Қазталов ауданындағы Ақпәтер ауылы маңынан Қараөзен ағып өтеді. Қараөзенге Еділдің суы құйылады. Енді осы суға Киров-Шежін арнасы арқылы Жайықтың жанды суы қосылды. Қасиетті Қараөзеннің түбінен жылап аққан арна толыға түсті.
Мен ширек ғасыр осы ауданда қызмет еттім. Аудан халқы бұл жаңалықты ғасырлап күткенін білемін. Сонау ағысқа кедергі түскен кезеңнен бері малға жемшөп дайындау былай тұрсын, ауыз судың өзі үлкен мәселе болатын. Өйткені жерасты су көздері тым тапшы. Құдық қазса, әрі кеткенде 5-10 метр тереңдіктен тұзды су шығатын. Адамдар мал мен жанға суды көлікпен таситын. Енді Жайықтың жанды суы арқылы тіршілікке нәр тарап, өсімдік әлемі мен жануарлар дүниесі өркендейтін болды. Шаруа қожалықтары мал өсіріп, егін егіп, балық ауламақ. Қараөзен мен Сарыөзеннің суы Жаңақала ауданындағы Қамыс Самарға құяды. Онда 80-ге жуық көл бар.
Бұл жобаның жүзеге асуына облыс әкімі Алтай Көлгінов зор қолдау көрсетті. Су арнасының іске қосылуына ұйытқы болып, құрылыс жұмыстарының барысын бастан-аяқ қадағалады. Ресей Федерациясынан келетін суға тәуелділікті азайту мақсатында жүзеге асырылған бұл жоба өте күрделі болатын. Десе де барлық қиындық еңсерілді. Арна бойындағы елдімекендердің тоғандарына су тартылуда. Еділ мен Жайық аралығында қатар орналасқан Қараөзен мен Сарыөзеннің суы арнасынан тасып, балығы тайдай тулайтын күн де жақын деп сенеміз.
Жалпы, бұл қос өзеннің географиялық картадағы атауы «Большой узень», «Малый узень» деп көрсетіледі. Яғни ежелгі атауы «Өзен» болыпты. Бұл атау аталған өзендердің алабындағы ежелгі тұрғындар түркілер, түркі тектес халықтардың мекені болғанын дәлелдейді. Өзендердің қара және сары деп сипатталуының өзінде мән бар. Шынында да Қараөзен суының түсі – қаралтым да, Сарыөзендікі – сарғыш. Мұның себебі арна табанының топырағына (сазына) тікелей байланысты. Сондай-ақ Қараөзен суының молдығы, тереңдігі, арнасының кеңдігі жөнінен Сарыөзеннен асып түседі. Ертеректе бұл өзендердің жағалауы ну орман болған. Сондықтан Қараөзен алқабын «Жалпақтал» деп атаған. ХХ ғасырдың алғашқы жылдарына дейін бұл маңда қырда құланы, суда балығы, көгорай шалғында өсімдік шөптердің алуан түрлері болған. Асан қайғы бабамыз қос өзен туралы:
«Қос өзеннің арасы жайлы мекен
Суы мол, қамысы таудай екен.
Құлыны тайдай екен,
Тайы айғырдай екен.
Жеті жыл қатарынан жұт болса да
Тұяқты мал қалса,
Көбейіп қатары қайтадан толады екен», депті.
Айтса айтқандай, талай қатерге толы 1951-1952-жылдары, 1967-1968-жылдары болған жұтта қыс қаһарлы болса да, екі-үш жылда кеміген мал басы қайтадан көбейетін еді.
Енді, міне, аталған өзендер суға толып, Ресейден тасымалданатын «өлі» суға сұраныс азаятын болды. «Судың да сұрауы бар» демекші, тұрғындар бар суды үнемдеп кәдесіне жаратса, өңіріміз одан әрі өркендей бермек.
Елбасы тапсырмасымен қолға алынған маңызды жоба – Қазталов-Жәнібек-Сайхын автожол құрылысының да биыл басталуы Ақ Жайық жұртшылығы үшін үлкен оқиға болып отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұл мәселені өз бақылауына алғанын зор қуанышпен қабыл алдым. Облыс орталығынан шалғай, 600 шақырымда жатқан киелі жер өркениеттің ең басты игіліктерінің біріне айналатынына қуаныштымын.
Жайсаң АҚБАЙ,
Орал қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы