Аймақтар • 10 Маусым, 2019

47 мың тұрғын атаулы көмекке қол жеткізді

342 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда жыл соңына дейін 45 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алады. Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен 7,1 млрд теңге қаржы бөлініпті. Биыл бес айда өңірдің 47 мың тұрғыны атаулы әлеуметтік көмекке ие болды. 25-31 мамыр аралығында аймақтағы 625 отбасы (2474 адам) атаулы көмек алуға өтініш білдірді. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға орай арнайы жиын өткізген облыс әкімі Даниал Ахметов 625 отбасына АӘК 15 маусымға дейін төлену керектігін тапсырды.

47 мың тұрғын атаулы көмекке қол жеткізді

Үйде отырған жандарға жұмыс табыла ма?

Өңірде 31 мамырға дейін 31 509 бала тұратын 10 144 отбасына (49766 адам) 1 450 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмег­і жаңа механизм бойын­ша тағайындалды. Атаулы әлеу­мет­тік көмек шартты және шартсыз деп екі түрге бөлінетіні бел­гілі. Жиында аймақ басшы­сы­­на АӘК-тің тағайындалу ба­рысы жайында баяндаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова аймақта шартты әлеуметтік көмек 41 831 адам­ға (оның 14 514-і – еңбекке жа­рамды) тағайындалғанын, оның 6 891-інің АӘК алуға өті­ніш берген сәтте тұрақты жұ­мысы болғанын, 1267 адам жұ­мыс­пен қамтуға жәрдемдесу шара­ларына тартылғанын, 8158 адамның жұмыс істейтінін, 6356 адам­ның (соның ішінде 7 жасқа де­­­йінгі балаларды күтумен айна­­­лысатын адамдар саны – 5570) жұмысқа орналасудан бас тарт­қа­­нын айтты. «Атаулы әл­еу­мет­тік көмекке үміткер аза­маттар арасында түсіндіру жұ­мыстары облыста қарқынды жүр­гізілді. Атал­ған санаттағы аза­маттардың құжаттарын қа­был­дау, оларға кеңес беру ісі халықты жұмыспен қамту орта­лықтарында, ауылдық округ әкімдіктерінде және «Аза­мат­тарға арналған үкімет» кор­по­рациясының барлық 24 филиалында ұйымдастырылды. Өтініш қабылдайтын Жұ­мыс­­пен қамту орталықтары ма­ман­­дарының жұмыс уақыты сә­уір­де сағат кешкі 8-ге дейін, қажет болғанда соңғы клиент­ке дейін ұзартылды. Қазір құ­жат­­тар халықты Жұмыспен қам­­ту орталықтарында және ауыл­­дық округ әкімдіктерінде қа­был­­­­данады. Еңбек және ха­лық­­ты әлеуметтік қорғау ми­нис­тр­лігінің өкілдері 29 ма­­мыр­­дан 

1 маусымға дейін Өс­ке­­мен, Риддер қалаларында, Алтай, Бородулиха, Глубокое, Жарма, Катонқарағай, Ұлан, Шемонайха аудандарында АӘК тағайындаудың дұрыстығы мен заңдылығына тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтар анықталған жоқ», дейді облыс әкімінің орынбасары.

Жоғарыда шартты әлеу­мет­­­тік көмек тағайындалған 6356 адамның жұмысқа орнала­су­­дан бас тартқанын айттық. Облыс әкімі үйде отырған осы адам­дарға алаңдаушылығын білдіріп: «Олар жұмыс істеуден бас тартты деп отырсыздар. Бұл – шартты әлеуметтік кө­мек. Оны 12 ай ғана алады. Одан кейін олар қайда жұмыс іс­тейді?» деп сұрақты тө­тесінен қойды облыстық Жұ­мыс­пен қам­ту және әлеуметтік бағ­дар­­ла­маларды үйлестіру бас­қар­ма­­сының басшысы Ерболат Ошақ­баевқа. Басқарма басшысы жұмысқа орналасудан бас тартқан 6356 адамның 5570-і 7 жасқа дейінгі балаларды күту­мен айналысатын жандар еке­нін жеткізді. Д.Ахметов бас­қар­ма басшысының бұл жауа­бы­­на қанағаттанбай қалған мың адамның тізімін әзір­леп, әрқай­сысымен жеке-жеке жұ­мыс істеуді, басқарма мен қала-аудан әкімдеріне бір айдың ішін­де оларды жұмысқа тұрғызу мә­се­­лесін шешуді тапсырды.
«5 мың адамның қаншасы жұ­мыс­­­қа шы­ғатынын, қаншасы шық­­пай­ты­нын анықтау керек. Нақ­ты сараптама қажет» деді облыс әкімі.

