Қоғам • 12 Маусым, 2019

Шетелдіктерге қазақ тілін үйрену қиын ба?

3895 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әлемде ағылшын тілін қолданушылар қатары жыл санап артып келеді. Осы бір «ғаламдық тілдің» өрісі ағылшындар арқылы ғана емес, өзге ұлттардың да меңгеруі нәтижесінде кеңейді. Осы­дан-ақ айқын аңғаруға болады: қазақ тілінің аясын ұлғайту – ана тілі немесе мемлекеттік тіл болғандықтан білетіндердің ғана емес, шет тілі ретінде үйренуге ден қоятындардың қолында.

Шетелдіктерге қазақ тілін үйрену қиын ба?

Қазақ тілін қандай шетелдік үйренуге ниетті болуы мүмкін? Олар – елшілер, инвесторлар, туристер, ғалымдар, миссионерлер. Егер осы қатардағы мамандарға қазақшаны жеңіл үйрете алсақ, онда қазақ тілі экономика, туризм, ғылым, мәдениеттің тіліне айналып шыға келмей ме? Оған қалай жетеміз? Дүние жүзінде 110 миллион ағылшын бар. Алайда әлемдегі ағылшын тілін қолданушылардың саны бір жарым миллиардтан асады. Сонда ағылшын тілінің өрісі оны үйренген 73 пайыз шетелдік пен өзге ұлттың есебінен кеңейген. Неге? Неліктен өзге ұлттар мен шет­елдіктерге ағылшынша үй­рену оңай болды?

Бұл сұрақтың жауабын М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мем­лекеттік универ­ситеті қазақ­стандық филиалының профессоры Несібелі Құрман ХХІ ғасырда қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелерін ортаға салған баяндамасында: «Ағылшын тілі – ғажап тіл емес, оны үйретудің жеңіл жолы әбден екшелген, әдістемесі жан-жақты зерттелген тіл. Әйтпесе, ол ХІ ғасырда ғана пайда болған, ал қазақ тілі VІІ-VІІІ ғасырлардағы Орхон, Енисейден табылған Күлтегін жазуларында кездеседі. Ағылшын тілінің күшейген себебі, олар 48 типке арнап кітап жазған», деп түсіндіреді. Профессордың айтуынша, адамдардың таң­дауы психологиялық ерек­ше­ліктеріне қарай әртүрлі. Біреу сырты қызыл, ішінде өлеңі көп болғанын қалайды, енді бі­реуі суреттердің аз берілгенін дұ­рыс көреді. «Өкінішке қарай, өзге тілді сыныптарға арналған қазақ тілі оқулығы бірыңғай, яғни бәріне бірдей. Ең болмаса, оқу­лық 4 психологиялық типке (хо­лерик, флегматик, сангвиник, мелан­холик) арналып әзірленсе, нәти­жесі бөлек болар еді. Кеңес зама­нын­дағы альтернативті оқу­лық шығарудан әрі аса алмай келеміз», деді Н.Құрман.

