Тарих • 04 Маусым, 2019

Ұлттық мүдде күрескері

2007 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Алаш арыстарының бірі Сұлтабек Қожанов – ғұмыры қасіретке толы тұлға. Ол 1938 жылы халық жауы ретінде ұсталып, атылды. С.Қожанов 1958 жылы ақталса да, ірі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде, соңғы кезге дейін өзінің тарихи бағасын ала алмай, ол туралы кең көлемде ашық жазылмай да, айтылмай да келді.

Ұлттық мүдде күрескері

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы адамдардың отансүйгiштiк, патриоттық, ұлттық намыс сезiмдерi өте күштi болатын. Той өткiзуге бюджеттен қаржы қарас­ты­рылмаған. Аудан активiн шақырып, ақыл­дастық. Айта кетуiм керек, С.Қо­жа­новтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуде, аудан жұртшылығы ауыр қыстан қиналып шықса да, бұрын-соңды болмаған белсендiлiк танытты.

Әрине тәуелсіздік жылдары Алаш арыстарының және Алаш идея­­сының саяси ақталуымен қатар, ұлт­тық құндылықтарды қоғамдық-сая­си қызметінің басты ұстанымына айналдырған С.Қожановтың тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнау­лы зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, Т.Қожакеев, Р.Берді­бай, Ә.Тәкенов, Б.Қойшыбаев, М.Қойгелдиев, Қ.Ергөбек, А.Шәріп, Х.Тұрсұн, Ж.Әлмашұлы және өзбекстандық тарихшылар Р.Я.Рад­жа­пова, С.Тілеуқұлов, мәс­кеу­лік профес­сор А.Арапов және т.б. тарихшы, әдебиетші ғалымдардың зерттеулерінде қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы ұлтжанды, мем­лекетшіл, Алаш рухты азамат ре­тінде таныла бастады. Әйтсе де, қай­рат­кер­дің қоғамдық-саяси қызметі мен әдеби мұрасын зерттеп, зерделеу өз деңгейінде әлі де жүргізілмей келді. Оның негізгі себебі С.Қожановтың партия мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған ұлтжандылығы болды. Кеңес үкіметі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға да аса бір сақтықпен қарады. Алғашқы кезекте коммунистік билікке барынша адал қызмет жасағандар ақталып, олардың тұлғасы советтік тәрбиенің идеалына айналдырылды. Ал пролетарлық интернационализмге ұлттық құндылықтарды, таптық күреске ұлттық бірлікті қарсы қойған Алаш қайраткерлері мен алаштық рухтағы С. Қожанов сияқты партия қайраткерлерін ақтау кейінге шегеріле берді. Бұл – кеңестік биліктің ұстанған саясаты еді. С.Қожанов қай жерде жұмыс істесе де бірінші кезекке ұлттық мүддені қойды. Ұлттық мүдде үшін ымырасыз күресті. Өз мүдделерін ойлап, партияның сая­сатын ғана қолдап отырған кейбір қайраткер әріптестерінен ерекшелігі – 

қай қызметте болмасын алаштық негіздегі ұлттық идеядан бір сәт те қол үзген емес. 1924-1925 жылдары С.Қожановтың Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған кезеңі, оның мемлекет және қоғам қайраткері есебінде жарқырай танылған кезі болды. 1920 жылы тамыз айында Қырғыз (қазақ) автономиялы облысы, одан кейінгі Қазақ автономия республикасының құрылуы – оның ұлттық, территориялық тұтастығын қалыптастырып, тарихи атауын қалпына келтіру арқылы мемлекеттілікке жаңа мазмұн беріп, дамуының болашақ бағдарын айқындап берді. 1925 жылы сәуірде Қазақ кеңестерінің V съезінде, С. Қожановтың ұсынысымен қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсы­нан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазақ» атауы­на түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.

