Тағдырдың жазуымен өткен ғасырдың 20-жылдары сол кездегі қазақ астанасы Орынборға қоныс аударып келіп, дарқан дала төсінде кең тыныспен әуелетіп салынатын ғажайып әндердің сиқырына елітіп «бүгіннен бастап осы халықтың музыкасын зерттеймін» деп өмірлік мақсат белгілеген кезде оның жол ортасынан асқан шағы болатын. Содан кейінгі бар саналы ғұмырын өзіне бейтаныс болып келген елдің бай қазынасын жинап, қағазға түсіруге арнаған Затаевичтің еңбектерінің арқасында қазақ музыкасы Еуропаға жетіп, дүние жүзіне тарады.
Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда А.Затаевичтің 150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Музыкалық этнографиядағы тұлға, дәстүр, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ұлы музыка зерттеушісінің ұшан-теңіз еңбегі екі күн бойы әр қырынан әңгімеленіп, уақытпен бірге тереңделе түсетін таным тұрғысынан тағы бір мәрте зерделенді. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған конференция атақты композитордың мерейтойын атап өтуді ғана емес, ауыз әдебиетінің қазіргі ахуалының, оларды зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелерін талқылауды мақсат етті. Кең ауқымда өткен конференцияға Қазақстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Әзербайжаннан, Болгариядан және Венгриядан жиыны 55 музыка зерттеушісі келіп қатысты.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова ғасыр басындағы еуразиялық мәдени кеңістіктің жібін жалғап, қазақ және әлем музыкасы ортасында рухани алтын көпір қызметін атқарған этнограф Александр Затаевичтің ұлтымыздың өнеріне сіңірген орасан зор еңбегін биік дәрежеде бағалай отырып жасаған баяндамасы құнды деректерге толы болды. 1920 жылдан 1936 жылға дейін он алты жыл бойы қазақ даласын бірде жаяу, бірде арбамен аралай жүріп, халық әншілері мен күйшілерінің орындаушылық сырын ашып, өте маңызды мағлұматтар жинады. Музыкалық этнографтың тек қазақ халқының ғана емес, орыс, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен, тағы басқа да халықтардың ән-күйінің ерекшелігін, мазмұнын, ұқсастығын саралап, салыстыра отырып жасаған ортақ түйінін бүгінгі композиторлар мен жас зерттеушілер құнды мәлімет ретінде еңбектерінде пайдаланып келеді. «Қазақтың 500 ән-күйі», «Қазақ халқының 1000 әні» – әлі ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпайтын өлмес туындылар.
Конференциядағы қызықты баяндамалардың бірін Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының профессоры, өнертану докторы Тоқтасын Гафурбеков жасады. Оның мәліметінше, орыс классикалық музыкасының көрнекті өкілі Сергей Рахманинов пен Александр Затаевич арасындағы асқақ достық ұзақ жылдарға созылған. Мінезі тұйық, адамдармен араласудан бойын аулақ ұстаған, бір ғана симфониясының сәтсіздікке ұшырағанын көтере алмай, ашу үстінде Америка асып кеткен атақты Рахманинов қазақ жерінде қарапайым тіршілік кешкен Затаевичті ғана жақын тұтып, жиырма жылдан аса сырын, мұңын айтып, хат алысып тұрған. Фольклоршы мен композитордың ынтымақтастығынан бүкіл әлем ықыластана құлақ түрген сиқырлы сазға толы симфониялар туған.
Алматыда классикалық, халықтық-дәстүрлі музыканың аса мол құрамдағы танымал білгірлерінің дәл осылай бас қосуы өте сирек. Сондықтан болар, конференцияға келген музыкатанушылар Затаевич шығармашылығын негізге ала отырып, бүгінгі ән мен әуеннің даму бағыты төңірегінде пікір таластырып, қызықты ойларын ортаға салды.