Саясат • 29 Мамыр, 2019

Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары ЕЭК-нің Құрметті төрағасы атағын беру ұсынылды

909 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары ЕЭК-нің Құрметті төрағасы атағын беру ұсынылды

«Қазақстан Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси көрегендігінің, стратегиялық көзқарасының арқасында Еуразиялық интеграция идеясы әрі қарай құрлықтың экономикалық және геосаяси ландшафтын қайта қалыптастырған шындыққа айналды. Сондықтан Н.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуына тарихи үлесін ескере отырып, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путин Нұрсұлтан Әбішұлына Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы атағын беруді ұсынды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан соң,  Қазақстан Президенті Владимир Путинге және барлық серіктестерге ризашылығын білдірді.

«Қазақстан Республикасының атынан Ресей Федерациясының Президентіне және барлық серіктестерімізге бірауыздан қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді»  деді Қ.Тоқаев.  

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 жылдығына жəне Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтіп жатыр.