Түркі тілдес әлемнің рухани астанасы – Түркістан қаласы тарихының, фольклорының, мәдениетінің халықаралық өркениеттегі маңыздылығын айқындау, тәжірибе алмасу және пікір бөлісуді мақсат еткен конференцияға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов, Мармара университетінің докторы, профессор Женгиз Томар, Халықаралық Түрік академиясының ғылым бөлімінің аға сарапшысы, профессор Қадыралы Қонқобаев, Өзбекстан Ғылымдар академиясының профессоры Сарыгүл Бахадырова, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Досай Кенжетай сынды ғалымдар қатысты.
Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы қасиетті Түркістанның әлемдік тарихтағы орнын зерттеуді мақсат тұтқан халықаралық конференция жұмысына сәттілік тілеп, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қолға алынған іс-шара өңірдің рухани-ғылыми саласын жаңа сатыға көтереді деген сенімін білдірді. «Түркістан қаласының түркі әлеміндегі орнын ғылыми тұрғыдан таразылайтын бұл конференцияның маңызы зор. Түркі халықтары үшін Түркістан қаласының тарихтағы орны әрқашан да қастерлі. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» деп атап өтті. Бауырлас елдердің ортақ тарихында Түркістан - киелі мекен, Қожа Ахмет Ясауи түркі халқының ұстазы ретінде дәріптелген. Ясауи жатқан жер «бақыттың астанасы» ретінде танылған», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Сондай-ақ ғылыми конференцияда халықаралық Түркология академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы мен Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елінің профессор - ғалымдары «Ұлы даланың жеті қыры: түркі мәдениетін дамытудың өзектілігі», «Қасиетті Түркістан және діни сакралды құндылықтар», «Ежелгі массагеттер: Томирис және қарақалпақ халық эпосы «Қырық қыз», «Қ.А.Ясауидың мәдени мұрасы», «Ясауи, «пир-Түркістан» түрік елінің ұстазы», «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайы туралы» тақырыптарында баяндама жасады.
Конференция аясында шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен пленарлық мәжіліс және секциялық отырыстар өтті. Атап айтсақ, секциялық отырыстарда «Қ.А.Ясауидің әлемдік мәдениеттегі орны мен тағылымы», «Түркістан – түркі дүниесінің киелі мекені, рухани темірқазығы», «Түркістан – Ұлы жібек жолы бойындағы ірі қолөнер мен музыка орталығы», «Түркістан-түркі әлемінің генезисі» тақырыптары қамтылды.