Спорт • 10 Маусым, 2019

Айбек Нұғымаров – екі дүркін «Қазақстан барысы»

581 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен сенбі күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» мұз айдынында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен IХ «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Еңселі елордамыздың төрінде тоғызыншы рет ұйымдастырылған айтулы додада, еліміздің ең мықты деген 36 балуаны бақ сынады. Жалпы, биылғы жарысқа 37 балуан қатысуы керек болған. Алайда былтырғы «барыс» Ержан Шынкеев спорттық ғұмырын аяқтап, жолын жастарға беретінін мәлімдеген еді.

Айбек Нұғымаров – екі дүркін «Қазақстан барысы»

Биылғы жарысқа Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәр­тебелі мейман ретінде қаты­сып, балуандарға қолдау біл­­діруге арнайы келді. Ал жа­рыстың ашылу салтана­тында Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхаме­ди­ұлы, ұлттық спорт жан­ашыры, кәсіпкер Оралбек Бот­­­баев, «ORDA INVEST» кор­­­­­порациясының басқарма төрағасы Шалқарбек Талипов жəне «Қазақстан барысы» қа­зақ күресін дамыту қо­ры қам­қорлық кеңесінің төрағасы Ар­ман Шораев құттықтау сөз сөйлеп, балуан­дарға жеңіс, жанкүйер қауымға естен кетпес жақсы əсер тіледі. Сон­дай-ақ шын мықты балуанның жеңіс­ке жетуіне тілектестіктерін біл­дір­ді. Бозкілемде бір-бірімен иық тіресіп, күреске түсуге асы­ғып тұрған балуан­дарға əйгілі балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ақ тілегін арнап, батасын берді.

Турнирге еліміздің əрбір айма­ғында ұйымдастырған іріктеу кезеңінен сү­­рін­бей өткен таң­даулы балуандар­ қа­­тысқан соң бозкілем үсті тосын же­ңіс­­терге, жан алысып, жан беріскен бел­­десулерге де толы болды. Әдетте «Қазақстан барысы» турнирінің белде­сулері ширек финалдан бас­тап қыза тү­сетін. Өйткені алғашқы айналымдарда балуандар бір-бірін аңдысып, тәуе­келге бар­­май, байыппен, аса бір сақ­­­­тықпен күресетін. Ал бұл жы­лы мүлде басқаша болды. Ба­луан­дар салған жерден қар­сылас­тарын алып та, шалып та жығуға ұмтылды. Мысалы, жарыстың екінші айналымында қа­тарынан төрт кездесу мер­зімінен бұ­рын аяқталып, балуандар таза же­ңіске жетті. Тіпті алматылық Руслан Әб­діразақов Атырау облысының балуаны Бекболат Салықовты небәрі 14 секундта таза әдіспен жеңіп кетті.

Ширек финалдағы аса қы­зық­ты һəм тартысты өткен бел­десудің бірі 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Ай­бек Нұғы­маров пен 2014 жылғы «Қазақ­стан барысы» атанған Мұхит Тұрсынов арасында өтті. Бұған дейін бозкілем үстінде талай рет белдесіп, бір-бірінің қыр-сырын әб­ден меңгеріп алған қос балуан арасындағы белдесуде екеуі екі минутқа жуық бір-бірінен сақтанып, əдіс жа­сау­ға асықпады. Дегенмен, бел­десудің орта тұсынан ауған­да Айбек Нұғымаров бүк ұпай иеленіп, Мұхит Тұрсыновты жа­­рыс жолынан шығарып жі­берді.

Ширек финалдағы тағы бір ма­ңыз­ды белдесу алматылық Руслан Әб­­діразақов пен қызыл­ордалық Мақ­сат Исаға­былов арасында өтті. Екі балуан да ширек финалға дейін қарсы­ластарын айқын басым­дықпен жеңіп келген-ді. Алғаш­қы екі минуттың ішінде Р.Әб­ді­ра­зақов жамбас ұпайын ие­леніп, жартылай финалға бір та­бан жақындай түсті. Ал бəсекенің со­ңында таза жеңіс­пен жартылай фи­налға жолдама алды. Сондай-ақ ¼ фи­налдық бәсекеде елордалық Ай­бат Сейтен маңғыстаулық Нұрдәулет Жа­рылғаповты таза әдіспен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алса, шығыстың шы­­мыр балуаны Ерасыл Қажы­баев қос­танайлық Ғабит Бал­ғын­баевтан айласын асырып кетті.

Сонымен жанкүйер қауым асыға күткен жартылай финал белдесулеріне де кезек кел­ді. Алдымен кілемге дзюдо кү­ресінен ұлттық құрама сапында та­лай додада атой салып, ел мерейін асырып жүрген Шы­ғыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Ерасыл Қа­жыбаев пен «Қазақстан ба­­рысы» турниріне бірнеше жыл қатысып, үл­кен тəжірибе жи­нақтаған Нұр-Сұлтан қала­сының балуаны Айбат Сейтен шықты. Белдесудің аяқталуына 52 секунд қалғанда Қажыбаев таза жеңіспен турнирдің финалына шықты.

