Руханият • 10 Маусым, 2019

Тілдер соғысы

1007 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір жер бетінде әрбір тіл өзінің билігін арттырып, ықпал аумағын кеңейту үшін қиян-кескі соғыс жүргізіп жатыр. Бұл соғыста жеңген тіл – қуаттанып, әскері көбейеді, иелік аумағы ұлғаяды, көкжиегі кеңейеді. Жеңілген тіл күндердің күнінде жерленеді.

Тілдер соғысы

Қазақ тіліне шабуылды ХХ ғасыр басында орыс тілі бастады. Осы тұста қазақ тілінің қолбасшылары қорғанысты күшейтіп, әскердің саны мен сапасын арттыруды көздеді. Сарбаздарға арнап оқулықтар жазды, мектептер ашты. Әріп реформасын жасап, төте жазуды дүниеге әкелді. Яғни, қазақ тілінің қолбасшылары қолынан келгеннің бәрін істеді. Соғыс заңы бойынша алдымен қолбасшыларды құрту керек. Қолбасшыдан айырылған әскер қайда бармақ. Сөйтіп жаулар қазақ тілінің ғаламат, талантты қолбасшыларын құртып тынды. Әскерінің тоз-тозын шығарды (1931-1932 жылдардағы аштық пен 1937-38 жылдардағы репрессия).

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін тіл соғысы тіпті үдей түсті. Қазақ тілі мыңдаған жыл қолданған араб әліпбиі 1929 жылы латынға, 1940 жылы кириллицаға ауыстырылды. Соғыс тілімен айтқанда қазақ тілі әскерінің қолындағы қаруын қысқа уақыт ішінде екі рет сапасыздандырды. Осылай қазақ тілінің әскерлері мүжілді, жасыды.

Әліпби өзгерту аяқталғаннан кейін тіл заңдылықтары сақталмаған оқулықтар шығарылды. Орысша терминдер қазақ терминдерін ығыстырды. Үндестік һәм буын заңы әдейі бұзылды. Қазақ тілі сингармонизмінде жоқ әріптер тықпаланды.

Соғыс үкімі бойыншa «жеңімпаз – патша, жеңілген – қарақшы». Қазақша айтсақ «жеңілгеннің сөзі құрсын». Жеңілген қазақ тілінің қолбасшылары мен қалың қолы «қарақшы» іспетті. Орыс тілінің қолбасшылары Ресейде отырып-ақ қуатты оқты зымырандары радио, кино, теледидар, интернат, баспа өнімдері арқылы қорғанысы әлсіз қазақ тілінің шебін қалаған уақытында бомбылайды. Онымен қоймай Қазақстанда өмір сүріп жатқан әскерлері мен өзімізден шыққан «сатқындарды» еркін пайдаланады.

Соғыс заңы бойынша «ит жеңгенін талайды». Бұл «талау» қоғамның төменгі деңгейінен мемлекеттік деңгейге дейін жетті.

Соғыс – әділетті және әділетсіз деп бөлінеді. Қазақ тілінің қазақ еліндегі үстемдігі үшін соғыс – әділетті соғыс. Бұл соғыста қазақ тілінің жеңіске жетуіне заңдық та, моральдық та, құқығы бар. Егер сарбаздары шынайы соғыса алғанда қазақ тілі жасқаншақтығы мен намыссыздығынан арылады. Кірлеген арын тазартады. Одан өзге ештеңе де жоғалтпайды.

«Орыс тілінсіз күніміз жоқ» деу ішкі жаудың сөзі? Олай емес. Талдап көрейік:

Біріншіден, қазақ тілі – орыс тілі келмей тұрғанда тұтас қазақ хандығының мемлекеттік тілі болып, өз функциясын толық атқарған. Демек, қазақ тілі мемлекеттік тіл функциясын атқаруға қарымы әлі де толық жетеді.

Екіншіден, орыс тілі қазақ даласына отты қарудың күшімен кіріп, қазақ тілінің мәртебесін зорлықпен тартып алған. Сондықтан ол қазақ тілінің алдында – қылмыскер.

Үшіншіден, қазіргі дүние жүзіндегі тілдердің жұрт мойындаған ықпалдылығы жағынан орыс тілі – 3-ші санаттағы тіл. Ендеше, орыс тілін жақтаушылар құдықтағы құрбақа секілді «аспанның үлкендігі құдықтың аузындай ғана» деп орыс тіліне жармасып алуы ешқандай ақылға сыймайды.

Төртіншіден, тәуелсіздіктен кейін қазақ тілі Ата заңымызда мемлекеттік тіл деп жазылды. Ендеше оның үстемдігінің аты затына сай болуы керек. 

Бесіншіден, қазіргі әрқилы қоғамда көп адамдар бір тілді ғана еркін меңгерген болады да, өзі өмір сүріп отырған ортада сол тілдің үстемдік алуы үшін күш салады. Оның заңға, арға, әділеттікке сай келетін, келмейтінімен санасып жатпайды. Қазіргі Қазақстанда орыс тілінің үстемдігін сақтап қалғысы келетіндер осылар. Олар ескі сүрлеуден шыққысы келмейді және қазақ тілі жауынгерлерінің төзімділігінің де шегі бар екендігімен санас­пайды.

Қазақ тілінің соңғы «окобы» – отбасы. Әлі талай әскерлер келер-кетер, әлі талай қолбасшылар туар, ұрандатар. Тек қазақ тілінің өз даласындағы үстемдігі мәңгілік болсын деп тілейік!

Қазақ тілінің әрбір сарбазына айтарымыз: «Автобуста қазақша билет сұрадың ба? Дүкенде қазақша саудаластың ба? Мінбеде қазақша сөйлей алдың ба? Қазақ тілі үшін, тіпті кішкентай пайдалы іс істей алдың ба? Сен қазақ тілінің өлуіне мүдделі болмасаң,  онда сол тілде сөйле! Сол тілді пайдалан!» Өз ана тілін білмейтін адам – өзге тілдің жауынгері.