Медицина • 11 Маусым, 2019

Мейіргер мамандарының біліктілігі артады

1369 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Медициналық қызмет көрсетуде ауқымды топты құрайтын алғашқы буын – мейіргерлер. Сондықтан мейіргер қызметін дамыту аса маңызды істің қатарында. Сырқамайтын, дәрігерге қаралмайтын адам жоқ.

Мейіргер мамандарының біліктілігі артады

Бұл ретте ем-дом қабылдауда па­циенттің жанынан табылатын мейір­гер білігі қажет-ақ. Таныс дә­рі­гер­дің мейіргер қызметіне қатысты айт­қан мына бір сөзі еске түседі. «Ме­д­институтты аяқтап, аудандық ауру­ха­на­ға білдей дәрігер болып орналастым. Мейіргер менің айтқанымды істеуші, орын­даушы деп қана қараймын. Сөйт­сем, маманданған, тәжірибелі мейір­гер­дің білетіні көп болып шықты. Кеу­демдегі үрленген желдің қалай шық­қа­­нын да байқамай қалдым», деп еді.

Бүгінде мейіргерлік қызметке өзге­ріс­тің қажеттігі күннен-күнге анық сезі­луде. Еңбектерінің бағалануы, жеке мамандыққа айналуы күн тәрті­бі­не шығып, мемлекеттік деңгейде қарас­ты­рылуы соны айғақтайды.

Мамыр айының соңғы онкүндігінде Назарбаев Университетінің Медицина мек­тебінде елімізде осы салада еңбек ететін 200-дей маманның қатысуымен мейір­герлік білім берудегі тәжірибе мәсе­лелері қарастырылған жиын өтті. Басқосуда 3 жылдық «ProlnCa» жоба­сы­ның іске асырылуы әңгіме өзегіне айналды. Аталған жобаға Еразмус+ Еуропа­лық бағдарламасы 1 млн қаржы бөліп отыр. Қазақстанның 5 жоғары оқу орны, Еуропаның 4 университетінің мамандары бірлесе жүзеге асырып жатқан бұл жобаның негізгі үйлестірушісі Финляндияның JAMK қолданбалы университеті болса, елімізде жобаның ұлт­тық үйлестірушісі – Назарбаев Уни­вер­ситетінің Медицина мектебі.

Мейіргерлерді даярлауда үш жақ­ты – білім беру, ғылым және тәжі­ри­бе интеграциясын қамтамасыз ету маңызды. Яғни, тек дәрігердің кө­мек­шісі деп қарамай, орта кәсіптік білім – бакалавриат – магистратура – док­торантурада оқыту арқылы көп деңгейлі маман ретінде дайындау, мәрте­бесін күшейту – жобаның негізгі мақ­саты. Науқастарды қадағалау, созылмалы ауруларды басқару, сондай-ақ пациенттерге үйде қызмет көрсету бойынша кейбір қызметтерді кезең-ке­зеңімен жалпы іс-тәжірибедегі арнайы даярланған мейіргерлерге тапсыруды көздеген жаңа тұрпаттағы мейір­гер­лерді даярлаудың финдік үлгісі осы­лай­ша үш деңгейді қарастырады. Бұған дейін еліміздің 64 колледжінде күтім­мен айналысатын мейіргерлер даяр­ланса, соңғы жылдары жаңа жоба бойынша өзгеріс самалы есіп үлгерді. Кол­ледждерде мейіргерлер даярлайтын жоғары мектептер құрылып, еу­ро­палық нұсқауларға сәйкес ба­ка­лав­­риат ашылған оқу орындарында әкімшілік мәселелермен және ғылыми жұмыстармен айналысатын мейіргерлер оқытылып, алғашқы түлектері еңбекке жолдама да алды. Қолданбалы бакалавриат мамандығын алғандар «ауруды емдегенше, алдын ал» дегендей са­уықтыруды жүргізудегі жоғары бі­лікті мамандардың орнын басып, жаңа көзқарастағы, жаңа тұрпаттағы мейір­гер­лердің алғашқы қарлығаштары атанды. Олар науқасты күтіп, ем-шара­ларды жүргізуде өздері дербес ше­шім қабылдай алатын жоғары білікті ма­ман­дар­дың білікті көмекшілері санатында еңбек етуде. 

Шетелдегі тәжірибеде мұндай білік­тілік алған мейіргерлер арнайы тіркеуден өтеді және дәрежесі де жо­ға­ры саналады. Олар әдетте дәрігер нұс­қау­лы­ғын орындайтын қарапайым медбикеден екі есе көп табыс табады. Енді бұл жағдайдың елімізде де шындыққа айналуына жол ашылғандай. Өйткені лицензия алу үшін олар дәрігерлер тәрізді сынақ тапсырады. Соның нәти­же­сінде лицензиялы мейіргер маман атанады. Отандық медицинада осын­дай дәрежедегі мейіргер маман даярлаудың маңызын ескерген арна­йы жоба жайында Республикалық жоғары медициналық колледж директоры Нәйла Рузденова былай дейді. «2018 жылы колледжді бі­тірген 312 қолданбалы бакалавр маман жұмыстарына кірісті. Қазір елі­мізде 17 колледжде бакалаврлар даяр­лануда. Негізінен олар екі түрлі бағ­дарлама бойынша оқытылады. Бі­рін­шісі, 3,5 жылдық, бұл орта мектепті бі­тіргендер үшін, екіншісі, жұмыс іс­теп жүрген мейіргерлерді 1,5 жылдық оқу жүйесімен қайта даярлау. Мұнда мейіргерлердің үш жылдық еңбек өтілі болуы міндеттеледі».

Бүгінде елімізде 132 мыңнан астам мейіргер жұмыс істейді. Ал олардың 40 пайызын финдер тәрізді алдағы 20 жыл ішінде жоғары деңгейге жеткізе-міз десек, 2040 жылдары академиялық қолданбалы бакалавр мейіргері маман­ды­ғын 60 мыңға таяу адам иеленіп шығуы керек екен. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің дирек­то­ры Сәуле Сыдықова мейіргерлік ісін ғылым ретінде қарастырып, бака­лав­риатқа қоса клиникалық магистратура, клиникалық докторантурадан өту жоспарға енгізіліп отырғанын жет­кізді. Осылайша мейіргерлік ісі то­лық­қанды ғылыми жүйеленген, ар­на­йы бағдарламаға негізделген, бү­гін­гі қоғам талабы мен сұранысына толығымен жауап беретін мамандыққа айналуы уақыттың еншісіндегі, бірақ көкжиектен шеті көрініп тұрған іске айналатындай әсер қалдырды.

Финляндия, Словения, Нидерланды сынды мемлекеттерден келген сарап­шы­лар өз елдерінің мейіргерлер ісін­дегі тәжірибелерімен бөлісті. Олар мейір­герлердің сауықтыру жұ­мыс­та­рын атқарумен қатар пациент­тер­дің денсаулығына мониторинг жүр­гізіп, ағарту жұмыстарымен де айна­лы­сатынын, әлемдік медицинада атал­ған модельдің халыққа тиімді бола­тынын дәлелдейтін мысалдар келтірді. Болашақта тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын арттыруды мақсат тұтсаңыздар, оның өрісі өте кең. Әсіресе созылмалы дерті бар пациенттермен жұмыста жалғыз дәрігер емес, дәрігер+мейіргер жүйесі тиімділігін көрсетті. Сіздердің маман даярлаудағы бағыттарыңыз бұл мақсаттың жүзеге асатынына сендіреді, дейді шетелдік мамандар.