің өзі төлейді. Бұл өзгеріс ауыр жағдайда еңбек ететіндер тәуекелінің есесін толтырмақ. Сонымен бірге, жұмыс беруші үшін ол қосымша салмақ болмайды, өйткені, бұл сома салық алынатын түсім көлемінен шегеріледі.
Заң жобасының түпкі мақсаты – азаматтарымызды баяғы күнгідей өкіметке иек артып, зейнетақыны сол төлер, өлтірмес деп ойлайтын масыл пиғылдан арылтып, өз өміріңе қажетті қаражатты өзің жинақта, ал өкімет жинақталған сомаңның құрып кетпеуіне кепілдік береді дегенді көздейді. Депутаттардың толып жатқан сұрақтарынан да сол сарын сезілді. Алғашқы сұрақты берген Ж.Дүйсебаев заң жобасындағы әйелдердің зейнетақы жинақтау қорындағы қаражаты жеткілікті болса, 50 жастан зейнетке шыға алады деген тәртібіне риза еместігін сездіріп, ондай қаражатты тек қалалықтар ғана жинақтауы мүмкін, ал ауыл әйелдерінің қордағы сомасы бұған жетпейді. Сонда әлеуметтік әділетсіздік болмай ма деген сұрақ қойды. Оған нақты жауап берілген жоқ. Министр тек ауыл әйелдерінің мұндай кемістікті үй шаруашылығындағы табыстарымен толтыратынын атап өтті.
Бұдан кейін депутаттар Г.Сейітмағамбетова, В.Косарев, А.Перуашев, Ж.Әлиев және т.б. сұрақтар беріп, заң жобасы бойынша өздерін қызықтырған мәселелерге жауаптар алды. Сонымен бірге, заң жобасын талқылауға көптеген депутаттар қатысты. Соның ішінде депутат А.Самақова заң жобасының халқымыз үшін өте маңызды екенін атап өтіп, оны өзі қолдайтынын жеткізді. Болашақ ұрпақ үшін осындай заң керек болып отыр. Алайда, заңда зейнетақы мәселелері жан-жақты қамтылуы керек. Сонда ол біздің ұрпақтарымызға лайықты қызмет ететін болады. Сонымен бірге, ол зейнетақы қорларын біріктіруді біршама сынап өтті. Аймақтарға барған сапарында өздеріне халықтың осы мәселеге байланысты өткір сұрақтар қойғанын да жеткізді.
Депутат З.Балиева әйелдердің зейнетақы жасын өсіру оңай шаруа емес екенін айта келіп, бірақ ол болашақ ұрпақтың мүддесі үшін қажет іс, деді. Сондықтан да мен бұл істі қолдаймын. Бірақ Үкіметтің халықты әлеуметтік жағынан қолдау бағдарламаларын орындаудағы жауапкершілігін арттыру керек, деді ол. Сөз кезегін алған Қазақстан Халықтық коммунистік партиясының көшбасшысы В.Косарев заң жобасы бойынша бірқатар өткір сындар айтты. Соның ішінде Үкімет пен жергілікті атқару органдары қызметкерлерінің оны халыққа түсіндірмегенін сынады. Үкіметке де, жергілікті билік органдарына да еңбекшілердің мүддесі үшін енгізіліп жатқан өзгерістерді халыққа жеткізу керек еді. Бұл жұмыстар істелмеді. Сондықтан да мен заң жобасына қарсымын, деді ол. Депутат А.Перуашев жұмыс орындарының сақталуы үшін Үкімет көптеген өндірістерді қолдауы қажеттігін айтты. Ал мына заң жобасы Үкіметтің халықты әлеуметтің қолдау мәселесіндегі жауапкершілігін арттырар деген үміттемін, деді.
Депутат Ш.Мырзахметов заң жобасы бүгінгі және болашақ зейнеткерлеріміздің лайықты өмір сүруін көздейді, дей келіп, БЗЖҚ жұмысының қатаң бақылауда және барынша ашық, мөлдір қызмет етуін қалайтынын жеткізді. Сондай-ақ әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту жөніндегі Үкімет дәлелін дұрыс деп санайтынын айтты. Зейнетақы жасын өсіруді жалғыз біздің мемлекет іске асырып жатқан жоқ, оның қажеттілігін басқалар да көріп отыр. Ал, керісінше, жастарын ұлғайтуды кезінде қолға алмай, кейін осы жұмысты жүргізбегендеріне өкінетін елдер де бар, деді ол. Депутаттар В.Рогалев, С.Романовская, О.Асанғазы, Р.Халмұрадов та заң жобасын азды-көп ескертпелерімен қолдайтындарын айтты. Сөйтіп, заң жобасы бірінші оқылымда қатысқан 105 депутаттың 95-інің қолдауы, 2-уінің қарсы және 8-інің қалыс қалуымен тұтастай мақұлданды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын депутаттарға Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов баяндап берді. Оның айтуынша, мониторинг жүргізудің нәтижесінде заңнамада жетім балалардың тұрғын үйге деген құқықтарының бұзылуына жол беріліп келгендігі анықталған. Жергілікті атқарушы органдарға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеттелгенімен, осы санатқа жататын 34 мың баланың 27 мыңынан астамы (80 пайыздайы) баспанаға мұқтаж күйінде қалып келген. Осы орайда соңғы жеті жылда балалар үйлерінің 14 мың бітірушісінен тек 849-ы ғана (6 пайызы) баспанамен қамтамасыз етіліпті. Вице-министр негізгі себептер жергілікті атқарушы органдардың тиісті деңгейде жұмыс істемеуімен және де жауапкершіліктің заңнамалық нормаларда қарастырылмағандығымен байланысты екендігін ерекше атап кетті. Сондықтан да заң жобасында жауапты тұлғалардың жауапкершілігін күшейту көзделіп отыр.
Статистика агенттігінің деректері көрсеткендей, 2006 жылдан бері 384 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілсе, соның тек 49-ы ғана (0,2 пайыз) жетім балалар еншісіне тиіпті. Жетім балалар халықтың әлеуметтік қорғалатын тобына кіретін жалпы тізімде тұрғандықтан, пәтер алуға ешқандай басым құқықтары болмағаны да анықталған. Бұл ретте тұрғын үй алу үшін осы санаттағы балаларға басым құқық беру, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж жетім балаларды жеке есепке алу заң жобасында көрініс тапқандығын айта кеткен жөн. Қолжетімді тұрғын үй бағдарламасына сәйкес 2017-2020 жылдарда құны 2 триллионға жуық теңгені құрайтын 69 миллион 50 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, тұрғын үйге мұқтаж балалар үйлерін бітірушілердің болжалды саны 21 408 адамды құрайды, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 856 мың 320 шаршы метр үй қажет көрінеді. Бұл – жалпы жоспарланған құрылыстың 1,2 пайызы.
Осылайша министрлік бір бөлмелі 40 шаршы метрлік пәтер беру арқылы жетім балаларды 2020 жылға қарай толық қамтамасыз етуге боларын айтады. Сондай-ақ вице-министр жетім балаларға тиесілі баспаналарын алып қою фактілері орын алып жатқандығын алға тарта отырып, заң жобасында 14 жасқа толмаған жетім балалардан тұрғын үйді алып қоюға жол берілмейтін норма енгізілгендігімен де бөлісті. Бұл балаларға бекітілген тұрғын үйдің сақталуын қамтамасыз етіп, жетім балалар құқықтарының бұзылуын болдырмайды. Сонымен қатар, қамқоршылар жауапкершіліктерін арттыру да назардан тыс қалмайды. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Сонымен бірге, кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Кеден одағында тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да депутаттар тарапынан қолдау тауып, мақұлданды. Заң жобасы Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасын біріздендіруге жол салады. Сонымен қатар, келісімдерге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттерге қатысты бірыңғай тарифтік емес реттеу шараларын қолдануға ықпал етеді және туындауы мүмкін қолданыстағы заңнамадағы құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жоюға мүмкіндік береді.
Палата салалық комитеттерге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруді ұйымдастыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы №7681-KZ Қарыз туралы келiсiмге («Оңтүстік-Батыс» автомобиль жолдарын дамыту жобасы: Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b және 6b)) түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы келісім хатты ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы Қарыз туралы келiсiмді («Шығыс-Батыс» автомобиль жолдарын дамыту жобасы (Алматы-Қорғас учаскесі): Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b)) ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімдерін нақтылап берді.
Жақсыбай САМРАТ,
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».