Руханият • 30 Мамыр, 2019

Сегізсай алқабы Жалпыұлттық қасиетті нысандар қатарына енгізілді

1522 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы 300-ден астам сармат обалары сақталған Сегізсай алқабы еліміздің Жалпыұлттық қасиетті орындары тізіміне кірді. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин хабарлады.

Сегізсай алқабы Жалпыұлттық қасиетті нысандар қатарына енгізілді

Сегізсай қорғандар кешені Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауданының Сегізсай (бұрынғы Лебедовка) ауылы және Қаратөбе ауданының Егіндікөл елдімекеніне жақын орналасқан. Сегізсайды алғаш рет жоспарлы архологиялық зерттеген – А.С.Пушкин атындағы Орал педогогикалық институтының Г.Багриков жетекшілік еткен археология тобы екен. 1966-1967 жылдары екі маусымда экспедиция бүгінгі Шыңғырлау және Теректі аудандарындағы бірнеше қорғанда қазба жұмысын жүргізген. Сегізсай ауылынан солтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан, 8 қорғанды кешеннен тұратын Сегізсай археологиялық ескерткіштерін тұңғыш ашқан да осы Г.Багриков. Сол алғашқы экспедицияның өзі ерекше материалдар тапты. Сөйтіп қорған мәскеулік археологтардың назарын аударып, талай жылға созылған қазба жұмыстары басталды.

- Сегізсай алқабында нақты қанша оба болғанын ешкім білмейді, дәл есебі жүргізілмеген. Қазылған қорғандар сол күйінде ойран-ботқасы шығып қала барған. Оның топырағын қайтадан үйіп, алғашқы қалпына келтіруді, яғни рекультивация жасауды ешкім ойламаған. Сондай-ақ Сегізсай қорғандары туралы түрлі зерттеу жұмыстары бір жерге жинақталған жүйелі еңбек те әлі күнге жоқ. Біз Сегізсайда әр жылдары қазба жұмысын жүргізген археологтардың ғылыми есептерін Алматыдан, Мәскеуден т.б. өңірлерден жинастырып, осы істі қолға алдық, - дейді Жантас Набиоллаұлы.

Сегізсай қорғандарынан табылған жәдігерлердің қазіргі «алтын адам табылды» деп жүрген қазба жұмыстарынан еш кем еместігін мына мысалдардан-ақ қараңыз: 1967 жылы Г.Багриков қазған обадан жартышар тәрізді 207 алтын жапсырма, тамшы пішінді 83 жапсырма, құсқанат тәрізді 130 жапсырма, сом алтын білезік, көздері бар ерекше алтын сырға шыққан. Дәл осындай «w» әрпі пішінді 44 жапсырма, толқын тәрізді 268 жапсырма 1978 жылы В.Кригер қазған обадан да табылған. Егер реставраторлар қалпына келтірсе, Қазақстаннан табылған «алтын адам» саны арта түсер еді.

Дегенмен, Сегізсайдың қадіріне жетіп, шын бағасын беретін жұмыстар енді нақты қолға алынатын түрі бар. Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин б.д.д. VI-IV ғасырлардан біздің дәуіріміздегі IV ғасыр аралығында, яғни мың жыл бойы сармат-савромат тайпалары көсемдерінің пантеоны болған алқаптың нақты картасы жасалып, қазба жұмыстары кезінде бүлінген обалардың қайта қалпына келтіру қажеттігін көтеріп отыр. Болашақтағы қазба жұмыстары да енді қатаң жүйеге түспек. Жантас Сафуллиннің бұл өңірді ашық аспан астындағы мұражайға айналдырып, туристік нысанға айналдыру туралы ұсынысы да қолға алынатын түрі бар.

- Шыңғырлау ауданы әкімдігі Сегізсай алқабына жататын Есенамантау үстірті жанынан өтетін халықаралық Самара-Шымкент автожолының бойына осы маңда аса құнды археологиялық кешен бар екендігін білдіретін ескерткіш-сілтеме салуды ұйғарды. Ал болашақта Сегізсай алқабында ашық аспан астындағы мұражай ашу жоспарын да қолдаймыз. 2019 жылдың 11-13-маусым күндері әр жылдары «Есенамантау» үстіртінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген археолог-ғалымдардың қатысуымен «Көне Сегізсай» тақырыбында далалық археологтар симпозиумын ұйымдастыруымыздың да бір себебі осы, - дейді Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Тілеген Қалиев.

Шыңғырлау ауданындағы Сегізсай елдімекеніне қарасты Есенамантау үстіртінде Ресей Федерациясы және қазақстандық археологтардың қатысуымен «Археология ескерткіштерін сақтау және зерттеу. Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасындағы ескерткіштерді зерттеудің заманауи әдістері, оларды сақтау проблемалары және шешілу жолдарын талқылау мәселелері» атты далалық семинар болатынын «Егемен Қазақстан» бұдан бұрын хабарлаған болатын.

Батыс Қазақстан