Қоғам • 07 Маусым, 2019

Түнгі сот қаншалықты тиімді?

1280 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан бір жыл бұрын маусым айынан бастап Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы аясында қолға алынған «Түнгі сот» қанатқақты жобасы іске қосылды. Атауы аңғартып тұрғандай, соттың бұл түрі туындаған даудың түйінін тарқатудың реті күндіз келмесе, оны кешіктірмей кешқұрым болсын шешіп тастауға қолайлы болды.

Түнгі сот қаншалықты тиімді?
Сингапурдың тәжірибесіне сүйеніп әзірленген «Түнгі сот» жобасы бүгінде өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Бұл жоба дау­ды уақыт жоғалтпай, кейінге қалдырмай шешуге мүмкіндік берді. «Түнгі сот» әдеттегі со­т тәр­тібімен жұмыс істейді. Ерек­­­­шелігі, әкімшілік істер са­ғат 18.30-дан 22:00-ге дейін­ қара­лады. Яғни, сотқа қа­тысу­шыларға бұрынғыдай жұмысынан сұра­ну­дың қажеті болмайды. Ол үшін екі шарттың орындалуы мін­детті: алдымен әкімшілік құқық бұ­зушы өз кінәсін мойын­дауы қажет және тараптар істі кешкі уақытта қарауға келісім беруі керек.

Қазіргі таңда «Түнгі сот» 16 облыстың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жүзеге асырылып жатыр. Бұл сотта көбіне жол-көлік оқи­ғалары қаралады және ондай оқиғалардың орын алуына себеп айқын және талассыз болса, сот қаулысы әрі кетсе үш тәу­ліктің ішінде шығады. Сондай-ақ қысқа мерзімде келтіріл­ген материалдық зиянның орнын толтыру үшін сақтандыру ком­паниясынан жәбірленушіге бері­летін төлемақыны жеделдетіп алуы­на көмектеседі. Осы жобаның арқа­сында сақтандыру төлемдерін алуға кететін уақыт 100 күннен 15 күнге қысқарған.

Жалпы, республика бойынша «Түнгі сот» шеңберінде 15 490 әкімшілік іс қа­рал­ған. Осы ретте қанатқақты жоба нәти­же­лерінің қаншалықты тиімді екенін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкім­ші­лік сотының төрағасы Уәли­хан Рах­ма­тул­лаевтан нақ­ты­лап сұрап білдік. Оның ай­туынша, «Түнгі сот» жобасы барысында елордада 2018 жылы 2441 әкім­­­шілік іс қаралған. Жобаның бі­рінші айының өзінде, нақтысы 4 мау­сым мен 13 шілде аралығында 382 іс қозғалыпты. Оған қатысқан 795 адамның 413-і зардап шеккендер екен. Ал 2019 жылдың басынан бастап бес айда 5 мыңнан аса адам қатысқан 2601 іс қаралыпты.

Сот көбіне Әкімшілік құқық бұ­зушылық туралы кодекстің 610-бабына сәйкес көлік құрал­да­ры жүргізушілерінің адам ден­саулығына, көлік құралдарына немесе басқа мүлікке зиян келтіру істерін қараған. Ал қазан айынан бастап соттың бұл жүйесі от­басылық-тұрмыстық қарым-қатынас аясында туындаған дауларды қарай бастады. Бұл тұрғыда қозғалған істердің дені екі жақтың татуласуымен аяқталған. Сондай-ақ ӘҚБтК 517-бабына сәйкес көші-қон заңнамасына байланысты істер де енгізілген. Бұл әуежайда құжатынан шикілік шығып бөгеліп қалған шетелдіктердің мәселесін шұғыл түрде, шығынсыз сол күні шешіп, жолынан қалдырмауға жағ­дай жасады.

«Осы жобаның іске асырылуы сот төрелігі жұмысының нә­ти­же­леріне оң әсерін тигізіп, жалпы тәртіпте қаралатын әкімшілік істердің саны қысқарды. Мәселен, күндіз судьялардың жүктемесі айтарлықтай азайып, бұл неғұрлым күрделі істерді қараудың сапасын арттыруға негіз болды және басқа да істер бойынша апелляциялық шағымдардың саны сиреді. «Түн­гі соттың» алғашқы жеті айы­­ның статистикасына сәйкес бір судьяның жүктемесі айына 50-55 іске төмендеді. Мысалы, 2018 жылдың маусымына дейін бір судья орташа есеппен айына 300-330 іс қараса, қазір 250-260 іске қысқарған. Яғни, бір судья бір күнде 10-11 іс белгілейді. Ал 2017 жылы бір күнде 25-тен 40 іске дейін қараған. Бұған қо­са істі мұқият және сапалы қа­рау үшін, әсіресе мемлекеттік ор­ган­дардың әрекеттері мен ше­шім­­деріне шағым жасау үшін біраз уақыт табылды. Әкімшілік материалдардың келіп түскен күні, дереу қаралуы азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыр­ды. «Түнгі сотта» талассыз істердің ықшамдалған тәртіппен қаралуы азаматтардың күнделікті жұмыстарынан қол үзбей, уа­қыт­тарын тиімді қолда­нуына мүм­кіндік берді. Оның үс­тіне кешкі уақытта адам саны да аза­йып, келгендер кезегін көп күт­пестен, ісі тез ыңғайланады. Сон­дық­тан азаматтар тарапынан бұл жоба­ға қатысты теріс пікірлер мен шағым­дар түскен жоқ», дейді У. Рах­матуллаев.

Былтыр қарашаның соңында әкімшілік сот судьялары мен Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілдері қатысқан дөң­гелек үстел өтіп, онда «Түн­гі сот» жұмысының нә­ти­же­лері талқыланды. Құ­қық қорғау ор­­гандарының өкіл­дері жобаның аза­маттардың на­ра­зылығын азай­туға септігін ти­гізгенін айтып, одан әрі заңнама­лық деңгейде қол­данысқа енгізуді жалғастыру қажет­тігін мәлімдеді.

Сол жиында Нұр-Сұлтан қа­ласы ІІД Жергілікті полиция қызметі «Түнгі сотқа» қоғамдық тәртіпті бұзуға байланысты істерді қарау туралы ұсыныс білдірді. Бұл ұсынысты қатысушылар бір­ауыздан қолдаған.

Сонымен қатар «Түнгі соттың» тиім­ді­лігін арттыра түсу үшін Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және «Төрелік» жүйесінде қысқаша қаулы үлгісін енгізу туралы ұсыныс жасалды. Түнгі судья бір айда 400, әр кеште 20-50 істі қарағандықтан, қаулылар келесі күні беріледі. Бұл туралы сол күні смс арқылы ха­барланады. Қазіргі таңда жол-кө­лік оқиғаларының көбеюінің сал­дарынан сотқа түсетін салмақ та ауырлаған. Мысалы, өткен жыл­дың желтоқсанындағы 15 жұ­мыс күнінде «Түнгі сот» 402 іс қараған. Қатысушылардың саны 900-ге жуық адам, бір кеште елор­далық әкімшілік сотқа 70-90 адам келген.

Жол-көлік оқиғаларын тез тіркеп, тиісті құжаттарды толтыру да едәуір жеңілдеді. Оның бір мысалы, құқық қорғау органдарының өкілдері процесті автоматтандыру туралы ұсынысты қолдап, 2019 жылдың қаңтарынан бас­тап учаскелік инспекторларды қосқанда әрбір полиция қыз­мет­кері электронды планшетпен қам­тамасыз етілді. Бұл жол үс­тінде орын алған жағдайды парақ­қа жа­зып немесе бөлімшеге барып әуре болмай, сол жерде реттеуге ыңғайлы болды.