1087 түлектің оқуға түсуіне жеңілдік жасалады

Төрт ай бұрын Өскеменде өткен Nur Otan партиясы об­лыс­­тық филиалының ХХІІ кон­­ференциясында Шығыс Қазақстанда көп балалы және мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары балабақшадағы тамақтану төлемінен босатыла­ты­ны, өңірдегі әлеуметтік тұр­ғы­дан аз қамтылған және көп балалы отбасылардың кол­леджде оқитын балалары та­мақ­пен және шәкіртақымен тегін қамтылатыны, сонымен қатар аймақтағы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мек­теп жасындағы балаларына форма сатып алуға 500 мил­лион теңге көлемінде жәр­дем көрсетілетіні жайында айтыл­ған еді. Қазіргі уақытта бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар жүйе­ле­ніп, кімдерге нақты көмек көр­­се­ті­ле­тіні анықталды. Облыста
3 518 көп балалы отба­сы және ерекше білім беру қажет­тілігі бар балаларды тәрбие­леп отырған отбасылар балабақшадағы тамақтану ақы­сын төлеуден босатылмақ. Оның ішінде мемлекеттік бала­бақшаларда 2435 бала, жеке­мен­шік балабақшаларда 474 бала, мүмкіндігі шектеулі 609 бала бар. Ата-ана төлемін өтеу үшін облыстық бюджеттен 200,2 миллион теңге бөлінді.

Қазір өңірде көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шық­қан балаларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі де қаралуда. Жиын­да келтірілген деректерге сүйен­сек, биылғы көп балалы және аз қамтылған отбасы­лардан шыққан мектеп түлектерінің саны – 1087, оның 898-і 9 сыныпты, 189-ы 11 сыныпты бітірмек. Ағым­да­ғы жылы тегін кәсіптік-тех­никалық білім беру үшін облыс­тық бюджеттен 6200, рес­пуб­ликалық бюджеттен Жұ­мыс­пен қамту және жаппай кәсіп­керлік бағдарламасы бойын­ша 1730 орын бөлінді. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен жылына 4,5 миллиард теңге, оның ішінде биыл көп балалы отбасылардың студенттеріне 3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Аудандық және қалалық білім бөлімдері қазіргі уақытта көп балалы және аз қамтылған отба­сылардың бала­ларының облыс кол­ледждерінде білім алуға тілек білдірушілерін анықтау жұмыстарымен шұғылданып жатқан көрінеді. «Жақында Се­мей­де болғанымда маған бір көп балалы отбасы баласының жекеменшік колледжде оқи­ты­нын айтты. Бұл мәселені қа­лай шешуге болады?» деп сұрады жиында аймақ басшысы орынбасары Әсем Нүсіповадан. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені мемлекеттік тапсырыс аясында шешуге болатынын тілге тиек етті. «Өңірдегі қала мен аудан әкімдері облыстық білім басқармасы және білім бөлімдерімен бірлесе бұл мәселені тікелей бақылауына алсын. 1087 түлектің ішінде оқуға түскісі келетіндерді анықтап, оларға тиісті жеңілдіктер жасалуы керек. Біз уәде бердік, сөзімізде тұруымыз керек», деді облыс әкімі.

Аймақта көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын мектеп формасымен қам­ту мәселесіне де ерекше кө­ңіл бөлінген. Қазіргі уақытта өңір­де­гі мектеп формасына мұқтаж оқушылар саны 33 583 болса, оның 6718-і жергілікті бюджеттен қарастырылған жалпы білім беру қоры есебінен, 26865-і облыстық бюджет есе­бі­нен қамтылмақ. Облыстық кә­сіпкерлер пала­та­сы мектеп фор­масын тігу­ге ынта танытып отырған кәсіпорын­дардың тізімін де әзірлеп қойыпты. Алайда, аймақ басшысы Д.Ахметов бұл ұсынысты қабыл алмады. «Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық кәсіпкерлік бас­қармасы жұмысты өзгелерге жүк­тегенді жақсы көреді. Маған кәсіпорындардың тізімі емес, олардың ұсынған бағдар­ла­ма­лары қажет. Біз өңірдегі кә­сіп­орын­дарға мектеп формасын тігу үшін 625 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын бергелі отырмыз. Олар мемлекеттік тапсырыс алғысы келсе, соған сай өздерінің өндірістік қуатын арттырып, қорларын жаңартуы тиіс. Қажет болса, жеңілдетілген несие алсын. Олар бізге өздерінің инве­стициялық жобасын әзірлеп, ұсын­сын. Өкінішке қарай, бұл жұмыс жүргізілген жоқ. Осылай жалғаса беретін болса, мектеп формасын Қытай мен Түркиядан тасы­малдаудан құтылмаймыз» деген облыс әкімі өңірдегі қала, аудан әкімдерін жеңіл өнеркәсіп орындарымен жұмыс істеуге шақырды.


ӨСКЕМЕН