Сайлау • 10 Маусым, 2019

Жарқын болашақ үшін дауыс берілген тарихи күн

562 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Еліміздің алдағы даму бағдарын айқындауда үлкен маңызға ие Президент сайлауы демократиялық үрдіске сай таза әрі әділ өтті. Осынау саяси науқанға сайлаушылар аса жауапкершілікпен қарап, бір кісідей өз таңдауларын жасады.

Жарқын болашақ үшін дауыс берілген тарихи күн

Бүгінгінің бүлкілі, бүкіл ел құлақ түрген жер-жердегі дауыс беру процесі туралы елордадағы Орталық сайлау комиссиясынан хабар таратылды. Сайлау сағаты соғып тұрған осы күннің әр сәті сайлаушылардың белсенділігімен өл­шенді. Мемлекет іргесінің мы­ғым­дығы мен халқының бір­тұтас­тығының көрі­нісіндей Қазақстан картасы бейнеленген экранда өңірлердегі сайлау барысы кезең-кезеңімен назарға ұсынылды.

7.15. – Сайлау учаскелерінің есігі айқара ашылды. Кеше Қазақ­­стан­­дағы Президент сайлауы жер­­гі­­лікті уақыт бойынша таң­ғы сағат 06.00-де бастал­ды. Орта­лық сай­лау комиссиясы төр­аға­­сы­­ның орын­басары Константин Петров сай­лау учаскелерінің сайлау­шы­лар­ды қабылдауға дайын екенін мә­лім­деді. Оның айтуынша, «Қазақ­­стан Республикасындағы сай­­лау туралы» Конституциялық заң­­ның 8-бабы 1-тармағына сәйкес Пр­ези­­дент сайлауы уақтылы басталды.

Аталған заң­нама бойынша сайлау комиссиялары дауыс беру басталмастан бір сағат бұ­рын учаскелерді ашуға кірісті. Сол сияқ­ты дауыс беру кезеңіне 30 минут қал­ғанда сайлау комис­сияларының төраға­лары комиссия мүшелерінің қаты­суымен дауыс беру жәшіктерінде бюл­летеньдердің бар-жоғын қарап, оның бүтіндігін тексеріп, жә­шік­терді дауыс беру үшін бекі­тіп, мөрлеп қойды. Сай­лау учас­келерінің төрағалары бюл­ле­­тень­дерді сайлаушыларға беретін комиссия мүшелерін де айқындайды. «Осылайша түскен ақпараттарға сәйкес Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 07.00-де 8 023 учаскеде дауыс беру басталды. Дауыс беруге кіріс­кен учаскелердің ішінде 48 сайлау учаскесі сәйкесінше аумақ­тық сайлау комиссиясының шеші­мі­мен дауыс беруге сағат 06-00-ден бастап кірісті. Аталған учаске­лер­ді сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың саны 9 627 073 адамды құрады», деді төр­аға орынбасары. Ал бас­қа сағат белдеуінде жатқан 4 өңір­де дауыс беру Нұр-Сұлтан уақы­ты­нан бір сағат кейін басталды. Олар – Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақ­стан, Маңғыстау облыстары.

8.15. – Дауыс беру қарқын алды. Орталық сайлау комиссия­сы­ның хатшысы Сәбила Мұста­фина таңертеңгі сағат 8.00-де еліміз аймақтарындағы барлық учаскелерде дауыс беру қарқын алғанын жеткізді. Бұл кездегі аймақтар ұсынған ақпарат бойынша 9920 сайлау учаскесі дауыс беру рәсімін бастады. Оның ішінде шетелдегі 15 мем­ле­кет­тің ішінде 17 сайлау учаскесі бар. Олар – Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Малайзия, Моңғолия, Сингапур, Тайланд, Индонезия, Қырғызстан, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Түрікменстан, Өзбек­стан және Тәжікстан. Ал жалпы тізімге енген сайлаушылар саны 11 947 995 болған. Оның айтуынша, учас­ке­лік сайлау комиссиялары есептен шығару куәлігін 35 951 адамға берген. Бұл есептен шығару куәліктерін алған сайлаушылар кез келген басқа сайлау учаскесінде жеке куәлігі мен есеп­тен шығару куәлігін көрсету арқылы дауыс бере алады.

