01 Наурыз, 2013

Дүбірге толы дүние

278 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 1 наурыз 2013 7:11

Украина жол айырығында тұра бере ме?

Осындай сұрақ Украинаға қатысы бар адамдардың көптен бері көңілінде жүр. Оның иә Батысқа, иә Шығысқа біржола бет бұрғанын күткен жұрт көп. Ал Украина әлі күнге дейін біржола өз бағытын нақпа-нақ айқындай алмай отыр.

 

Жұма, 1 наурыз 2013 7:11

Украина жол айырығында тұра бере ме?

Осындай сұрақ Украинаға қатысы бар адамдардың көптен бері көңілінде жүр. Оның иә Батысқа, иә Шығысқа біржола бет бұрғанын күткен жұрт көп. Ал Украина әлі күнге дейін біржола өз бағытын нақпа-нақ айқындай алмай отыр.

Бұл сұрақтың осы аптаның басында Брюссельде Украина-Еуропа саммиті өтуіне байланысты көңілге оралғаны бар. Саммитте нақты ше­шімге қол жете қойған жоқ. Үмітке же­телейтін мәлімдемелер ғана жасалды. Еуропалық Одақтың төрағасы Хэрман Ромпейдің айтқан алдағы «қараша айындағы болатын ассоциация жөніндегі келісім» әлі қиялдағы нәрсе. Оған дейін әлі талай су ағады, талай пікір айтылып, көзқарас өзгереді.

Алдағы келісім тек мүмкіндік қана. Оған бірден қол жете ме? Уа­қыты жетті, келісе қоямыз деп отырған Батыс жоқ. Украинадан біраз шартты орындау талап етіледі. Осы саммитте оны еске де салды. Айтарлықтай прогресті күтеміз деді. Әңгіме демократия жайында. Бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко мен бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Луценконы түрмеден босату да сол «прогреске» жатады екен.

Еуроодақ алға тосқан талаптар деңгейіне көтерілу Украинаға оңайға соға қоймас. Онан соң үнемі Шығысқа қарай, Мәскеуге қарай алаңдайды. Олардың арасында әлдеқашан ала мысық өтіп кетіп, қарым-қатынастары оңып тұрмаса да, украиндардың бір бүйрегі осылай қарай бұрылады. Туыстығы өз алдына, Киевтен айырылып қалмас үшін Мәскеу оған көп жеңілдік ұсынады. Газын арзанға береді, одан соң Ресейдің кең рыно­гының өзі не тұрады?!

Содан да Украина екі жаққа алаң­даумен жүреді. Оларда арман көп: Еуропаның қолайлы несиесін, озық технологиясын алып, аймағына визасыз кірсем дейді, сондай-ақ Ресейдің арзан газын алып, кең рыногын пайдаланғысы келеді. Ал бұған Еуропа мен Ресей көнбейді. Болсаң, тек біреуімізбен бол дегенді айтады. Көреген басшы олардың екеуімен де тіл табысар жол іздер еді, әзірге ондай адам Украинада табылмай тұр.

Енді бұл мәселенің саяси жағы бар. Жалпы, Украина қоғамы тәуел­сіздікке қолы жеткелі бері бір жағы Батысқа, екінші жағы Ресейге қарай бағыт ұстап, екіге бөлінген. Билікке жеткен адам мұны есепке алмай тұ­ра алмайды. Күні кеше билік тіз­гінін ұстаған Виктор Ющенко тек Батысқа бет бұрып, Шығыстан сырт айналғанда, ақыры жеңіліс тапты және халықтың арасында жік тудырды. Ал Виктор Янукович оның қателіктерін қайталағысы жоқ. Содан да екі жаққа жалтаңдайды. Оның үстіне кезінде өзін билік үшін күресте Кремльдің қолдағанын да ұмытпайды. Алда, екі жылдан кейін жаңа президенттік сайлау келе жатыр.

Әлі де өзінің саяси және эконо­микалық бағыт-бағдарын толық ай­қындамай, аумалы-төкпелі күй кешіп, саяси тартыстан көз ашпай келе жатқан Украина өзінің экономикалық әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Бұл ел кешегі КСРО құрамындағы ең дамыған аймақ еді. Ол жалғасын таппады. Кері кеткен де жайы бар. Халқының саны біздің елден үш еседей артық, индустриялық құрылымы жоғары болғанмен, бұл ел ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен біздің республикамыздан да қалып қойды. Біз әлем елдері ішінде 49-шы орында болсақ, Украина бұрнағы жылы 51-ші орыннан 54-ші орынға сырғыды.

Осының барлығы елде сая­си тұрақ­­тылық жоқтығының, өзі­нің сара жо­лын нақты таңдай ал­ма­уының салдары. Алға жылжу үшін жолайырықта тұра бермей, бағытыңды айқындап қозғалу қажет.

