Әлем • 10 Маусым, 2019

Головкин нокаутпен жеңді

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше кәсіпқой бокста­­ғы ор­та салмақта жұдырық­та­сатын әлемнің экс-чем­пионы, отандасымыз Ген­надий Головкин АҚШ-тың Нью-Йорк қала­сындағы Madison Square Garden спорт ке­шенінде канадалық Стив Роллспен жекпе-жек өт­кіз­іп, қарсыласын төр­тін­ші раундта нокаутпен жең­ді.

Головкин нокаутпен жеңді

Соған орай, даңқты спорт­шы­мызға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құт­тық­тауларын жолдап, ақ тілектерін жеткізді.

Ел­ба­сы хатында бокс­ш­ы­­ның жоғары дәрежедегі ерік-жігері мен талмас рухын та­нытқ­анын айта келіп: «Өзің­ді ұдайы шыңдауың және алға ұм­ты­лысың саған көптеген спорт шың­­дарын бағындыруға мүм­кіндік берді, ол қазақ­стан­дық спорт­шылардың жаңа буы­ны ү­шін үлгіге айналды», деп атап өткен. Елбасының құттықтауын бас­па­сөз хатшысы Айдос Үкі­бай өзінің Твиттер­дегі парақшасында жариялады. 

Ал Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев өзінің Твиттердегі парақшасында: «Еліміздің мақтанышы Геннадий Голов­кин кезекті сенімді жеңісімен қазақстандықтарды қуантып, тағы да өзінің жігерлі рухы мен шеберлігін көрсетті! Жарайсың, Гена! Қазақстандықтар қашан­да сені мақтан етеді! Жеңіс құтты болсын!» деп жазды.

Әлемдік бокс мамандары мен жанкүйерлері бұл жекпе-жек­ті тағатсыздана күткені анық. Өйткені бұл кездесу Голов­­кин үшін тағдыршешті ай­қас еді. Отандасымыз былтыр қыр­­­­күйек айында мексикалық Сауль Альварестен жеңілгеннен кейін бірқатар бокс мамандары Головкиннің дәуірі аяқталып, бұдан кейінгі қарсыластарына шамасы келмейді деген сыңай­дағы пікірлерін айтып жатқан-ды. Бапкер ауыстырғанда да­ Голов­киннің тарапына­ біраз сыни пікір айтылды. Ал бұл айқас сол айтылған пікір­лер­ге, отандасымызға сенім­сіз­дік білдірген бокс жанкүйер­ле­ріне беретін нақты жауап бо­латын. Бокс кешіне келген жанкүйерлердің көбі осы сұрақ­қа жауап алу үшін кел­ген-ді. Сондай-ақ осыдан бір апта бұрын өткен аса ауыр салмақ­тағы бри­таниялық Энтони Джошуа мен мексикалық Энди Руис ара­сындағы жекпе-жектің сцена­рийі қайталана ма екен деген ой бүкіл жанкүйерді Madison Square Garden аренасына жетелегені де белгілі. Ол кездесу де дәл осы спорт кешенінде өткен болатын. Тіп­ті канадалық Стив Роллс Го­лов­кинге қарсы жекпе-жек алдында ырымға балап, Руистің киім ауыстыратын бөлмесін де таңдап алғанын БАҚ беттерінен оқып, көзіміз шалып қалды.

Жекпе-жекке тоқталар бол­сақ, бірінші раундта екі бокс­шы да аңдысумен, бірін-бірі бақы­лаумен жүрді. Головкин аса сал­қын­қан­дылықпен қимылдап, аяқ­та және қорғаныста әбжіл қимылдайтынын аңғартты. Екінші раундта Головкин аздап шегініп, жекпе-жек тізгінін Роллсқа беруді жөн санады. Өз кезегінде канадалық боксшы бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануға тырысып, Головкинге соққы да­ры­туға ұмтылды. Бірақ Голов­кин­­­ канадалық боксшының өзіне еш­қандай қауқар көрсете алмайтынын аңғарып, үшінші раундтан бастап қарсыласын соққының астына алды. Тіпті Головкиннің дәл соққылары Роллсты есеңгі­ретіп жібере жаздады. Соған қа­рамастан, канадалық бокс­шы­ тө­пелеген соққыдан сыты­лып шы­ғып шабуылдауға тырыс­ты. Ал төртінші раундта Голов­киннің сериялы соққылары Рол­лсты нокаутқа түсіріп тынды. Бас­­­тан және жақтан тиген ауыр соққыдан кейін канадалық бокс­шы орнынан көтеріле ал­ған жоқ. Бұл Головкиннің карьера­сындағы 39-ы жеңісі.

Головкиннің бұл жекпе-жек­тегі ресми гонорары 2 миллион дол­лар. Бірақ жарнама, телетрансляциядан түсетін табысын қоса есептегенде шамамен 15 миллион доллар шамасында қаржы табады. Ал қарсыласы Стив Роллс 300 мың доллар қаржыға кенелді. Бұл сома оның карьерасындағы ең көп гонорар.

Сондай-ақ бұл бокс ке­шін­де Геннадийден бөлек, тағы екі отандасымыз жұды­рық­­тасты. Екінші орта сал­мақ­та жұдырықтасатын Әли Ахмедов жергілікті боксшы Маркус МакДэниэлмен WBC International белдігі үшін сынға түсіп, жерлесіміз үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Ал тағы бір жерлесіміз Бақ­тияр Эюбов америкалық бокс­шы Брайан Себальоден ұпай саны бойынша жеңіліп қады.

Головкиннің бұл жеңісінен кейін көп жанкүйердің көкейінде «күз мезгілінде Головкин- Канело арасындағы жекпе-жектің трилогиясы бола ма?» деген сұрақ сайрап тұрғаны анық. Геннадийдің өзі де бұл айқасқа қарсы емес еке­нін жеткізді.

Ресейлік бокс сарапшысы Гри­гори Стангриттің сөзінше, орта салмақ алыптарының кез­десуі биыл болмайды. «Головкин мен Альварес арасындағы үшін­ші жекпе-жек өтетініне се­нім­дімін. Бірақ күзде өтеді дегенге сенбеймін. Өйткені қазіргі таң­да екі боксшы да DAZN теле­серік­тестігімен келісімшартқа отыр­­ған соң, аталған телеарнаның мақ­саты екі боксшының үшінші жек­пе-жегінен қыруар қаржы табу болатын. Сондықтан кездесу уақытын созған сайын жан­күйердің қызығушылығы артып, көп қаржыға кенеледі», дейді Стан­грит. Ал Головкиннің өзі биыл жыл соңына дейін үш жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр.