Мұрат Қастаев бізге берген сұхбатында «Сайлау қарсаңында валюта нарығында дүрлігудің бар екені байқалады, девальвация болуы мүмкін, сөзсіз девальвация болады деген ақпараттар халықтың арасында шиеленістің тууына әкелуде. Біздің ойымызша, девальвацияның болуына еш себеп жоқ. Нарықтың қандай да бір ойыншылары осы тақырыпты қоздырып, осының арқасында пайда көргісі келетін сияқты. Ұлттық банктің саяси еркі мен белсенді ұстанымы нарықты тыныштандырып, оны тепе-теңдік жағдайына әкелуге тиіс», – деп жауап берді.
Осыған дейін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев журналистерге девальвация бола ма, жоқ па деген мәселені талқылауға құлқы жоқ екенін айтқан еді.
Алайда 3 маусым күні ол «Биылғы жылдың мамыр айындағы мұнай бағасы сияқты факторға мән беретін болсақ, ұлттық валютаның әлсіреуі 0,4% (381,08 теңгеден 382,56 теңгеге дейін) болды. 27 мамырдан бастап 3 маусымға дейінгі аралықта 1,2%-ға (бір доллар 379,86 теңгеден 383,94 теңгеге дейін) әлсіреген», – деп түсіндірді Ерболат Досаев.
Ұлттық банк валюта нарығында валюталық интервенция жасаған-жасамағанын айтпай отыр. АҚШ доллары мен қазақ теңгесі бағамы туралы ақпараттарда ресми биліктің ұстанымы емес, ел аузындағы жел сөз жеңіп жатыр. Тіпті кеше елде тиындарды айналымнан шығарып тастады деген хабар жетті.
Ұлттық банк те, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы атынан сөз алған қаржылық қауымдастық та бұл ақпаратты арандатушылық деп таныды. Себебі ЕАЭО туралы келісімшартта бірыңғай валюталық одақты құру және бірыңғай валютаны енгізу қарастырылмаған. Оның алдағы 5 жылда қайта көтерілуі мүмкін де емес. Олардың пайымдауынша, қаржылық реттеушінің бірыңғай орталық банкін құрып, оған бірыңғай валютаны енгізуді ұлттық органдардан жоғары тұратын органға бермейінше, бұл мүмкін емес шаруа.
Кеше түстен кейін KASE-де Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы алдындағы соңғы күндізгі сауда болды. 9 маусым күні қазақстандықтар мемлекеттің жаңа басшысын таңдауға барады, одан кейін халықтың маусымда шетелдік валютаны қаншалықты сатып алғанын және оның қаншалықты пайдалы болғанын білетін боламыз.
10 маусым күні қазақ теңгесінің нарықтық
бағасы белгілі болады.