Түсінікті болу үшін айта кетер бір жайт, бұдан бұрын Қазақ­стан Респуб­ли­касы Орталық сайлау комиссиясы­ның отырысында жекелеген сайлау учас­келерінде дауыс берудің өзге кесте­сін айқындау мәселесі қаралған еді. Сонда аумақтық сайлау комиссиялары кейбір сайлау учаскелерінде да­уыс беру уақытын таңғы сағат 06.00-ден бастап белгілеу туралы заңнамаға сәйкес қабылданған шешімдер туралы баяндалған. Осыған сәйкес 48 сай­лау учаскесі жергілікті уақытпен таң­ғы 7-де емес, 06.00-де ашылды. Ал әс­ке­ри бөлiмдерде, демалыс үй­лерiнде, сана­торийлерде, тұрақ­ты емдеу-профи­лак­тикалық меке­мелерiнде, тергеу изолятор­лары мен уақытша ұстау изолятор­ларында құрылған сайлау учас­келерінде егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау ко­мис­сиясы дауыс берудi кез келген уа­қытта аяқталды деп жариялай алады.

Осы­лайша сайлау күні еліміз және шетелдерде 9967 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болды. Барлық деңгейдегі сайлау органдары дауыс беру күні барлық сайлау рәсімдерін қатаң сақтауға тиіс. Бұл орайда дауыс беру құпиясы қамтамасыз етіледі. Ал дауыстарды санау процедурасы барынша ашық жүргізіліп, алдын ала дауыс беру қорытындылары қысқа мерзімде жарияланады.

10.00. – Ақмолалық сайлаушылар таңертеңнен ерте қамданды. Осы уақыт­қа дейін дауыс беруге келген елдегі сайлаушылар туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Их­данов айтып берді. Оның айтуынша, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларының ұсынған мәлі­меттеріне сәйкес 2019 жылғы 9 мау­сым сағат 10.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сай­лаушылардың 12,8%-ы сайлау бюллетеньдерін алған. Олардың ішінде: Ақмола облысы бойынша – 20,5%; Ақтөбе облысы бойынша – 16,0%; Алматы облысы бойынша – 17,7%; Атырау облысы бойынша – 8,5%; Шығыс Қазақстан облысы бо­йынша – 15,5%; Жамбыл облысы бо­йынша – 18,5%; Батыс Қазақстан облысы бойынша – 7,4%; Қарағанды облысы бойынша – 10,1%; Қызылорда облысы бойынша – 11,1%; Қостанай облысы бойынша – 12,8%; Маңғыстау облысы бойынша – 9,7%; Павлодар облысы бойынша – 11,4%; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 14,2%; Түркістан облысы бойынша – 14,5%; Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 10,3%; Алматы қаласы бойынша – 4,1 % және Шымкент қаласы бойынша – 11,9%. Бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы көш бастады.

12.00. – Ақтөбе облысы алға шықты. Араға екі сағат салып Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлеймен 12.00.-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 35,1%-ы сайлауға қатысқанын хабарлады. Олардың ішінде: Ақмола облысы бойынша – 45,9%; Ақтөбе облысы бо­йынша – 50,3%; Алматы облысы бо­йынша – 47,3%; Атырау облысы бойынша – 33,5%; Шығыс Қазақстан облысы бо­йынша – 44,8%; Жамбыл облысы бо­йынша – 43,7%; Батыс Қазақстан облысы бойынша – 26,1%; Қарағанды облысы бойынша – 29,6%; Қызылорда облысы бойынша – 39,3%; Қостанай облысы бойынша – 35,5%; Маңғыстау облысы бойынша – 29,3%; Павлодар облысы бойынша – 36,0%; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 33,9%; Түркістан облысы бойынша – 30%; Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 24,6%; Алматы қаласы бойынша – 19,0% және Шым­кент қаласы бойынша – 24,6% халық дауыс берген.

