Аймақтар • 31 Мамыр, 2019

Арманыңызға жету үшін еңбек етуден шаршамаңыз

1183 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада облыстық Жастар ресурстық орталығында «Рухани жаңғыру» орталығының ұйытқы болумен жастар «100 жаңа есім» жобасының осы өңірден шыққан жеңімпаздарымен кездесті.

Арманыңызға жету үшін еңбек етуден шаршамаңыз

«100 жаңа есім» жеңімпаздары Айдос Сайлығараев, Сымбат Әбдірахманова және Халықаралық «Парасатты поэзия» фестиваліне келген Мақпал Мыса бүгінгі табыстарына ешкімнің қолдауынсыз-ақ өздері жеткен жастар өкілі. Сондықтан, «TedTalks» форматында өткен кездесу қызықты өтті.

Қызылорда облысындағы алғашқы кондитер өнімдерін дайындайтын дүкендер желісінің негізін қалаған, орда бұзар отыздағы оғлан Айдос Сайлығараевтың да жастарға айтары көп болды.

Әкесінен ерте айырылған Айдос тағдыр тезіне түсіп, шарболаттай ширығып шығыпты. Бүгінде республикаға атағы кеткен «Браунис» кондитер дүкендер желісінің жұмысын жолға қойған жалындаған жас жігіт осынау жетістігіне білім мен еңбекқорлығы жеткізгендігін айтады.

Ал, Сымбат Әбдірахманова бірнеше тілді меңгерген, педагог-психолог. Ол қазіргі таңда ЮНИСЕФ-тің жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасы бойынша бірнеше ғылыми мақалалар жазып, әдістемелік құрал дайындаған. Сондай-ақ, аймақта мектеп бітірушілермен түрлі психологиялық тренингтер өткізіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алуға көмектесіп келеді.

Сымбат ешқандай қаржы қажет етпейтін мультфильмдер дайындаумен айналысады. Әсіресе, тіл мүкістігі бар балаларға арналған мультфильмдерін мамандар сабақ барысында пайдаланып жүр. Ол 2018 жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арнап, «Сиқырлы кілт» сериялы мультфильмін дайындады. Бұдан бөлек, Сымбаттың бірнеше мультфильмдері облыстық, республикалық «Балапан» телеарнасынан беріліп келеді.

- Адамның арманы нақты болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, мен үнемі нақты нәрселерді армандап, оны мақсатыма айналдырдым. Өмірімде парсы тілінде қай елдің сөйлейтінін білмейтін жасымда осы тілдің маманы болу үшін мемлекеттік грант иегері атандым. Қазіргі таңда парсы тілі бойынша еліміздегі санаулы аудармашылардың қатарындамын. Жастарға айтарым, сіздер ешқашан өз арманыңызға жету үшін жалықпай еңбек етуден шаршамаңыздар. Мақсатқа жету жолында түрлі құрбандыққа баруға тура келеді. Қыдырудан бас тартып, тойларға бармай қалуыңыз мүмкін. Есесіне қоғамға пайдалы іс жасайтыныңызды ұмытпаңыз.

Осы жоба жеңімпаздарының ішінде 18-19 жасар жігіттер бар. Олардың жетістіктерін көргенде, менің осы уақытқа дейін бос кеткен уақытымды ойлап өкіндім. Сондықтан, адам өмірінің көктемі саналатын жастық шағыңызды өкінбестей өткізіңіздер, - деді Сымбат.

Кездесуге келген жастар өзін толғандырған сұрақтарына жауап тауып, қанаттанып қайтты.