Кеншілер астанасындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен «Мұражайдағы ойыншықтар әлемі» атты көрменің ашылуы барысында шараны ұйымдастырушылар осындай пікірлерді алға тартты.
Мұражайдың ғылыми қызметкері Динара Сақымбай ойыншықтарды таңдаудың зор жауапкершілікті талап ететінін айтады. Онымен баланы қызықтырып, алдарқатып қана қою аздық етеді екен. Мысалы, ойыншықтар балалардың әлем туралы түсінігін бұрмаламай, керісінше оны дамытып, жан дүниесін байытуы тиіс.
– Ең көне ойыншықтардың бірі – қуыршақ. Көрмеге кеңес дәуіріндегі және 90-жылдардың басындағы ойыншықтар қойылды, – дейді ғылыми қызметкер.
Көрмеде мұражай қызметкерлері әр жылдары жинаған 115 ойыншық келушілер назарына ұсынылды. Олардың ішіндегі ең көнесі – емен ағашының жоңқасымен толтырылған 1964 жылғы пүліш аю болып шықты.
Ойыншықтардың басым бөлігін белгілі бір оқиғаларға орай жасалғандары құрайды. Мысалы, 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада додасы және басқа да айтулы даталар тақырыбына арналған ойыншықтар көзге бірден түсіп, назарды еріксіз аударады.
Сонымен қатар көрмеде өткен ғасырдың 80- жылдары облыстағы Осакаровка жиһаз фабрикасында ағаштан жасалған ойыншықтар – «Чайка» тігін машиналарының модельдері, жүк көліктері, балдырғандардың жиһаздары келушілерге кәдімгідей ой салып, кешегі тарихқа баланың көзімен үңілуге жетелейді. Қиялдың қанатына міндіріп, балалық балдәурен шақтың сиқырлы әлеміне саяхаттап қайтуға шақырады.
ҚАРАҒАНДЫ