Қоғам • 30 Мамыр, 2019

Қарағандыдағы Мамочкино зиратында мемориалдық кешен пайда болады

847 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасынан 30 шақырым жерде орналасқан Мамочкино зиратында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг-реквием өтті. Шараға облыс әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, түрлі конфессиялардың діни қызметкерлері, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен облыс тұрғындары қатысты.

Қарағандыдағы Мамочкино зиратында мемориалдық кешен пайда болады

Еске алу жиыны барысында Мамочкино қорымының аумағын абаттандыру жұмыстарының жоспары және ол жерде бой көтеретін мемориалдық кешеннің жобасы таныстырылды.

 – Сәулетшілер Қайрат Жиенбаев, Юлия Ли және мүсінші Тарас Кишкарев құрамына енген шығармашылық топ бұл жобаны әзірлеуге бірнеше жылды сарп еттік. Жалпы, зиратты қайта құру идеясы бұрын да көтерілген еді, оның үстіне жергілікті тұрғындар да бұл туралы көптен бері айтып жүрген болатын. Ал өткен жылы облыс әкімдігі тарапынан  Мамочкино зиратын ретке келтіру жөнінде тапсырма берілген соң жұмыстың  алға басқан түрі бар, – дейді суретші, жоба авторларының бірі Игорь Баграмов.

Жоспар бойынша жаңғырту жұмыстарынан кейін зираттағы тозығы жеткен темір қақпаның орынын жаңа мазмұндағы кіреберіс басады. Яғни, оның орта тұсында «Ана қайғысы» монументі орналасатын болады. Екі қолымен бетін басып жылап отырған қайғылы әйелдің мүсінін жан-жағынан тікенек сыммен шаңдылған дар ағашына ұқсас үш баған қоршап тұрады. Ал бағандардың басында ақ тастан жасалған көгершіндер қонақтап отырады. Мүсін авторлары мұны жер бетінен ұшып кетсе де, анасын қия алмай жүрген  бейкүнә сәбилер рухының белгісі деп түсіндірді. 

Бұдан бөлек, зират жанында мінәжат үйі салынбақшы. Онда дәстүрлі үш конфессияның – мұсылмандар, православие және католиктердің рәміздері бар үш кіреберіс болады. Мінәжат үйінің  іші үш бөлек бөлмеден тұрады: олардың әрқайсысы діни канондарға сәйкес рәсімделеді. Мәселен, бір қабырғада Құран тұрса, қалған екеуіне иконалар орнатылады. Мінәжат үйіне үш жағынан да кіруге болады.

Сонымен қатар, Мамочкино зиратының аумағы толықтай абаттандырылады. Келушілерге қолайлы болу үшін кірме жол төселіп, мемориалдық кешен маңына орындықтар, қоқысқа арналған жәшіктер және бағаншамдар орнатылады. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін Мамочкино мемориалдық кешені Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың қарамағына беріледі.

Еске салсақ, Мамочкино зиратына 1930-40 жылдар аралығында саяси  қуғын-сүргінге ұшырағандарға арналған атышулы Қарлагтың түрлі ауру мен аштықтан көз жұмған тұтқындары және олардың балалары жерлеген.