Расында, бұл мәселе жүйелі зерттеуді, ауқымды жұмысты қажет етеді. Оған ең алдымен жоғарыда отыр­ған жауапты ведомство мүдделі болуы керек. Өйткені сұраныс бар. Мә­селен, биыл Назарбаев Уни­верситетте «Elementary Kazakh as a Foreign Language» I, ІІ және «Practical Cultural Kazakh language» атты жазғы курстар жұмысын бастамақ. Бұл – қазақ тілін үйренуге ниет ететін шетелдіктердің артып келе жатқанына дә­лел. Атал­ған жазғы курс­тардың оқытушысы Дар­хан Игібайұлы мұндай тә­жірибенің бұрыннан бар екенін айтады. «АҚШ-та қазақ тілін оқытуға арналған орта­лықтар бар, сондай-ақ уни­вер­ситеттерде де жазғы курс ретінде оқытылады. Гер­ма­нияда, Мәскеуде де ана тіліміз үйретіледі. Бір кез­дері Үндістанда да қазақ ті­лін оқытуға арналған курс болды», дейді маман. Оқыту­шының ойынша, қазақ тілін шетелдіктерге үйретуде екі бас­ты проблема бар, бұл – ар­найы сапалы оқулықтың жоқ­тығы, сондай-ақ осы салаға маманданған кадр­дың аздығы. Оқулықтың болмағаны өз алдына, қазақ тілін үйренгісі келетін ше­тел­­­діктердің көбісі ағыл­шы­нша сөйлейді. Ал біздегі қазақ тілінің мамандары ағылшын тілін біле бермейді. «Сондықтан ағылшын тілінің маманы шетелдіктерге қазақ тілін үйретіп жүр. Мысалы, орталықтарда, тіл үйрететін мектептерде шетелдіктерге қазақ тілінен сабақ бере­тін­дердің басым бөлігі – ағыл­шын тілінің мамандары. Кезінде АҚШ-та қазақ тілі бойынша курс жүр­гізген екі оқытушы да қа­зақ тілінің емес, ағылшын тілінің мамандары болатын», дейді Дархан Игібайұлы. Оқытушы бұл мәселеде қазақ тілі маман­дарының өз шаруа­сына өздері иелік ететін, міндетін лайықты атқа­руға көшетін кезі келді деп есептейді. Ол үшін ма­мандар ағылшыншаны ер­кін меңгеріп, қазақ тілін шет­елдіктерге ға­ламдық тіл арқылы үйрету керек деген пі­кірде. Сонда ғана қазақ тілін үйретудің жаңа дең­гейі, са­пасы туралы сөз айтуға болады.

Қазақ тілінің дамуына мем­ле­кеттік институттардың жұмыс нәтижесі де әсер етеді. Өйткені қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытына жатады. Со­ндай іргелі ұйымның бірі – Ш.Шаяхметов атын­дағы тілдерді дамыту орта­лығының өкілі София Қа­жыақпарқызы жағымды жа­ңалықтың ше­тін шығарды. Оның айтуынша, алдағы тамыз айында ғалымдар мен практиктер бірігіп, шет­елдіктерге арнал­ған қазақ тілінің оқу-әдіс­те­мелік құра­лын әзірлемек. «Өзге тіл өкілдеріне арналған оқу-әдіс­темелік құрал жоқтың қасы. Біз бұл мәселенің күр­делі екендігін көріп отырмыз. Оның үстіне латынға көшуді қолға алдық. Осы олқылықтардың орнын толтыру және жаңалықпен то­лықтыру мақсатында оқу-әдістемелік құралдың жобасын жасаумен айналысудамыз», дейді сарапшы. Аталған кітапты жазуға қ­а­зақ тілінің мамандары, сонымен бірге шетелдіктерді қызықтырып, әдіс-тәсілдерін құбылту үшін ағылшын тілі­нің мұғалімдері де атса­лыспақ.

Ал АҚШ-та студенттерге қа­зақ тілінен сабақ берген, шетелдіктерге арналған оқу­лығы Американың 20 уни­верситетінде талқыланған ғалым Таңат Тәңірбердіқызы мықты мұғалім оқулық таң­дамайды деп санайды. «Үй­рететін адам ең алдымен әдіс­темелік жағынан тәжі­ри­белі болуы қажет. Сон­дай маман ғана кез келген оқу­лықпен адамға тілді мең­гертіп шығады. Ол заманауи оқыту технологияларын, соңғы үйрету тәсілдерін білуі тиіс. Бұл – бірінші мәселе. Екіншісі, кез келген шет тілін сол ұлттың дүниетанымына сай оқыту қажет. АҚШ уни­верситеттерінде сабақ беру­ді бастаған кезім. Ауди­то­рияға кіріп келгенде сту­денттердің табандарын ғана көрдім. Аяқтарын айқас­тырып үстелдің үстіне шы­ғарып алған. Содан оларға қазақ тілін үйренемін десе, қазақ мәдениетін мең­ге­руге міндетті екенін айт­тым. Келесі күні сәлем­де­сіп, «апай» деп құ­рақ ұшып қарсы алды. Аме­рика­лық студенттерді қаза­қы­лан­дыр­дым: домбырамен ән айтып, мақал жаттап, қа­зақша ойланттым. Соңында менімен қимай қоштасты», дейді ғалым-оқытушы. Оның пікірінше, граммати­каны ежіктеп үйретудің қажеті шамалы, оқу құралы да бірінші қатардағы мәселе емес, бастысы тілдік орта қалыптастыру керек. Сонда ғана қазақ тілі құбыжық, қиын тіл деген көзқарас қа­лып­таспайды, ке­рісін­ше үйренгісі келетін шет­елдіктердің қатары кө­бейе­ді. Тілдік ортаның рөлі күш­ті екені айқын, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі У.Мозер бізбен кездесуінде: «Маған орыс тілін үйреткен – сонау жылдардағы алма­тылық так­систер. Енді қазақ­шаны меңгергім келеді», деп еді.

