28 Ақпан, 2013

Шарайна

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:25

Күзет қызметінен бас тартты

Грузия президенті Михаил Саакашвили мемлекеттік күзет қызметінен толықтай бас тартуға шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Манана Манджгаладзе мәлімдеді. Ол сондай-ақ қабылданған шешім президенттің жұмыс кестесі мен тұрғындармен кездесуіне ешқандай кері әсер етпейтінін атап көрсетті.

 

Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:25

Күзет қызметінен бас тартты

Грузия президенті Михаил Саакашвили мемлекеттік күзет қызметінен толықтай бас тартуға шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Манана Манджгаладзе мәлімдеді. Ол сондай-ақ қабылданған шешім президенттің жұмыс кестесі мен тұрғындармен кездесуіне ешқандай кері әсер етпейтінін атап көрсетті.

М.Манджгаладзе бұған қоса үкімет егер президент конституцияға өзгеріс енгізуге келісетін болса, онда оның жеке күзетін күшейту туралы ұсыныс жасағанын жария етті. Ал президент конституцияға өзгеріс енгізу оның жеке мәселесімен байланыс­ты болуы тиіс емес деп есептейді екен. Конституцияға ұсынылып отырған өзгеріс президентті үкіметті парламенттің келісімінсіз отставкаға жіберу құқынан айыруды көздейді.

 

Ресей мен Нигерия тең елдер ме?

Дамушы елдердегі, әсіресе, Ресей, Нигерия және Румыниядағы мемлекеттік саясаттың дәйексіздігі осы елдердің рыноктарында Coca-Cola сатуға кері әсерін тигізуі ықтимал. Бұл жөнінде компанияның басшылығына сілтеме жасай отырып, кешегі нөмірінде «Ведомости» басылымы жазған.

Сусын өндірушілердің атап өтуінше, Ресей мен Нигерияға тән құқықтық нақсыздық үлкен тәуекелге баруды талап етеді. Өйткені, аталған мемлекеттерде жемқорлықтың деңгейі аса жоғары. Компания құжатты басқа елдерді сақтандыру үшін де түзген секілді. Жалпы, аталған мәселе Шығыс Еуропа елдері үшін қалыпты жағдай саналса, компанияның бас ауруына айналып отыр деуге болады.

 

9 мамырды аза күні деп жарияламақ

Латыш ұлтшылдары 9 мамырды аза тұту күні ретін­де тану туралы заң жобасын дайындаған. Олар «9 ма­мыр жыл сайын біздің әлі де қатердің алдында тұр­ғанымызды, орыстандыру қаупі бар екені туралы есі­мізге салып тұрады. Латвияда күні бүгінге дейін көп­теген жауларымыз өмір сүріп жатыр», дейді.

Заң жобасын дайындаған депутат Райвис Дзинтарстың сөзіне қарағанда, құжат ел парламентіне жақын арада ұсынылатын болады. Заң жобасында сондай-ақ республикада ресми еске алу датасы ретінде 16 нау­рыз күні аталып өтетін SS легионерлерінің күнін қалпына келтіру де ұсынылады. Ал аталған елді нацистер 1941 жылы басып алған болатын. Соғыс уақытында латыштың әскери бөлімдері Қызыл Армия қатарында іс-қимыл танытқаны да рас.

 

Қысқа қайырып айтқанда:

АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатындағы Конвей қа­ласы университетінің жатақханасында  белгісіз біреу оқ атып, оқ тиген 19 жасар студент Энтони  Дарнелл Лидделл қаза тапқан.

Грузия астанасы – Тбилиси қаласындағы аса ірі жиһаз сауда орталығындағы өрт салдарынан жалпы сомасы 1 миллион доллар тұратын жиһаз күлге айналған. Мүлік сақтандырылмаған екен.

Мексиканың Сьюдад-Акунья қаласында мини-юбка киюге және ерлердің әйел киімін киіп көшеге шығуына тыйым салынды. Аталған қала Мексика мен АҚШ-тың шекарасында орналасқан.

 

Заңсыз мигранттар саны – 3 млн.

Федералды миграциялық қызметтің (ФМҚ) басшысы Константин Ромодановский Ресейде 3,3 миллион заңсыз шетелдіктер бар екені есептеліп шығарылғанын мәлімдеді. Олардың арасында ең көбі өзбектер екен – 900 мың адам.

Украиналықтар 500 мың адамды құраса, Тәжікстаннан келгендер саны шамамен 400 мыңдай екен. ФМҚ басшысының сөзіне қарағанда, мигранттардың Ресейде заңды болуына мүмкіндік беретін 3 айлық мерзім әлдеқашан өтіп кеткен, сондықтан олардың бәрі бүгінде заңсыз түрде жұмыс істеуде. Жалпы алғанда, Ресейде қазір 10,2 миллион шетелдік болса, олардың 2,3 миллионы өзбектер, 1,3 миллионы украиндар, 1 миллионы тәжіктер көрінеді.

 

Алтын кенішіндегі жемқорлық

Қырғызстанның бас прокуратурасы елдегі аса ірі алтын кен орны – «Құмтөр» төңірегіндегі жемқорлыққа байланысты қылмыстық іс қозғады. Жемқорлыққа кен орнында алтын өндірумен айналысатын компаниялармен 1992-2009 жылдар аралығында келісім жасасқан жергілікті шенеуніктердің қатысы бар делініп отыр.

Қылмыстық іс жемқорлық, қызмет бабын асыра пайдалану және Қырғыз Республикасының мүддесіне сай келмейтін келісімдер жасасу деген баптар бойынша қозғалған. «Рейтер» агенттігінің ақпаратына қарағанда, «Құмтөр» Қырғызстан ішкі жалпы өнімінің 12 пайызын және экспортының жартысынан астамын қамтамасыз ететін көрінеді. Қырғызстанда кен орнын мемлекет меншігіне алу жөнінде ұсыныстар оқтын-оқтын айтылып келе жатқанымен, ол ел басшылығы тарапынан әлі күнге қолдау таппай отырса керек.

 

Кит аулаудың мақсатын атады

Жапония үкіметі киттерді ғылыми мақсатта емес, тамақ ретінде аулауға рұқсат берілгенін ресми түрде алғаш рет  мойындады. Бұл жөнінде елдің балық шаруашылығы министрі Йосимаса Хаяси мәлімдеді.

Й.Хаяси жапонның кит аулау практикасына наразы шетмемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ұстанымын сын тезіне алды. Оның айтуынша, кит аулау кәсіпшілігіне шабуыл жапон мәдениетіне шабуыл болып табылады. Кит кәсіпшілігі жөніндегі халықаралық комиссия киттерді аулауға тыйым салғанымен, Жапония оны аулауды жалғастырып келеді. Бұған дейін киттер ғылыми мақсатта ауланады деп бүркемеленсе, енді олардың еттері көп жағдайда мейрамханалардан табылатыны белгілі болып отыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.