Экономика • 11 Маусым, 2019

Электр қуаты – экономиканың негізі

809 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен «Электр энергетикасы саласын дамыту және Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар» тақырыбына арналған Үкімет сағаты болды.

Электр қуаты – экономиканың негізі

Шараны ашқан сөзінде Г.Исим­­баева бұл саланың ұлт­тық экономиканың негізі болып табылатынын және оның ор­нық­ты дамуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Қазақстанның әлем­нің жоғары дамыған отыз елі­нің қатарына кіруі жөніндегі стра­тегиялық мақсаттарын іске асыруда электр энергетикасының рөлі маңызды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының XVIII съезін­де сөйлеген сөзінде қазақ­стандықтардың тұрмыс сапасын арттыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігіне баса назар аударды. Оның ішін­де газ тартуға және электр­мен жабдықтауға қосымша қара­жат бөлу тапсырылды. Осы­ған байланысты тек энергетика ны­сандарының құрылысы мен оларды қайта құруға респуб­ли­калық бюджетте 30,9 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр. Сонымен қатар бұл саланың ең бірінші кезектегі міндеті – барлық тұтынушыға электр энергиясын үздіксіз және сапалы жеткізуді қам­тамасыз ету. Энергия үнем­ді­лігін көтеру және энергия сы­йым­дылығын азайту бойынша шұ­ғыл іс-шараларды қабылдау да өте өзекті. Ке­лесі маңызды мәселе – «жасыл» экономикаға көшу. Қазіргі таңда бұл әлемдік тренд болып отыр. Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері секторының жалпы электр энергиясы өндірісі көле­міндегі үлесі 1,3%, ал 2030 жылға қарай бұл үлес 10%-ға жетпекші.

Осылай дей келіп, Г.Исимбаева Парламенттің саланы реформалауды заңнамалық жағынан қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Электр энергиясымен, жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуде тарифтердің тұрақтануы тұрғындар үшін маңызды. Пар­ламент соңғы жылдары қуат нарығын қалыптастыру, «бірың­ғай операторды» енгізу, энергия беру­ші ұйымдарды біріктіру, бала­малы энергетиканы қол­дау, жобаларды іріктеуде аук­цион­дық тетіктерді енгізу бойын­ша қа­жетті заңнама норма­ларын қа­былдады, деді ол. Кіріс­пе сөзінің қорытындысында Төр­аға­ның орынбасары аталған Үкімет сағатына уәкілетті мемлекеттік ор­ган­дардың басшылары, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының, «Самұрық – Энерго», «KEGOC», «КОРЭМ» АҚ, «Жа­ңар­тылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының» басшылары және басқа да мем­лекеттік органдар мен ұйым­­дардың өкілдері қатысып отыр­ғанын айтты.

Қаралған мәселе бойынша баяндама жасау үшін алғашқы сөз Энергетика министрі Қанат Бозым­баевқа берілді. Энер­гети­каның жалпы әлемдік жағ­дайына тоқталған ол соңғы деректерге қарағанда энергияны әлемдік тұтыну кейінгі 40 жылда 2,2 есе өскенін көлденең тартты. БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқы осы мезгілде 1,9 есе өссе, энергия ресурстарын (көмір, мұнай, газ) тұтыну 2 есеге ұлғайған. 2017 жылы ми­­­нистр­лік жетекші әлемдік сарап­­шыларды тарта отырып, «Форс­айт-2050. Жаңа энергия әлемі және Қазақстанның орны» тақырыбында зерттеу жүр­гізді. Ол 2050 жылға дейін әлем­дік энергетика мен ілеспе тех­но­логиялардың даму бол­жамын, сондай-ақ оның Қазақ­станға әсерін анықтады. Қазақ­станның стратегиялық даму жос­парында 2025 жылғы кезең­ге дейін ІЖӨ-нің энергия сыйым­дылығын 2008 жылғыдан 25 пайызға азайту көзделген. Бүгінгі таңда Қазақстанның бір­текті энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істеуде. Елімізде 138  электр стансасы электр қуа­тын өн­діреді. Барлық электр стан­сасының қуаты 21902 МВт-ға тең. 2018 жылдың қорытындысы бо­йынша Қазақстанда 106,8 млрд квт/сағат электр қуаты өндірілді, бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға артық. Еліміздегі барлық электр энергетикасы жүйесін Ұлт­тық электр жүйесі (ҰЭЖ) байланыстырады. Желілік оператор болып табылатын «KEGOC» АҚ-ындағы электр қуатын беретін жүйелердің кернеуі 35-тен 1150 кВт-ға жетеді. Электр қуатын тұтынушыларға 200-ден артық кәсіпорын жеткізеді.

Одан әрі министр соңғы 10 жылда электр қуатын тұтыну көлемі 28 пайызға артып, 22,6 млрд кВт/сағатқа жеткенін айтты. Өсу динамикасы негізінен электр қуатының 55 пайызын тұтынатын өнеркәсіп орындарының дамуына байланысты, деді ол. Өздеріңізге белгілі, 2009 – 2015 жылдарда «Тарифті инвестицияға айырбас­тау» бағдарламасы жұмыс істеді. Осы кезеңде генерация секторына 1 052,204 млн теңге инвестиция салынды. Бұл 1 720 МВт-ны жаңғыртуға және 1 237 МВт жаңа қуатты енгізуге мүмкіндік берді. Парламент 2015 жылы қа­былдаған заң электр энергетикасы саласының инвестициялық тар­тым­дылығын қамтамасыз ету­дің жаңа тетігін белгіледі. Осы түзе­тулерге сәйкес, 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап, элек­тр энергия­сы нарығымен қатар электр қуатының нарығы жұмыс істей бастады.