12.15. – Үгіт-насихат жүр­гізуге жол берілмейді. Бұдан кейін сөз алған Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев сайлау күні жүргізілген кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынатынын айтты. Бұл үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 102-бабы бо­йынша жеке тұлғалар үшін 15 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғалар үшін 30 айлық есептік көрсеткіш айып­пұл белгіленген. Дегенмен, мұндай тыйымдарға қарамастан кейбір азаматтар жасырын түрде үгіт жүргізуде. Кейбір азаматтар дауыс берген бюллетеньдерін суретке түсіріп, өздерінің кімге дауыс бергендерін жариялауда. Бұл да үгіттің бір түрі. Сондай-ақ комиссия оты­рыс­тары­ның қаулыларын жариялау да кез­десіп қалуда. Бұл да болса жасырын түрде үгіт жүргізудің кепілі.

«Аталған қаулы сайлау аяқ­талған соң көрнекті жерге ілінсе де оны сайлау барысы то­лық аяқталмай, яғни 22.00.-ге дейін бұқаралық ақпарат құрал­­дарында жариялауға болмай­ды. Сондықтан сайлау бары­сында Сайлау туралы заң­дағы бар талаптар мүлтіксіз сақ­талуы тиіс. Өйткені осындай кез келген фактілер бойын­ша тек­серіс жүргізіліп, шара қол­даны­лады. Жалпы дауыс беру күнін­де барлық өтініштер дереу қара­лады. Ал тұтастай алған­да елдегі жағдай бойынша дауыс беру тыныш өтіп жатыр. Жаппай дауыс беру кезінде қоғам­дық тәртіпті өрескел бұзу көрініс алмаған», деді Б.Дембаев. Осылайша прокуратура өкілі сайлау кезінде жасырын үгіт-насихат жүргізуге жол берілмейтіндігін ескертті.

14.00. – Дауыс бергендер 51,8%-ды құрады. Орталық сай­лау комис­сиясы­ның мүшесі Зәуреш Баймолдина облыс­тардың, республикалық маңы­зы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларының ұсынған мәлімет­теріне сәйкес 14.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 51,8%-ы сайлау бюллетеньдерін алғанын жеткізді. Олардың ішінде: Ақмола облысы бойынша – 56,7%; Ақтөбе облысы бойынша – 69,4%; Алматы облысы бо­йынша – 63,0%; Атырау облысы бойынша – 45,4%; Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 59,8%; Жамбыл облысы бо­йынша – 56,3%; Батыс Қазақстан облысы бойынша – 40,9%; Қарағанды облысы бойынша – 49,7%; Қызылорда облысы бойынша – 63,1%; Қостанай облысы бойынша – 55,8%; Маңғыстау облысы бойынша – 52,4%; Павлодар облысы бойынша – 45,9%; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 53,6%; Түркістан облысы бойынша – 49,3%; Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 37,6%; Алматы қаласы бойынша – 37,0%; Шымкент қаласы бойынша 40,5% болды. Бұл уақытта Ақтөбе облысы көш басындағы орнын сақтап қалды.

15.00. – Қоғамдық тәртіп қатаң қадағалануда. Арада бір сағат өткенде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев сайлау кезіндегі қоғамдық тәртіптің қадағалануы жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, Сайлау туралы заңға сәйкес құқық қорғау органдары сайлау кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Осыған байланысты биыл 7-11 маусым аралығында ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген кестеде жұмыс істеуде. Сондай-ақ осы бағытта әкімшілік және мемлекеттік органдармен бірлесіп, арнайы штабтар құрылды. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті 10 мың полиция қызметкері және Ұлттық ұлан әскері қамтамасыз етуде. Сайлау учаскелерін уақ­тылы бақылау үшін әрбір қала­лық, аудандық органдарда мобильді жедел тергеу топтары құрылды. Олардың құрамына прокуратура қызметкерлері де кірді. Азаматтар мен сайлау комиссияларының кез келген арыздары бойынша ішкі істер органдары дер кезінде жауап қату үшін шаралар қабылдап жатыр. Жалпы сағат 15.00-ге дейінгі сайлау учаскелеріндегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзушылық фактілері тіркелген жоқ. Сайлау комиссияларына арыздар келіп түспеді. Тек сайлау жәшігін бүлдірген бір-екі оқиғаларға қатысты тексеру шаралары жүргізілген.

16.00. – Сайлаушылардың белсенді­лігі артты. Сайлау күні сағат 16.00-ге дейін еліміз бойынша сайлаушылардың 65,9%-ы сайлауға қатысты. Бұл туралы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сүйеніп, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлеймен хабарлады. Нақтырақ айт­қанда, осы уақытқа дейін Ақмола облысында – 75,1%; Ақтөбе облысында – 79,7%; Алматы облысында – 78,9%; Атырау облысында – 64,9%; Шығыс Қазақстан облысында – 69,8%; Жамбыл облысында – 71,8%; Батыс Қазақстан облысында – 59,8%; Қарағанды облысында – 63,1%; Қызылорда облысында – 64,5%; Қостанай облысында – 69,7%; Маңғыстау облысында – 60,3%; Павлодар облысында – 67,9%; Солтүстік Қазақстан облысында – 68,3%; Түркістан облысында – 70%; Нұр-Сұлтан қаласында – 49,6%; Алматы қаласында – 45,7% және Шымкент қаласында 55,6% сайлау­шы сайлау учаскелеріне келген.

18.00. – Алматы облысы – бірінші орында. Сағат тілі 18.00-ді көрсет­кен­ге дейінгі дерек бойынша еліміздегі сайлаушылардың 72,9 пайызы өз таңдауларын жасады. Бұл туралы Ор­талық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов мәлімдеді. Олардың ішінде Ақмола облысы бойынша – 81%, Ақтөбе облысы бойынша – 84,1%, Алматы облысы бойынша – 86,3%, Атырау облысы бойынша – 71,1%, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 77,2%, Жамбыл облысы бойынша – 73,8%, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 66,2%, Қарағанды облысы бойынша – 72,8%, Қызылорда облысы бойынша – 69,1%, Қостанай облысы бойынша – 81,1%, Маңғыстау облысы бойынша – 65,7%, Павлодар облысы бойынша – 73,1%, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 75,7%, Түркістан облысы бойынша – 78,8%, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 63,7%, Алматы қаласы бо­йынша – 49,2%, Шымкент қаласы бойынша 63,6% тіркелген адам сайлауға келді.

19.00. – Шетелдерде 8 мың­нан аса қазақстандық дауыс берді. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко баяндады. Оның айтуынша, биыл­ғы 9 маусымдағы деректерге сәй­кес шетел­дегі сайлаушы­лар тізіміне 15 349 азамат тіркелген. 12 учас­ке­де Қазақстанның қоғамдық бір­лес­тік­тері мен коммерциялық ұйым­дары­нан және ТМД миссия­сынан 35 бай­қау­шы қатысып жатыр. Нұр-Сұлтан қала­сының уақытымен сағат 19.00.-де шетелдерде 8322 қазақстандық дауыс берді. Бұл шетелдегі тізімге енген сайлаушылардың 54,2 пайызын құрайды. Сонымен қатар вице-министр уақыт айыр­ма­шы­лығына байланысты Азияда орналасқан сайлау учаскелері жұмыстарын аяқтап, дауыстарды санауға кіріскенін айтты. Нұр-Сұлтан уақытымен 17.00.-де Вашингтон, Нью-Йорк және Оттавадағы сайлау учаскелері соңғы болып ашылды. Дауыс беру қорытындысы шығарылған­нан кейін түпнұсқа құжаттарды Есіл аудандық сайлау комиссиясына жедел жеткізу Сыртқы істер министрлігіне тапсырылады.