Алайда Владислав Тен қазақы ортада өмір сүрмесе де қазақ тілін үйреніп алуға болатынын айтады. «Тіл үйренуге орта, сөйлесетін адам емес, ең алдымен ын­та керек. Адам қаласа, бә­ріне қол жеткізеді. Мен қа­зақ тілін 1-1,5 жылда ер­кін сөйлесе алатындай дә­режеде меңгеріп алдым. Әрине әлі көркем сөйлей алмай­мын, дамытып жүрмін», деген кәріс ұлтының өкіліне дик­торлардың жаңалық жүр­гізген видео, аудио материалдары көп көмектескен. Вла­дислав туралы бір досы әлеуметтік желіде: «Тіл­дік орта мені құтқара алмады. Мен бала күннен қазақ­тардың арасында өссем де, олар­дың ортасында өмір сүр­меген Владислав қазақ ті­лін менен жақсы біледі», деп жазыпты.

Түрлі типтің талабын зерттеу де, мамандарға ар­налған лайықты оқу құралы да, тілдік орта да, тіпті үй­ре­нушінің ерік-жігері де сөз болды. Бірақ бәріне қисын бар. Сонда бұл түйткілдің ең түйінді тұсы қайсы? Қазақ тілін үйренетін шетелдіктерге әдетте сырттан келетін студенттер жатады. Сондай студенттерге ЖОО-ға дейінгі курста қазақ тілінен сабақ берген Жібек Ибраим мәселенің мәнісін басқаша пайымдайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы 16 жылдың ішінде ауған, кәріс, ағылшын ұлтының балаларына қазақ тілін үйреткен. «Алдыма келген студенттер 5 аптада біраз дүниені үйреніп, сөйлеп қалады. Мұндай нәтижеге жылдам жету үшін басқа тілді дәнекер ретінде қолданбаймыз. Үйрету тілі деген болмайды, үйрететін де, үйренетін де бір тіл, ол – қазақ тілі», дейді. Оның айтуынша, бір тілді екінші бір тіл арқылы үйрету үйренушінің жаңа тілді тез алып кетуін шектейді. Ал бірде-бір сөз білмейтін шет тілін адамға үйрету үшін оқытушыға салмақ түсетіні сөзсіз. «Біз әнші де, биші де, әртіс те боламыз. Керек болса, түрлі аң-құстың кейпіне енеміз. Мимика – ең күшті әдіс», дейді Ж.Ибраим.

Шынында, ойланып қара­ңызшы, қазақ тілін өзге бір ұлт өкіліне, қандай да бір шет­ел­дікке үйрету – оған ден қойған кез келгеннің қолынан келетін-ақ іс екен. Қалай? Әрбір адам, мейлі ол ересек немесе қарт адам болсын, жаңа тілде – бала. Тіпті сәби деп те қабылдаған жөн. Бала бірінші көп тыңдауы керек. Сонан соң бір буынды, кейін екі буынды көп қолданылатын сөздердің айтылуын қайталайды. Айна­ладағы әр заттың атауымен танысады, сөздік қор қалып­тасады. Әрі қарай екі сөздің, кейін сөз тіркестерінің басын қосады. Солай сөйлеп кетеді. Әсілі, бәрі – қарапайым. Бірақ түбінде қазақ тілін терең үйренуді қалайтындар үшін жоғарыда сарапшылар айтқан кедергілер алдымыздан шығады. Демек, олар шешілуі тиіс.