Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамының президенті, филология ғылымының докторы, профессор Таңат Аяпова шараның негізгі бағыт-бағдарымен таныстырып өтіп, ғалым ретінде қоғамға үлес қосу, ұлттық тәрбиеге, қоғамымыздағы көкейтесті мәселелерге арналған ғылыми зерттеулер, мәдени, әлеуметтік іс-шаралардың өткізілуін ұйымдастыру барысына тоқталды.
Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы отбасы мен гендерлік саясат жөнінде ғылыми-тәжірибелік зерттеулерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жобаларды әзірлеумен қатар ұлттық сананы қалыптастырудағы ана тілінің, төл мәдениеттің және отбасының рөлі, жаһандағы заманауи ұлттық мәдениетті дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде қоғамды ізгілендіруге бағытталған бірнеше жобаларды әзірлеген қоғам мүшелері Жастар үйі орталығының жұмысына да белсене қатысатын болады. Орталықта белгілі ғалымдар, үлгілі отбасы мүшелері арнайы сабақтар өткізіп, үлгілі отбасын құруға байланысты шығармашылық семинарлар, форумдар өткізетін болады.
Осы шараға арнайы шақырылған Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті, ҚР ҰИА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразалы Сәбден әйел ғалымдар басқосуына қолдау білдіріп, өркениет баспалдағында тұрған мемлекет үшін таланттарды біріктіру қажеттігін алға тартты. «Әйелдің рөлі отбасында ғана емес, қоғамның барлық саласында маңызды. Бүгінде әлем жаңа өркениет баспалдағында тұр. Әйел ер адамдармен қатар ұлттың иммунитетін қалыптастырушы күш. Кешегі тарихымыздағы Тұмар, Ұмай, Домалақ аналар рухын жандандыратын кезең туды. Қоғамға жаңа серпіліс туды. Ой-сана қоры қосылғанда ғана ел алға жылжиды. Сондықтанда әйел ғалымдардың потенциалын жақсылап пайдалану керек» деген академик қоғамның жұмысына сәт-сапар тіледі.
Форумға қатысты пікірімен бөліскен филология ғылымдарының кандидаты Әлима Ысқағиева ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай таза сөйлеуге үйрету, балалардың сөйлеу мәдениетін арттыру, ана тілімізді көркейтіп, халықымыздың салт-дәстүрі мен тәрбиесін бала бойына сіңірудегі міндеттерге тоқталып өтсе, философия ғылымдарының докторы Замза Қодар гендерлік саясатқа қатысты пікірін білдірді. Әйелдер бүгінде отбасында ғана емес, қоғамның барлық саласында жоғары жауапкершілікке ие. «Біз өз менталитетімізге сай ер адамды сыйлау, үлкен адамды құрметтеу, қыз бала тәрбиесіне ұқыпты қарау сияқты ерекше құндылықтарымыз бар. Өркениет баспалдағында тұрған Қазақстан осындай құндылықтарын дамыта отырып, әйел адамдардың қоғамға қосатын үлесінің қомақты екеніне көз жеткізе түсеміз», деп атап өтті ғалым.
Форум барысында сонымен қатар «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Вера Цзин, қоғам қайраткері Асылы Осман, т.б. ғалымдар өз пікірлерімен бөлісіп, әйел ғалымдардың жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, дамытуға қосатын үлесі туралы ұсыныстарын ортаға салды.
АЛМАТЫ