1925 жылы жазда Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Нанейшвили Мәскеуге шақырып алынды да, оның міндетін атқарушы болып, өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы С.Қожанов қалды. Республика партия ұйымының бірінші басшысын қазақтан шыққан қайраткерден сайлаудың реті келіп-ақ тұрды. Алайда «ұлтшыл», «алашордашыл» деген сая­си айыптаулар ол мақсатты жүзеге асыртпады. Республикадағы саяси басшылыққа Ф.Голощекиннің келуі бұл саяси үдерісті тіпті өршітіп жіберді. Осыған байланысты С.Қожанов Қазақ өлкелік партия комитетіне 1926 жылы ашық хат жазып, ақталуға мәжбүр болды. Ол хатында былай дейді:

«Мен партияның алдыңғы қатарында жүріп мына мәселелерге белсене қатыс­тым: Отаршылдық пен жергілікті ұлт­шыл­дықты саяси тұрғыдан жоюға; Жерге орналастыру және жер-су рефор­масын жүргізуге; «Қосшы» ода­ғын ұйымдастыру науқанына; Орта­лық Азияда ұлттық межелеуді іске асы­руға; Қазақстанның орталығын Орын­бор­дан Қызылордаға ауыстыруға және Қазақстанның ішкі құрылысында ұлт­тық мүддені күшейтуге тікелей аралас­тым». С.Қожановтың жазған хатының мазмұнының өзі оның ұлттық және мемлекеттік тұрғыда ойлайтын үлкен қайраткер тұлға екенін көрсетеді. Егер ауызбіршілік болып, республика партия басшылығына С.Қожанов келгенде, Ф.Голощекиннің Қазақстандағы «Кіші октябрь» төң­керісі болмай, қа­зақ ашар­шылықтан қырылмаған болар ма еді? С.Қожанов Мәскеуге кет­кен соң оны айыптау саяси нау­қа­ны Ф.Голощекиннің және оның жандай­шап­тары арқылы кең өріс алды.

С.Қожанов 1938 жылы «халық жауы» болып атылғаннан кейін де оны қаралау науқаны кең көлемде жүр­гі­зіл­ді. Сол кездегі және одан кейінгі кезде­гі ұлтымыздың бірқатар зиялы қауым өкілі «қожановшылдықты» барын­ша әшкерелеуге тырысып бақты. 1957 жылы ол ақталғаннан кейін де, сол жаз­ғыш­тар республикадағы саясатқа өз ықпал­дарын тигізіп, С.Қожанов туралы шын­дық 1980 жылдардың соңына дейін толық айтылмай келді.

 Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары тарихымыздың ақтаңдақтары зерттеліп, туған жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бүгінгі ұрпақ­қа аманат етіп тапсырған, аттары аталмай келген, еліміздің қалыптасуына ерен еңбегі сіңген хандарымызды, батыр­ларымызды, билерімізді, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, ақын-жырау, жазушыларымыздың мерейтой­ла­рын халық өз инициативасымен тойлап жатты. Осы үлкен маңызды шараларды бір жүйеге түсіру мақсатында республика үкіметі 1993 жылы сәуірде «1993-1995 жылдары республикада мерейтойларды атап өту туралы» арнайы қаулы қабылдады. Қаулыда кімдердің мерейтойлары қай кезде, қай жерде өтетіні толық көрсетілді. Жала жабылып, халық жауы болып атылып кеткен, елімізге еңбегі сіңген ағаларымыздың 100 жылдық мерейтойларын өткізудің 1993-1995 жылдары жоспарланған тізімі бекітілді. Алайда осы қаулыда 1994 жылы 100 жасқа келетін С. Қожановтың мерейтойы туралы ештеңе айтылмапты. Менің облыс әкiмiнiң орынбасары қызметiне енді ғана кіріскен кезім. Облыста С.Қожановтың 100 жылдығын тойлау баспасөз беттерінде, зиялы қауым өкілдерімен кездесулерде көтеріліп жүрген. Үкiметтегiлермен байланыссам, «Бiз бiлмеймiз, қаулы облыстан келген ұсын­ыстар негiзiнде қабылданды», дедi. Мұны толық, тәптіштеп айтып отырған себебім, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рының өзінде С.Қожановтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге деген көзқарастың екіталай болғаны бай­қа­лады. Кемшiлiктi түзету үшiн облыс әкiмi М.Үркiмбаевтың атынан хат алып, Үкiмет басшыларына барып, С.Қожановтың 100 жылдық мерейто­йын өткiзу туралы Үкiмет қаулысын шы­ғаруға күш салдық. Нәтижеде, 1994 жылы 12 сәуiр күнi «С.Қожановтың туғанына 100 жыл толу мерейтойын әзiрлеу мен өткiзу туралы» республика Үкiметiнiң №370 қаулысы кешiгiңкiреп, өз алдына жеке қаулы болып шықты. Қаулы­да мерейтойға байланысты рес­публика көлемiнде көптеген iс-шара жоспарланып, С.Қожановтың 100 жылдық мерейтойы 26-27 тамызда туған жерi Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында өткiзiлетiн болып белгiлендi. Тағдырдың жазуымен Сұлтекеңнің мерейтойын өткізу, 1994 жылы қаңтарда Созақ ауданының әкі­мі болып тағайындалған маған бұйыр­ды. Сол 1993-1994 жылы қыс Созақта ерте түстi және өте суық, қар­лы, боранды болды. Оның үстiне, ел экономикасы тоқырауға ұшыраған, нарық заманы енді ғана басталып, халықтың жағдайы ауыр болған кезең едi. Халыққа керектi отын да, ұн да, жанар-жағармай да, мал азығы да таусылуға айналып, Қаратаудан өтетiн асу жабылып, тұтынушылар одағының жұмысы тоқтап, бiр жылқы бес қап ұнға, бiр қой бес дана сабынға айналған жабайы айырбастың халықты әбден қиналтқан кезi. Дегенмен, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы адамдардың отансүйгiштiк, патриоттық, ұлттық намыс сезiмдерi өте күштi болатын. Той өткiзуге бюджеттен қаржы қарас­ты­рылмаған. Аудан активiн шақырып, ақыл­дастық. Айта кетуiм керек, С.Қо­жа­новтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуде, аудан жұртшылығы ауыр қыстан қиналып шықса да, бұрын-соңды болмаған белсендiлiк танытты. Керек десеңiз, Сұлтекеңнiң тойын өткiзу созақтықтарды бұрынғыдан да бiрiктiрiп, ынтымағын нығайта түстi. Көктемде барлық жерде, әрбiр еңбек ұжымшарларында сенбiлiктер өткiзiлiп, тойды өткiзуге қаржы жинау iсi қызу қолға алынды. Ауданда той өткiзу жөнiнде қор ашылып, оның есепшоты газеттерде жарияланды. Ақылдаса келе «Мерейтойды жоғары деңгейде өткiзу елiмiзге сын, халқының азаттығы жолында құрбан болған боздақтың сүйегiнiң де қайда қалғаны белгiсiз. Сон­дықтан арда азаматымыздың 100 жыл­дығын есте қалатындай етiп өткi­зей­iк», деп келiсіп, С.Қожановтың 100 жылдық мерейтойына 100 ақ киiз үй тiгiп, ортасына қонақтарға арнал­ған 300 орындық хан шатырын орнат­тық. Тойға дайындық барысында рес­пуб­ликалық деңгейде, облыстар мен аудан­дарда Сұлтанбек Қожановтың өмiр жолын айқындайтын ғылыми конференциялар өткiзiлiп, облыстың аудан, қалаларында мектеп, көше аттары берiлiп, бұқаралық ақпарат құралдары беттерiнде әртүрлi мақалалар жарияланып жатты. Осылайша С.Қожанов мерей­тойы тамыз айының 26-27 күн­дерi Созақ ауданында өттi. Той Сұл­те­кеңнiң туған ауылы Ақсүмбеден бас­тау алып, онда үлкен ас берiлiп, құран оқытылып, ескерткiшi ашылды. Ақсүмбе мектебіне ұлы тұлғаның есімі берілді. Ертеңiне Шолаққорған ауылында С.Қожановтың музейi, ескерт­кi­шi ашылды. Ғылыми конференция өткi­зiл­дi. Шолаққорған ауылының орталық көшесі С.Қожановтың есімімен аталды. Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы Сұл­­танбектiң Ленинмен кездесуiн сах­на­лады. 32 шақырымға аламан бәй­ге ұйымдастырылды. Бас бәйгеге елге танымал кәсiпкер С.Сейтжанов сол тұс­тағы төрт дөңгелектiң «төресi» «Вол­га» көлiгiн ұтысқа тiктi. Рес­пуб­ликалық ақындар айтысының бас жүл­де­сi – «Жигулидi» Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова жеңiп алды. Тойға Алматыдан Ө.Жәнiбеков, Ө.Жолдасбеков, Ш.Мұртаза, Д.Иса­бе­ков, Т.Әбдiк, Р.Бердiбаев, Д.Досжан, Ж.Әбдiлдин бастаған елге танымал мемлекет қайраткерлерi, ғалымдар, жазушылар, Ташкенттен қазақ-өзбек достық орталығының төрағасы Қ.Сейдахмет, тарихшы ғалым С.Тiлеуқұлов келдi. Мерейтойға Мәскеуден Сұлтекеңнiң қызы Зиба апай, немересі Светлана келдi. Зиба апай әкесiне байланыс­ты өзiнде бар архив құжаттарын, фото-документтерiн мұражайға өз қолы­мен табыс еттi. Үлкен жиында сөз сөйлеп, әкесiн құрметтеп, той өткi­зiп жатқан елге, Үкiметке үлкен алғы­сын бiлдiрдi. С.Қожановтың 100 жылдығы шын мәнiнде көпке үлгi болатын, кейiнгiлерге тамсанып айтып жүретiн, елдiң ынтымағын күшейтiп, бауырластығын нығайтқан той болды.