Ал екінші жартылай финал­дық жұпта «Қазақстан барысы» турнирінің 2013 жылғы жеңімпазы Айбек Нұ­ғымаров пен 2015 жылғы күміс жүлде­гер Руслан Әбдіразақов күш сынасты. Өте тартысты өткен бұл белдесуде Рус­лан екі минут бойы бір жартылай жеңіспен алда тұрған еді. Алайда Ай­бек соңғы сәтте қарсыласынан жеңісті жұлып алды.

2019 жылғы «Қазақстан барысын» анықтайтын шешуші сайыстың алдында жүлде берілетін үшінші орын үшін белдесу өтті. Нұр-Сұлтан қа­ласының балуаны Айбек Сейтен мен Алматы қаласының арланы Руслан Әбдіразақов арасындағы жекпе-жекте көп жылдық тəжірибе өз сөзін айт­­ты. Мықтылар бел­­десуінде Руслан Әбдіразақов екін­ші рет «Қазақстан барысының» қо­ла жүл­десін иеленді. Ол бұ­ған дейін 2014 жылғы додада үшінші орын олжалаған болатын.

Сонымен қазақ күресінен ең мықты, ең күшті балуанды анықтайтын сəт те келіп жет­ті. Алты сағатқа созылған айтулы бәсекенің финалына турнирде бір деммен күресіп, өзінің бабында екендігін тек былтыр емес, биыл да кілем үстінде дәлелдеген «Қазақстан барысы» турнирінің былтырғы финалисі Ерасыл Қажыбаев пен 2013 жылғы «Қазақстан ба­рысы» жарысының же­ңім­­пазы Айбек Нұғымаров шық­ты. Білекті балуандардың арасындағы фи­налдық белде­судің алғашқы мину­тында шы­­ғыс­қазақстандық Ерасыл Қа­жыбаев белсенді қимылдап, ә де­ген­нен-ақ алғашқы ұпайды ен­шілеп үлгерді. Бірақ Айбек Нұғымаров фи­налға тегіннен- тегін шықпағанын дә­лелдеп, жамбас ұпайымен таразы басын өзіне аударды. Арада көп уақыт өтпей Ерасыл да әдіс жасап, жамбас ұпайға қол жеткізіп, есепті теңестірген-ді. Десе де, барлық күшін сар­­­­­қып алған ол соңғы сәтте қарсы­­ласына есе жібе­ріп қойды. Та­­ғы да жамбас ұпайын ол­жалаған Айбек Нұғымаров екінші рет «Қазақстан барысы» турнирінде топ жарды. Ал жарысқа екінші рет қатысып, екінші рет финалда жеңілген Ерасыл Қажыбаев екінші рет «Күміс белбеу» иегері атанды.

«Қазақстан барысы» тур­­­­нирінің жеңімпазы мен жүл­­­­дегерлерін марапаттау ша­расына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­ме­диұлы, Халықаралық қа­зақ күресінің президенті Қа­нат Бозымбаев, Нұр-Сұл­­тан­ қаласының әкімі Бақыт Сұл­­­­танов, Мәскеу Олим­пиа­да­сының чемпионы Жақсылық Үш­кемпіров, «Қазақстан бары­сы» қазақ күресін дамыту қоры қам­қорлық кеңесінің төрағасы Ар­ман Шораев қатысты. 2019 жыл­ғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаровтың бе­лі­не «Ал­тын белбеуді» Арыс­тан­бек Мұха­ме­диұлы бай­ла­ды. Сонымен қатар шығыс­қа­зақстандық балуанға «Алтын тай­тұяқ» пен 25 миллион тең­­генің сертификаты табыс етіл­ді. Балуанның бапкері де құ­р­­ала­қан қалған жоқ, чем­пионның жат­­тықтырушысы 3,5 миллион­ теңге сыйақыға ие болды.­ Бұдан бөлек, турнир­де күміс жүлдегер атанған Ерасыл Қажыбаевқа «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге сыйлық тапсырылды. Ал оның бапкері 1,8 миллион теңге иеленді. Ал үшінші орын иеленген Руслан Әб­діразақовқа 1,8 миллион тең­ге, бапкеріне 900 мың тең­­ге­нің сертификаты табысталды.

Қорыта айтқанда, «Қазақ­стан барысы» турнирі жыл сайын жоғары деңгейде ұйым­дастырылып келеді. Биыл да солай болды. Оны «Барыс Арена» мұз сарайына балуандарға тапжылмай отырып жанкүйер болған көрермен санынан-ақ байқауға болады. «Қазақстан барысы» турнирі келесі жылы өзі­нің он жылдығын тойлай­ды. Ұйымдастырушы тарап, онжылдыққа байланысты­ ке­лесі жы­лы жарыстың ірік­теу кезеңіне өзгеріс енгізетін­дік­терін айтты. Өзге­ріс турнир­дің көр­кін қыздырмаса, кеміт­пей­тіні сөзсіз.