Одан әрі Қ.Бозымбаев Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Энергетика министр­лігі энергия өндіруші ұйымдардың топ­тары бойынша электр энергия­сына негізделген шекті тариф­тер­ді белгілегенін еске салды. Осы шаралар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 50 және 52-қадам­дарында айқындалған мі­ндет­терді табысты орындауға мүм­кіндік берді. Нормативтік-құ­қық­тық реттеу жүйесін қалып­тас­тыру аяқталғаннан кейін 50 және 52-қадамдарды іске асыру ке­зінде нарық құрылымы өзге­ріс­ке ұшырады. Қаржы-есеп айыры­су орталығының базасында Бір­ыңғай сатып алушы құрылды. «Заң қабылданып, бірінші талап қолданысқа енгізілгеннен кейін мемлекеттік органдар энер­гия беруші ұйымдарды ірі­лен­діруге бағытталған іс-ша­ра­ларды бастады. Мәселен, бүгін­гі таңда энергия беруші ұйым­дар­дың саны 162-ден 152-ге дейін қыс­қар­ды. Оның ішінде 5 мем­ле­кет­тік кәсіпорын жойылды. Ие­сіз желі­­лердің ұзындығы 2018 жы­лы 1014 ша­қырымға және 2019 жылы 594 ша­қырымға төмендеді. Сон­дай-ақ Қазақстан халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына әсер ететін оң көрсеткіштер көрі­ніс берді. Соның ішінде тұтыну­шы­ларға тарифтерді төмендету, электр желілеріндегі жазатайым оқи­ғалар санының азаюы, монополистер көрсететін қызметтер сапасының артуы байқалады, деді министр.

Салада іске асырылған Ұлттық жобалар қатарында Қ.Бозымбаев «Солтүстік – Шығыс – Оңтүс­тік» өңір­аралық желісі іске қосыл­ға­нын жеткізді. Бұл оқиға 2018 жыл­дың 11 желтоқсанында Тұң­ғыш Президент Н.Назарбаевтың қа­ты­суымен болған жалпыұлттық телекөпір кезінде жүзеге асты. Жоба Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарын электр қуаты­мен жабдықтауды жақсартуға ба­­ғытталған. Әрі Солтүстік – Оң­түстік бағытындағы ұлттық электр желісінің транзиттік әлеуе­тін 1350 МВт-дан 2100МВт-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, деді ол.

Одан әрі Қ.Бозымбаев электр қуатын экспорттаудың барысына тоқталды.

Соңғы үш жылда экспорттала­тын электр энергиясының жиын­тық көлемі 13,8 млрд кВт/сағат­ты құрады. Бұл жалпы өнді­ру көлемінің 4,6 пайызын құрай­ды. Еуразиялық эконо­ми­ка­лық кеңістікте Ортақ электр энер­ге­­ти­касының нары­ғын қалып­тас­тыру жұмысы шең­берінде биылғы 29 мамырда Еура­зиялық экономикалық одақ елдері арасында хаттамаға қол қойылды. Ол тең құқықтық, өзара тиімділік және мүше мемлекеттерге эко­но­микалық залал келтірмеу негізін­дегі ынтымақтастыққа жағдай жа­сайды, деді министр.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың берген тапсырмаларын орындау үшін ми­нистрлік мемлекеттік және жер­гілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі Басым жобалар тізбесін анықтады. 2019-2021 жылдарға арналған өңір­лік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде республикалық бюджеттен 169,7 млрд теңге көзделген. Бұл сома газбен және электрмен жабдықтау жобаларына жұмсалатын болады. Сонымен қатар 2019-2021 жылдар кезеңінде электрмен жабдықтау саласында 30,6 млрд теңгенің нысандарын реконструкциялау және салу көзделген, деп қорытты Қ.Бозымбаев өзінің сөзін.

Парламент Мәжілісі тарапы­нан қосымша баяндаманы Эко­логия мәселелері және таби­ғат пайдалану комитетінің төр­ағасы Глеб Щегельский жасады. Ол Энергетика министрлігі тара­пынан саланы дамытуға үл­кен жұмыс жүргізіліп жатқаны­мен, Бүкіләлемдік банк­тің зерт­теу­леріне қарағанда көп­теген проб­­­ле­малардың бар екен­дігін айтты. Соның ішінде алып қуат көз­дерін жаңалау үшін үлкен көлемде инвес­тиция тарту, эко­­­­­номиканың энергия сыйым­ды­лығының жоғары болуы және энер­гия тиімділіктің төмендігі, сонымен қатар энергетика нысан­дарындағы экологияны сақтаудың кемшіліктері көп екендігі атап көр­сетілді. Сонымен бірге депутат энергетика саласы негізгі актив­терінің тозуы жоғары екен­дігіне тоқталды.

Баяндамалар аяқталған соң де­путаттар өздерін толғандырған көптеген сұрақтарға жауап алды. Ал Үкімет сағаты басталмас бұ­рын депутаттардың назарына саланың даму динамикасының көрсеткіштерін қамтыған көрме ұсынылды.