Саясат • 29 Мамыр, 2019

Қазақстан Еуразиядағы экономикалық интеграцияның одан әрі жалғасуын жақтайды – Қ.Тоқаев

937 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтты.

Қазақстан Еуразиядағы экономикалық интеграцияның одан әрі жалғасуын жақтайды – Қ.Тоқаев

«Осыдан тура бес жыл бұрын, 2014 жылдың 5 мамырында осы қалада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. Осылайша, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өңірлік интеграциялық бірлестікті құру жөніндегі идеясы өзінің өзектілігін, қажеттілігін, ауқаттылығын дәлелдеді және шындықтың бір бөлігіне айналды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ел Президенті ЕАЭО аясында серіктес елдер аз уақыт ішінде біздің ынтымақтастығымыздың барлық бағыттары бойынша әсерлі нәтижелерге қол жеткізгенін айтып өтті.

«Ұйымда берік институционалдық реформа жасалып, өзара іс-қимылдың тиімді форматтары әзірленді. Қазақстан Еуразиядағы экономикалық интеграцияны тең құқылық, әріптестік, өзара тиімділік қағидаттары негізінде одан әрі жалғастыруды жақтайды. Бүгінгі отырыс ЕАЭО-ға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Биылғы жыл Арменияның төрағалық етуімен өтеді. Әріптестерімізге табысты төрағалық тілеймін»  деді  Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 жылдығына жəне Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтіп жатыр.