Жоғарыдағы Елбасы тапсырмасын орындау барысында жауапты министрлік тарапынан бірқатар жақсы қадамдар жасалыпты. Атап айтқанда, өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бұрын бекітілген терминдерді қайта қарап, жасалу және аудару тұрғысынан толық лингвистикалық сараптама жасапты. Нәтижесінде, терминжасамның ғылыми қағидаттары, ұлттық терминологиялық қор, қазақ тілінің латын графикасына көшірілуіне байланысты туындайтын терминологиялық міндеттер, тұрақты және жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдарды қазақ тіліне аударуды шектеу, кейбір сәтсіз баламаларды түпнұсқамен сәйкестендіру мәселелері қарастырылып, тұтастай алғанда ұлттық терминология саласының ілгерілеуіне елеулі ықпал еткен екен.
Ал бұл реткі ұйымдастырылып отырған семинарда, жоғарыда атқарылған істерді тиянақтаумен қатар, Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында салалық терминдерді біріздендіру және ұлттық терминқорымызды жетілдіру жайы талқыланды. Сондай-ақ қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту жолы, жаңа латын әліпбиі негізінде терминдерді дұрыс таңбалау мәселесі де басқосудың басты тақырыбына айналды.
Келесі кезекте мінбеге көтерілген Ұлттық аударма бюросының бас редакторы Мұхтар Сеңгірбайұлы, өзі қызмет жасап отырған аударма бюросының ғылыми аударма тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып, аударма саласындағы қордаланған мәселелерге назар аударса, география ғылымдарының докторы Қуат Сапаров география ғылымын мемлекеттік тілде терминдендірудің жолдарын ұсынды.
Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Жамалбекқызы салалық секциялардың құрамы мен құрылым мәселелеріне тоқталса, Қорғаныс министрлігі Әкімшілік департаменті мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы Айнұр Оразғалиева, Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының сарапшысы Айжан Алдоңғаровалар өз министрліктеріндегі салалық терминологиялық комиссиясының жұмысы, банк, қаржы, тіл білімі салаларындағы терминдер бірізділігі және оларды жаңа кезеңге сәйкес жандандыру жайын қозғады.