20.00. – Еліміздің 12 өңірінде дауыс беру аяқталды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 38-бабы­ 1-тармағына сәйкес президент сайлауында дауыс беру сайлау күнінде жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00.-ге дейін өткізіледі. Тек Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша дауыс беру батыстың төрт өңірінде және Қызылорда облысындағы 1 899 учаскеде сағат 21.00-де бітеді. Сонымен қатар 40 елдегі 51 шетелдік учаскеде дауыс беру жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина мәлімдеді. Өңірлерден жеткен дерек бойынша сайлаушылардың 77%-ы сайлау бюллетеньдерін алды. Олардың ішінде Ақмола облысында  – 83%, Ақтөбе облысында – 84,6%, Алматы облысында – 89%, Атырау облысында – 71,2%, Шығыс Қазақстан облысында – 84,5%, Жамбыл облысында – 81,3%, Батыс Қазақстан облысында – 66,2%, Қарағанды облысында – 77,1%, Қызылорда облысында – 77,6%, Қостанай облысында – 84%, Маңғыстау облысында – 68,3%, Павлодар облысында – 79,5%, Солтүстік Қазақстан облысында – 79,8%, Түркістан облысында – 84,8%, Нұр-Сұлтан қаласында – 68,3%, Алматы қаласында – 52,2%, Шымкент қаласында 67,1% дауыс берілген.

20.30. – Өрескел құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Сайлау учаскелеріндегі жағдай қалыпты, дегенмен сайлау заң­намасын бұзудың 19 фактісі анық­талған. Бұл туралы еліміздің Бас прокуратурасы Қоғамдық мүддені қор­ғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұр­пейісов мәлімдеді. Атап айтқанда, бірнеше бюллентень беру әрекеті бойынша 12 іс, екі немесе одан көп бюллетень салудың, басқа сайлаушы үшін дауыс берудің 6 фактісі бойынша іс қозғалды. Заң бұзушылыққа жол берген комиссия мүшелері жұмыстарынан шет­тетілді. Мысалы, Қызылорда қала­сын­дағы 251 сайлау уческесінде бір сайлаушыға 5 бюллетень берілгені тіркелді. Оған 110-бап бойынша әкімшілік іс қозғалып, 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, екі-үш бюллетень беру фактісі бойынша Алматы қаласында, Алматы, Түркістан облыстарында, елордада екі учаскеде прокурорлар 108-баппен іс қозғады.

22.00. – Қазақстандағы сайлаушы­лардың 77,4 %-ы сайлауға қатысты. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлеймен еліміздің барлық өңірінде дауыс беру процесі аяқталып, сайлау комиссияларының мүшелері дауыстарды санауға кіріскенін хабарлады. Жалпы бұл сайлауда еліміз бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 77,4%-ы дауыс берді. Олардың ішінде Ақмола облысында – 83,4%, Ақтөбе облысында – 84,9%, Алматы облысында 89%, Атырау облысында – 71,2% Шығыс Қазақстан облысында – 84,9%, Жамбыл облысында – 81,3%, Батыс Қазақстан облысында – 66,3%, Қарағанды облысында – 77,3%, Қызылорда облысында – 81,6%, Қостанай облысында – 84,1%, Маңғыстау облысында – 68,9%, Павлодар облысында – 81,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 79,8%, Түркістан облысында – 84,8%, Нұр-Сұлтан қаласында – 68,9%, Алматы қаласында – 52,2%, Шымкент қаласында 67,6% халық дауыс берді.

Енді дауыстарды санаудың нәтижесі сайлау біткеннен кейін 12 сағаттың ішінде белгілі болады.


 Александр ТАСБОЛАТ,
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»