09 Маусым, 2019

Өскеменде сайлаушылар қымыздарын ішіп, дауыстарын беріп жатыр

878 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықтың дауыс беруге белсенді түрде келіп жатқанын мектеп сыртындағы қаптаған көліктерден-ақ аңғаруға болатындай.

Өскеменде сайлаушылар қымыздарын ішіп, дауыстарын беріп жатыр


Шығыс Қазақстанда дауыс беру жалғасып жатыр.

Үш сағат бұрын облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі №42 мектеп ғимаратында орналасқан №9 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Біз қаладағы Жібек маталар ықшам ауданындағы №46 орта мектепте орналасқан №95 және 97 сайлау учаскелеріне барып, дауыс беру процесін көріп қайттық.

Халықтың дауыс беруге белсенді түрде келіп жатқанын мектеп сыртындағы қаптаған көліктерден-ақ аңғаруға болатындай. «Тұрғындар өте белсенді. Сағат 7-ден бері толассыз келіп жатыр. Біздің аудан - жастардың ауданы. Жаңа үйлер көптеп салынып жатыр. Жастар ата-анасымен, бала-шағасымен келіп жатыр. Міне, қазіргі уақытта, сағат 11:30-да сайлаушылардың үштен бір бөлігі дауыс берді деуге болады. Дауыс беру процесін екі бақылаушы бақылап отыр. ТМД бақылаушылары сәл кейінірек келеді» дейді №97 сайлау комиссиясының төрағасы Светлана Афанасьева.

Осы сайлау учаскесінде дауыс беріп шыққан ақсақалды да сөзге тарттық. «Не айтам?! Өзім қалаған адамға дауыс бердім. Біз жаңа көшеде тұрамыз. Таяуда Алматыдан келіп едім. Бір кемшілік, үгітшілер бізге келмеді, қай учаскеден дауыс беретінімізді айтпады» дейді Өскемен қаласының 77 жастағы тұрғыны Әскербек Мұсабеков.

Осы мектептің кіреберісінде орналасқан №95 сайлау учаскесінде кісі қарасы тіпті қалың екен. Сайлау учаскесіне кірмес бұрын мектеп ауласында ақжаулықты әжені жолықтырдық. «Жастар патриот болыңдар» деген Өскеменнің қарт тұрғыны Гүлзипа Матаева, жасы 83-те, облыс орталығына 1995 жылы көшіп келгенін, бұрын Күршім ауданында мұғалімдік қызмет атқарғандығын айтты.

№95 сайлау учаскесінің кіре берісінен сатушылар орын алыпты. Қымыз, басқа да тамақ өнімдерін саудаға қойыпты. Кейбір адамдар кезекке тұрып, қымыздан дәм татып жатты. Ал іште дауыс беру кезегінде тұрған тұрғындар қатары қалың екендігін аңғардық. Тұрғындардың көптігі сондай, №95 сайлау комиссиясының төрайымы қолының тимей жатқандығын айтып, сұрағымызға жауап беруге мүмкіндігі жоқтығын жеткізді. Десек те осы сайлау учаскесіндегі бақылаушылардың бірін аз-кем әңгімеге тарттық. «Таңғы сағат 7-ден бері бақылап отырмыз. Халық өте белсенді. Ешқандай заң бұзушылықты байқаған жоқпыз. Бұл мектепте екі бірдей сайлау учаскесі орналасқан. Осы учаске бойынша 2437 адам дауыс береді екен» дейді «Аманат» азаматтық платформасы атынан сайлауды бақылап отырған бақылаушы Болат Айтмұхамбетов.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда 1040 сайлау учаскесі құрылған. Ал облыс орталығы – Өскемен қаласында 120 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