Руханият • 12 Маусым, 2019

«Жүз жылдық жылнама» — тарихтың түпнұсқасы

1052 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» – ел га­­зеті ғана емес, ұрпақ бағ­­дар­­шамы, ұлт шежіресі деу­ге болады. Оның бетінде жа­рық көрген әрбір әріп – ертеңгі тарих, өткенге өне­ге. Кеше елордадағы Ұлт­­тық академиялық кі­тап­­­ханада «Жүз жылдық жыл­­­нама» атты 5 томдық жи­нақтың тұсаукесерінде ай­тылған осы тақылеттес ой­лар бізді біраз жайға қа­нық етті.

«Жүз жылдық жылнама» — тарихтың түпнұсқасы

«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жыл­дық мерейтойы аясында қолға алынған қомақты жұ­мыс­тың бірі де осынау еңбек десек қателеспейміз. Тұсаукесер рәсімін ашып берген «Egemen Qazaqstan» республикалық га­зе­ті» АҚ-тың басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі атап өткендей, «Фолиант» баспасында жарық көріп, 2000 данамен таралып отырған 5 томдық жинақ 1919-1976 жылдар аралығын қамтиды.

«1919 жылы «Ұшқын» деген атпен шыға бастаған басы­лым әр жылдары түрлі атпен шықса да, тілдің, діннің, жер­дің, емленің мәселесін, ұлт мүд­десін көтерді. Сол тұстағы зиялы­лар­дың арасындағы айтыс-тартыс, ашаршылық, репрессия, соғыс пен тың игеру сияқты тарихи оқиғалардың бәрі осы жинақта қамтылды. Сондықтан бұл жинақты дәуірдің айнасы, жүз жылдық тарихымыздың боямасыз жылнамасы деуге болады. Қазақ тарихының шежірешісіне айналған газеттің бетінде Сма­ғұл Сәдуақасов, Жү­сіпбек Ай­мауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сей­фуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғ­жа­нов, Ғабит Мүсірепов сияқты арыс­тардың ізі қалды. Бұл жинақ газет оқырмандарына ғана емес, жур­налистика тарихы мен әде­биет­тің өткенін зерттеп жүрген ғалымдарға, кәсіби тарих­шы­лар­ға да таптырмас құрал болады деп ойлаймын», деді Дархан Қыдырәлі.

Жинақ Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің қол­дауы­мен жарық көргенін айта кетуіміз керек. Жалпы, ауқымды жоба әрі қарай жалғасын табады. Бұл туралы жиынға қатысқан Ақпарат комитетінің төрайымы Ләззат Сүйіндік айтып берді. «Басылым тарихы – ұлт тарихы. Игі бастама келешек ұр­пақ үшін таптырмас қазына. Алғаш­қы бес томдық мұнымен тоқ­тап қалмайды. Міндетті түрде жал­ға­сын табатын болады», деді Л.Сүйіндік.

Аталған жиынға сонымен қатар белгілі қоғам қайрат­кер­­лері, газеттің ардагер журна­лис­те­рі, БАҚ басшылары қатысып жинақ туралы жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде «Жүз жылдық жылнама» жобасына басшылық еткен ғалым Намазалы Омашев бес томдыққа кеңінен тоқталды.

«Жүз жылдың тарихын бес томға сыйғызу мүмкін емес, әрине. Оның үстіне шынайы тарихты айту қиын іс. Әсіресе біз сияқты халықтың тарихы қилы-қилы екенін жақсы білесіздер. Еңбек ең алдымен баспасөз тарихын зерделеуде таптырмас құрал десек болады. Бұл жерде ешқандай бұрмалауы жоқ бүкпесіз шындық көрсетілген. Осы кітапты оқып отырған адам өзі де байқайды, сол 1919-1920 жылдардағыдай ұлт мәселесіне, оның ішінде тіл, жер мәселелеріне батыл барған кезді біз одан кейін көре бермейміз. Айталық, бір  жылдың өзінде Сәкен Сейфуллин мемлекеттік тіл туралы осы газет бетінде кө­лемді бес мақала жазған. Былайша айтқанда, бұл бес томдық тарих түпнұсқасы», деді Н.Омашев.

Сонымен қатар осы бес том­дық­­қа тер төккен адамдардың бірі, белгілі журналист Жан­болат Аупбаев кітап таныстырылымы барысында бес томдыққа қа­тысты негізгі қамтылған жұ­мыс­тар жөнінде айтып өтті.

«Бұл кітап бір күнде шыға салған жоқ. Жан-жақты сараланды, материалдар салмақтанды. Кейде мақалалардан бөлек су­рет­­тердің де тарихын осы жи­нақ­қа кіргізуге тура келген жағ­дай­лар болды. Айталық газет қыз­меткерлері жақсы біледі, кеңей­тілген, қысқа текстовкалар деген болады. Сол кеңейтілген текстовканың бірінде Қостанай облысынан берілген суреттің астында Әміре Қашаубаевтың қызы Қостанай облыстық филармониясында әнші болып жұмыс істеген деген жазу бар. Біз соны текстовка болса да осы жинаққа кіргізіп, қысқаша түсініктеме жаздық және мұндай қызық фактілер осы жинақта көптеп кездеседі», деді ардагер журналист Ж.Аупбаев.

Әрине «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жазбаған қаз­ақ зиялылары кем де кем. Сонау Алаш арыстарынан бас­тап, бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткерлері, айтулы ақын-жазушылар, ғалымдар бас басылым бетінде қалам тербеп, біразы тіпті қызмет те атқарған. Профессор Мырзатай Жолдасбековтің ең алғашқы мақалаларының бірі, ақын Сайфи Құдаштың кітабына жазған рецензиясы 1962 жылы осы басылымда жарық көрген.

Шара барысында сондай-ақ газетке ұзақ жылдар басшылық еткен ақтаңгер публицист, Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов жаңа­дан тұсауы кесіліп жатқан жинаққа өз пікірін білдіріп, жоғары баға берді. «Кейде қалжыңдап айтып жатамыз «Кітаптың тұсау­ке­сері – кітапты оқымай жатып мақтайтын жер» деп. Бірақ бүгінгі бес томдықты біз шынымен оқымай мақтауға тиіс­піз. Өйткені қазақтың көзіқа­рақ­ты әрбір азаматы «Егемен Қазақ­станның» ел өміріндегі елеулі орнын біледі. Бұл ретте егемендіктер ерен іс тындыр­ды деп толық айта аламыз. Іс-шараның басында басылым басшысы Дархан Қуандықұлы «Фолиант» басшысы Нұрлан Исабековке алғыс айтып өтті. Шынымен де кітапты басып шығаруда баспа аса бір ыжда­ғат­тылықпен жұмыс істе­ге­ні көрініп тұр. Кітап дизайны, тіпті кітапқа таңдалған қо­ңыр түс­тің өзі қазақтың мі­не­зін, сөзін, даласын тамаша біл­­діріп тұр. Сонымен қатар ауқымды жо­баның ауыр жүгін, қара жұ­мы­сын белі қайыспай кө­теріп шыққан жұмыс тобына оқырман қауым ризашылық біл­ді­рулері керек. Еселі еңбек ел игілігіне жұ­мыс істей берсін», деді С.Абдрахманов.

Бас басылымның бай қазы­на­сын түгел тасқа басу әлбетте мүмкін емес. Алайда, келе­шек­ке өткеннің келбетін көр­се­тетін бұл жинақ мәдени қазы­намыздың бір бүйірін толтырып тұрғаны анық. Шарада ау­зы дуалы сөз майталмандары бес томдыққа осылай баға берді. Шараны газеттің ар­да­гері, ақын Қорғанбек Аманжол басылымға арнаған өле­ңімен түйіндеді.