Әлем • 10 Маусым, 2019

Сауда соғысы тыңшылықты әшкере етуде

346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдік экономикаға үстемдік жүргізуге та­­ласқан алпауыт елдер – АҚШ пен Қытай ара­сындағы сауда соғысында жекелеген ком­пания­лар құрбандыққа шалына бастады. Бұл бір жағынан алып қарағанда, нарыққа тән құ­былыс секілді болғанымен, қазір таяқтың бір басы осы елдердің ұлттық қауіпсіздігіне тіре­ліп тұр. Өз кезегінде, бұл шатақ АҚШ пен Қытай­ға ғана қатысты болғанымен, үшінші мемлекеттерде де қатысты ойланарлық мәселелер жоқ емес.

Сауда соғысы тыңшылықты әшкере етуде

The Times басылымы АҚШ-тың Бас барлау басқармасы қытайлық Huawei компаниясы Қытай билігінен, оның ішінде барлау құрылымдарынан қаржылық көмек алып келгеніне күдіктеніп отыр­ғанын жазды. Сөйтіп, Ұлыбританияға бесінші буын технологияларын жүргізуге белсене кіріскен қы­тайлық компанияның басы дауға қалды. Бұл бір жағынан жаңа технологияларды енгізуде көш басына шыққан компанияға тұсау салу болса, екінші жағынан Қытайдың үстемдігіне қарсы тұрудың амалы болса керек.

Америка барлауының мәліметтеріне қарағанда, Huawei Қытай ұлт-азаттық армиясынан, Ұлттық қауіпсіздік комиссиясынан және Қытай мемлекеттік барлау желісінің үшінші бөлімшесінен қомақты қаржы алған. Осы арқылы жеке және заңды тұлға­лар­дың мәліметтерін Қытайдың барлау қызметіне беріп келген.

Міне, АҚШ-Қытай сауда соғысының өршіген тұсында мұндай мәлімет қолына тиген АҚШ президенті Дональд Трамп 15 мамыр күні шетел­дік қауіп-қатерлерден ұлттық ақпараттық-комму­никациялық инфрақұрылымдарды қорғау үшін елде төтенше жағдай жариялады. Дәлірек айтқанда, ол америкалық телекоммуникациялық компанияларға елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін шетелдік тасымалдаушылардың құрыл­ғыларын сатып алуға тыйым салатын жарлық шы­ғарды.

АҚШ Сауда министрлігі жедел түрде қауіп келтіруі ықтимал компаниялардың тізімін жасап, оған Huawei алғашқылардың бірі болып енгізілді. Әлемдегі телекоммуникациялық құрылғылар мен тұтынушылық электроника өндірісіндегі маңдайалды компания санатындағы Huawei басшылығы бұл тізімнің астарында саяси мүдде жатқандығын ұғынып һәм түйсініп отыр. Енді жарлыққа байланысты америкалық өндірушілер ел үкіметінің келісімінсіз қытайлық компаниямен қарым-қатынас жасай алмайды.

Қазір Huawei компаниясына салынған қосар­ланған санкцияның дүрмегі шектен шығып барады. Қытайлық компаниямен байланысын ал­ғашқылардың бірі болып Google үзді. Кенеттен ат құйрығын кесісу Google үшін де оңайға соғып отырған жоқ. Басты нарықтан айырылу оған да үлкен соққы болып тиді. Тіпті Google компаниясы қытайлық басты тұтынушысынан айырылса, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келетінін айтып дабыл қағып жатыр. Өйткені қысым жалғаса беріп, шектеулер алынбаса Google-дің өнімі Android қытайлық компанияларға керексіз болып қалып, олар өз нұсқасын жасап шығаруы бек мүмкін. Бұл – үстемдіктен айырылу мен орасан шығынға бату деген сөз.

АҚШ шешіміне Қытай тарапы да жауап қайтаруға дайын. Қытайлық Global Times газетінің бір санында Қытай өз тарапынан қытайлық компаниялар мен жеке тұлғаларға қысым көрсетушілердің қара тізімін жасауға кіріскендігі хабарланды. Бұл туралы ҚХР Сауда министрлігі мәлімдеген. Ресми түсініктемеде бұл ұйғарым «коммерциялық емес себептерге байланысты қысым көрсетушілер» тізімі деп көрсетілген.

Бұған дейін аталған басылымның бас редакторы Ху Сицзинь Твиттердегі парақшасында «Бейжің мұндай жағдайларға үнсіз қарап отыр алмайды. Алдағы күндері қарсы шаралар болады» деп жазған болатын.

Дональд Трамп саудадағы басты қарсыласына Еуропаның бірқатар мемлекеттерін де тартып үлгерді. Атап айтқанда, неміс тарапы қытайлық Huawei компаниясымен байланысын жалғастыра берер болса, АҚШ өзінің барлау мәліметтерімен бөліспейтінін ашық айтты. Бұл сақтандыру ма, әлде  қыспаққа алу ма, әйтеуір Еуропа әзірге АҚШ-тың ұсынысын кері қайтара алмасы анық.

Жалпы, CNN телеарнасының хабарлауынша, Huawei компаниясы мен оның қаржы директоры Мэн Ваньчжоу қаңтар айында T-Mobile компаниясының коммерциялық құпияларын сатып алуға талпынысы және АҚШ-тың Иранға салған санкияларын айналып өтпек болғаны үшін АҚШ тарапынан ресми айыпталған. Ал АҚШ-тың бас прокуратурасы Huawei-дің T-Mobile компаниясының смартфондарды сынақтан өткізу жүйесін қолға түсіруге әрекет жасағанын анықтаған.

Осының алдында Польша үкіметі де Huawei компаниясы қызметкерлерін Варшаваға қарсы тыңшылық әрекеттері үшін қамауға алған болатын.

Ақпараттық технология мен телекоммуникация саласына қытайлықтардың дендеп енгендігін ескерсек, қазір әлем елдері етек-жеңдерін жинауға кірісті. Осындайда халқымыздың «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген нақылы еске түседі. Сақтықта қорлық жоқ. Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы осылайша көптеген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты көзқарастарын өзгертуде.