Саясат • 31 Мамыр, 2019

Агенттік төрағасы электрондық қызмет түрлерімен танысты

1005 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірге жұмыс сапармен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.

Агенттік төрағасы электрондық қызмет түрлерімен танысты

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс орталығындағы көші-қон қызметі орталығында болды. Осыдан екі жыл бұрын ашылған  нысанда 12 қызмет түрлері электрондық кезек арқылы көрсетіледі. Қызмет сапасын “Digital agent” мобильді қосымшасы арқылы бағалауға болады.  Ұжыммен кездескен ведомоство  жетекшісі ғимаратты тиімді пайдалануға баса назар аударып, лауазымды қызметкерлер кең кабинетте отырулары керек деген көзқарастан арылу қажеттігін атап көрсетті.

А. Шпекбаев №2 Петропавл қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен полиция басқармасында ашылған фронт-офистердің жұмысымен танысты.

«Ашықтық, халық үшін қолайлы жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді азайту – бұл қазіргі қоғамның талабы», деді кездесуде кезінде  Алик Жатқамбайұлы.

№ 3 емханада 76 дәрігер мен 246 орта медицина қызметкері 70977 адамға қызмет көрсетеді. Учаскелік дәрігерге, зертханаға қан тапсыруға, диагностика кабинеттеріне жазылу электрондық үлгіде жүргізіледі. Үстіміздегі жылы “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңесінің ұсынысымен қызмет көрсету сапасын жақсартып, дәрігерлердің жұмысын бағалау үшін Qr-коды енгізілген. Алдағы уақытта зертханалық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Елордалық мейман М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің материалдық-техникалық базасымен және жастардың бойында адалдықты қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысымен де танысты. Жоғары оқу орнында “Саналы ұрпақ” офисі және студенттерге қызмет көрсету орталығы, “Адалдық дүкені” жұмыс істейді. Оқушылар сарайына барған агенттік төрағасына химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің  игі шаралары  ұсынылды. “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі де осы жерде орналасқан. Жоба жұмысына тартылған мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алты саланың жұмысын бақылауға алған.

Агенттік төрағасы Шал ақын ауданында «Ашық әкімдік» жобасының ашылу рәсіміне қатысып, цифрландыру бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты.

Солтүстік Қазақстан облысы