 

Берлусконимен дау бірге жүреді

Италияда парламенттік сайлау өтіп, Солшыл-центристік демократиялық партия жеңіске жетті. Одан сәл ғана ұпайы кем бұрынғы премьер-министр Сильвио Берлусконидің «Азаттық халқы» партиясы екінші орында. Ал комик-артист Джузеппе Гриллоның «Бес жұлдыз» партиясының үшінші орын алғаны жұртты таңдандырды.

Демократтардың жеңіске жетуі, әрине, ең алдымен оның көсемі, бұрынғы коммунист Пьер Луиджи Берсанидің беделіне де байланыс­ты ғой. Сөйтсе де осы сайлауда жұрттың көп сөз қылған адамы Сильвио Берлускони болды. Рас, комик-актер Гриллоның сөздері, оның көңілді уәдеге толы сөздері сайлаушыларды қызықтырғаны анық.

Жұрт Берлусконидің бағдар­ламаларынан бұрын оның бас­қалармен ара-қатынасына көп назар аударды. Жай сайлаушылар ғана емес, Еуропаның сарапшыларымен қатар, биліктегі қайраткерлері де оны өз әңгімелеріне арқау етті. Барлығы дерлік Берлускони үкіметті басқарғанда Италияның экономикасын тұралатты, оның қайтадан билікке келмегені жөн дегенді ашық айтты. Еуропарламенттің төрағасы Мартин Шульц «өзінің жауапсыз саясатымен, жеке жосықсыз әре­кеттерімен ол Италияны бір рет дағдарысқа соқтырды» десе, оның аржағында бұл адамға дауыс бер­меңдер деген пікір айқын көрініп тұрды.

Берлускони биліктен кеткен соң, қазіргі момындау уақытша премьер-министр Марио Монтидің тұсында бүкіл Еуропа жабылып жүріп Италияны дағдарыс ұйығына түсіп кетуден сақтап қалған. Енді Берлускони қайта келіп, бұрынғы әрекеттерін қайта жалғастырар болса, оның салдары кәрі құрылыққа қатты тиюі мүмкін деген пікір көп айтылды.

Осы жерде Италияның әлеуеті жайында да айта кеткен жөн. Әдетте үнемі әлемді шулатып жүретін Ресейге алып ел деген сипаттаманы ойланбай-ақ қоса саламыз. Италияға көп адам ондай сипаттаманы қи­майды. Ал экономиканың бас­ты бір көрсеткіші саналатын ішкі жалпы өнім жөнінде Италия ($2.194.750 млн.) сол Ресейден ($1.857.770 млн.) жоғары тұр. Егер осындай алып Италия суға батар болса, ол Еуропаны да су түбіне тартады. Еуропа басшыларының Берлускониге байланысты шулайтыны содан.

Бұл шошу жайдан жай емес. Берлускони қайта келсем, ха­лық­тан жиналған 40 млрд. доллар салықты қайтарып беремін де­ді. Қайдан алып?! Германия канц­лері Ангела Меркельді де бүкіл Еуропада шығынды шектеп отыр деп сынап тастады. Демек, ол мұ­нымен келіспейді. Келіспегенде, Италияның Еуропадан бөлінгенін қалайды. Бұл Еуропаға ұнамайды.

Әйтеуір біраз адамның тілегі болып, Берлусконидің қолы билікке жетпей қалды. Бірақ жұрт одан құтылдық деп отырған жоқ. Италия өмірінде сонау екінші дүниежүзілік соғыстан бері партиялардың бі­рі айқын басымдыққа жетпей, екін­шісімен тайталас деңгейінде болуы (0,4 пайыз айырмашылық) алғаш рет екен. Сарапшылар мұ­ны берекетсіздікке апарады деп қорқады. Мұндай жағдайда билік ұстаған партияның өкілдері парламентте шешім қабылдаса, оған деңгейлес оппозициялық партия (бұл жерде Берлусконидің партиясы) оны қабылдатпай тастап, аяқтан шалады да отырады, дейді.

Қарап тұрсаң, бұл елдегі көп дауыс алған партиялар негізінен центристік бағытта. Рас, бірі – сол­­­шыл, бірі – оңшыл, енді бірі на­ғыз ортада. Бірақ тіл табыса ал­май­ды. Алдымен Берлускони. Ол өзі­нен кейін премьер болған Ма­рио Монтимен (оның партиясы төртінші орында) коалицияға баруға мүлде қарсы. Берсанимен одақтасу жөнінде ойланып көрмек. Алда-жалда бұлар тіл табыспай, коалицияға біріге алмаса, елдің сая­си өмірінде берекесіздік орнайды. Одан шығудың жалғыз жолы жаңа сайлау болуы мүмкін.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».