Спорт • 06 Маусым, 2019

Ең үздік құрамамен кездеседі

866 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2020 жылы өтетін Еуропа чем­пионатының іріктеу турнирі аясында Бельгия және Сан-Марино құра­­мала­рына қарсы кездесу өткізеді. 8 маусымда сырт алаңда Бельгиямен күш сынасса, 11 маусымда «Астана Аренада» Сан-Марино футболшыла­рын қабылдайды.

Ең үздік құрамамен кездеседі

Іріктеу кезеңінің үшінші және төр­­тінші тур аясында Қазақстан құра­­масы рейтинг бойынша әлемнің ең үздік және ең нашар командасымен жо­лығады. Жер­лестеріміз үшін сырт алаңдағы ойын маңызды болмақ. Өйткені ұлттық құ­рама Эден Азар бастаған әлемің ең үздік футболшыларына қарсы ойнайды. Дәл қазіргі уақытта Бельгия ФИФА рейтингінде көш бастап тұр. Жалпы, 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүл­дегері атанған құраманы таныс­тыру­дың өзі артық.

Бельгия құрамасы қазақстандық футболшыларға жақсы таныс. Өйткені екі құрама осымен үшінші рет Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде бір топта сынға түсуде. Ең алғаш 2008 жыл­ғы Еуропа чемпионатының және 2012 жылғы біріншіліктің іріктеу ке­зеңін­де «А» тобында ойнаған. Бұл жолы «I» тобында жолдама үшін таласуда. Жалпы, екі құрама бүгінге дейін төрт рет кездес­кен. Екі ойында тең нәтиже тіркелсе, екі матчта Бельгия футболшылары же­ңіс тойын тойлады.

Екі құраманың алғашқы таныстығы сонау 2006 жылы Брюссельде бас­тал­ған. Тұңғыш рет кездескен қос құ­рама бір-бірінің қақпасына саңылау таба алмай, тең нәтижеге риза болып тар­қасқан еді. Келесі жылы Ал­матының Ор­талық стадионында өткен қа­рымта кез­десуде де 2:2 есебімен тең түсті. Ойындағы есепті алғаш болып 12-минутта Бельгия футболшысы Карел Ге­рертс ашқан болатын. Араға 12-минут салып Кевин Миральяс есепті 2:0-ге жет­кізді. Бірінші тайм аяқ­­талар тұста Қазақстан құрамасынан Дмитрий Бяков есепті қысқартуға мүм­кіндік алды. Екін­ші таймның 75-ми­нутында Самат Смақов пенальтиден есепті теңестіріп, Қазақстан құра­масы­на маңызды бір ұпай сыйла­ған еді.

Араға үш жыл салып екі команданың жолы 2012 жылғы Еуро додасының ірік­теу жарысында қайта түйісті. Алғашқы ойын 2010 жылы қазанда Астанада өтті. «Астана Аренадағы» матчта қонақтар қақпамызға жауапсыз екі гол соғып, Бельгияға маңызды үш ұпаймен оралған еді. Ойындағы екі голды да Марвин Огунжими соққан болатын. Кездесудің 68-минутында қорғаушы Александр Кислицын қызыл қағаз алып, Қазақстан құрамасын қиын жағдайда қалдырып кеткенін де айта кетейік. 2011 жылдың қазан айында Бельгияда өткен қарымта кездесуде алаң иелері 4:1 есебімен же­ңіске жетті. Төрт голдың қарымтасы ре­тінде Қазақстан құрамасы сапынан жалғыз жұбаныш голын Қайрат Нұрдәулетов соқты. Әзірше екі құрама арасындағы текетіресте Бельгияның асығы алшысынан түсіп тұр.

Бельгия әлем чемпионатынан кейін сегіз рет жасыл алаңға шығып, алты ойында жеңіске жеткен. Бір кездесуде тең түссе, бір матчта жеңіліске ұшыраған. Сегіз кездесуде қарсыластар қақпасына 19 гол соғып, өз қақпасына сегіз гол өт­кізіп алған. Бельгия құрамасының қа­зір­гі жағдайы осындай.

Билектің таңдауы

Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек алдағы екі ойында ел намысын қорғайтын футболшыларымыздың тізімін жариялады. Чехиялық маман өткен ойындарға қарағанда бұл құрамды біршама жаңартыпты. Құраманың жаңаруы да заңдылық еді. Өйткені Билек мырза жыл басында бас бапкер болып тағайындалғанда қазақстандық футболшыларды танымайтын және ол бұған дейін Стойлов құрып берген тізімді шақыруға мәжбүр болды. Ал қазір Қазақстан чемпионатындағы бірнеше ойынға арнайы барып, өзіне қажет футболшыны жіті қадағалап, көзге түсіп жүргендерін ұлттық құрамаға шақыра бастады. Мысалы, «Қайсар» клубының қорғаушысы Александр Марочкин мен жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген, «Жетісу» командасының қорғаушысы Ол­жас Керімжанов бар. Сондай-ақ ұлт­тық құраманың ең көп сынға ұшы­райтын шабуыл сызығына Билек мырза екі бірдей жаңа футболшыны шақырыпты. Өткенде ғана «Астана» клубына соққан голы арқылы бірқатар футбол мамандарының көзіне түскен «Ордабасының» шабуылшысы Тоқтар Жаңғылышбай мен «Ақтөбенің» жас шабуылшысы Абат Айымбетовті де алдағы ойынға шақырған.

Михал Билектің бұл жолғы тізіміне қорғаушы Евгений Постников, жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов және шабуылшылар Роман Мұртазаев, Алексей Щеткин, Еркебұлан Сейдахмет секілді футболшылар енбей қалды. Постников ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтаса, Сейдахмет 21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасына шақырту алған.


Бельгия және Сан-Мариномен өтетін ойындарға шақырылған
24 фут­болшының тізімі мынадай:

Қақпашылар: Стас Покатилов («Қайрат»), Дмитро Непогодов («Ордаба­сы»), Игорь Щацкий («Шахтер»);

Қорғаушылар: Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко (барлығы – «Астана»), Ғафуржан Сүйімбаев, Ян Вороговский (екеуі де – «Қайрат»), Александр Марочкин («Қайсар»), Темірлан Ерланов, Сергей Малый (екеуі де – «Ордабасы»), Олжас Керімжанов («Жетісу»);

Жартылай қорғаушылар: Юрий Перцух («Астана»), Бауыржан Исламхан, Исламбек Куат, Георгий Жуков (барлығы – «Қайрат»), Асхат Тағыберген («Қайсар»), Александр Меркель («Хераклес», Голландия), Максим Федин, Азат Нұрғалиев (екеуі де – «Тобыл»), Бактиер Зайнутдинов («Ростов», Ресей);

Шабуылшылар: Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»), Тоқтар Жаңғылышбай («Ордабасы»).