Енді алдымызда С.Қожановтың 125 жылдық мерейтойын респуб­ли­ка дең­гейінде атап өту міндеті тұр. С.Қо­жа­нов­тың 125 жылдық мерей­тойын атап өту Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 228 бұй­ры­ғымен бекітілген 2019-2021 жыл­дары өткізілетін мерейтойлар мен атау­лы күндердің тізбесіне енгізілді. Енді тиісті құзыретті органдар мерейтой өткізуге ерекше мән беріп, Астана қаласындағы «Жерұйық» саяба­­ғынан ескерткіш қою үшін арна­йы бөлінген орынға С.Қожановқа еңселі ескерткішін орнатуды, Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қала­ла­рында көшелерге, білім беру ұйым­да­рының (мектеп, колледж, университет) біріне С.Қожановтың есімін беріп, мектеп оқулықтарына есімін енгізу­ді, С.Қожанов туралы жазылған «Сталинмен бетпе-бет» тарихи драмасын (авт. Ж.Әлмашұлы) Астана театрында сахналауды, Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында, Түркістан облысының аудандары мен елді мекендерінде С.Қожановтың туға­нына 125 жылдығына орай әр­түрлі іс-шараны жоғары деңгейде өткізу­ді ұйымдастыруды тапсыру керек. Сонымен бірге С.Қожановтың қоғам­дық-саяси қызметін тереңірек зерттеп, оның өмірі мен қызметіне байланысты Алматы мен Ташкенттің, Мәскеу мен Орынбор қалаларының архивтеріндегі құжаттарды, материалдар мен әдеби шығармаларды жинақтап, реттеп, бас­тырып шығару керек. Олардың арасында бүгінгі ғылымның қажетіне жарайтын, келешек ұрпақтың игілігіне, ұлттың рухын көтеруге қызмет ететін дүниелер жеткілікті. Қорыта айтқанда, С.Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Ол айтыс-тартыспен, саяси күреспен өткен сан-салалы қызметінде топтық, таптық, тіпті партиялық мүдделердің аясында қалып қоймай, әр кез ұлттық, мемлекеттік биіктен табылып отырды. Бұл – біздің өскелең ұрпақ үшін өте қажет үлгі-өнеге.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері