Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Н. Кәрбенов кіші сержант Ерлан Райымқұловтың марапатын марқұмның отбасына табыс етті.
– Ерланның батыл ерлігі әрбір қазақстандық үшін үлгі. Себебі жанқиярлық пен батылдықты қызметтік міндетті орындау кезінде ғана емес, сонымен бірге кез келген өмірлік жағдайда танытуға болады. Ерлан қиын кезде өз таңдауын жасады. Оның таңдауы мен жасаған әрекеті батып бара жатқан балаға өмір сыйлаған мақтан тұтарлық әрекет болды. Мұны әсте ұмытуға болмайды. Өзінің ерлігімен ол қазақстандық әскери қызметшінің Ар-намыс кодексіне сай әрекет етті, – деген ӘҚК бас қолбасшысының орынбасары, авиация генерал-майоры Т.Қойшықұлов, сондай-ақ осындай өнегелі тәрбие бергені үшін қаза болған әскери қызметшінің анасына зор алғыс білдірді.
Естеріңізде болса, қайғылы оқиға 10 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында тапа-тал түсте «Газмашаппаратура» бау-бақша ауданында болған еді. Судағы итіне қарай ұмтылған
12 жасар қыз бала суға қарғиды. Бірақ жеткіншекті екпіні қатты қызыл су итімен қоса ағыза жөнеледі. Мұны кездейсоқ көріп қалған кіші сержант Е.Райымқұлов суға ойланбастан секіреді. Алайда әскери қызметшінің өзі судан шыға алмай қалады. Сөйтіп айтып келмейтін ажал Ерланның өмірін қиып, көзсіз ерлік көрсеткен марқұмның артында әйелі мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды.
Әріптестері Ерланның ерлігі бұл әскери қызметшілер үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін де жанқиярлық пен қайсарлықтың үлгісі екендігін айтады.