Әлем • 12 Маусым, 2019

Халықаралық байқаушылардың Президенттік сайлауға қатысты пікірлері

839 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Халықаралық байқаушылардың Президенттік сайлауға қатысты пікірлері

Халық белсенділік танытты

Вольф-Рутхарт БОРН,

халықаралық байқаушы (Германия)

Алматы қаласындағы бірқатар сайлау учаскесін аралап шықтық. Атап айтқан­да, қала­дағы  Бостандық және Наурыз­бай аудандарында сайлаушылардың дауыс беруі кезінде заң бұзушылық болған жоқ. Жастардың, студенттердің белсенділігі бізді ерекше таңдандырды.

Менің жолым түскен сайлау учас­келерінде дауыс беру процесі заң аясында, ашық әрі әділ өтті деп айта аламын. Жалпы, Алматы қаласындағы сайлау талапқа сай өтті. Бұл өз кезегінде халықтың сайлауға белсенді әрі жауапкершілікпен қатысқанын көрсетеді.

 

Ашықтыққа таңдандым

Реза ТАБРИЗИ,

Бүкілпартиялық парламенттік топтың Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі хатшысы (Ұлыбритания)

Таңғы сағат жетіден бастап кешке дейін ел астанасындағы көптеген сайлау учаскелерін байқаушы ретінде аралап шықтым. Сол кезде сайлау үдерісінің жақсы ұйымдастырылуына, демократиялық талаптарға сай екеніне және ашықтығына ерекше таңдандым.

Халық сайлау учаскелеріне жайдары кейіпте, балаларымен, тұтас отбасыларымен мерекелік көңіл күйде келіп жатты. Осыдан-ақ сайлаудың халық үшін өте маңызды екеніне көз жеткіздім. Олардың әрқайсысы конституциялық құқықтарын асқан ықыласпен пайдаланып, өздері таңдаған кандидаттарға дауыс беруге мүмкіндік алды.

Сайлау барысында қандай да бір заң бұзушылықты, құқық бұзушылықты көзім шалмады. Сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалғаны көрініп тұрды. Осының арқасында біз байқаушы ретінде кез келген сайлау учаскесінің жұмысымен толық таныса алдық.

Ұйымдасқан түрде дауыс берді

 Марко ПАССАЛИЯ,

Тичино кантоналды парламентінің Демократиялық халықтық партия мүшесі, Тичино кантоны сауда қауымдастығының

бас директоры (Швейцария)

Мен бұған дейін өз отаным Швейцарияда, сондай-ақ Италиядағы президент сайлау­ларына байқаушы ретінде қатысқан болатынмын. Әрине әр мемлекеттің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, біздің сайлау үш күн бойы – жұма, сенбі және жексенбіде күніне 2-3 сағаттан өтеді.

Осыған қарамастан, Швейцария мен Қазақстандағы сайлау үдерісінен ұқсас­тықтарды байқадым, атап айтқанда, техникалық тұрғыда ортақ ерекшеліктер бар екен. Оның ішінде, тіркеу рәсімдерінің үлгісінде, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабиналарда еш айырмашылық жоқ. 

Жалпылай алғанда, сайлаушылардың ерекше көңіл күйге бөленіп, туындаған са­уал­дарына сол мезетте жауап алып жатқанын, осының әсерінен ешқандай абыржу мен дүрлігістің болмағанын атап өткім келеді. Мұндай белсенділікті халықтың мемлекет басына кімнің келетініне бейжай қарамай, елдегі демократиялық үдерістерге үлес қосуға деген ұмтылыстарымен түсін­діруге болады.

Сайып келгенде, сіздердің осы жасам­паз рухты одан әрі көтере түсіп, сайлау бары­сын жоғары деңгейде қолдап отырулары­ңыз­ға тілектестік білдіремін. Ең бастысы, Швейцарияда болсын, басқа мемлекеттерде болсын, әртүрлі сайлаулар Қазақстандағыдай ұйымдасқан түрде өте бермейді.

Қоғам кемелденіп келеді

Петко ДРАГАНОВ,

Болгария Сыртқы істер министрлігінің саяси мәселелер жөніндегі

бас дирекциясының директоры

Мен сіздің елге бірінші рет келіп отырғаным жоқ. Қазақстанға әр уақытта ерекше көңіл күймен, асқан ықыласпен келемін. Біз үшін Қазақстан – әрі қарай да ынтымақтастықты тереңдетіп, байланыстарымызды бекіте түсуге лайықты, достық пейілдегі мемлекет.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Астана экономикалық форумы жұмысына қатыстым, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі болып жұмыс істедім. Енді міне, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Президент сайлауына байқаушы ретінде келген болатынмын.

Осы сапар аясында бірнеше сайлау учаскесін аралай отырып, мынадай тұжырымға келдім – қазақстандықтар Мемлекет басшысын сайлауға өте жоғары маңыз берді, ал сайлаушылардың белсенділігі мен сайлау комиссиясы мүшелерінің ыждағатты жұмысы, сайлау учаскелеріндегі тыныш, мамыражай жағдай елдегі демократиялық жаңаруларды түсінген қоғамның кемелденгенін көрсетті.

Ел тарихының жаңа парағы ашылды

Түркі әлеміндегі белгілі талдау орталықтарының беделді сарапшылары, зерттеушілер, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауы туралы, жаңа сайланған Мемлекет басшысы туралы өз ойларымен бөлісті.  

Хасан КАНБОЛАТ,

Анкара саясат орталығының директоры (Түркия)

– Қазақстандағы кезектен тыс Пре­зидент сайлауы демо­кратиялы түрде әділ өтті деп толық сеніммен айта аламын. Бұл жетіс­тігімен ба­уырлас мем­лекетті құттықтаймын.

Сайлау – мемлекеттің тәуел­сіздігі секілді аса маңызды шара. Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­ның тағы бір жаңа парағы ашыл­ды. Ширек ғасырда адам бала­сы жете бермей­тін саясат, экономика тұрғысы­нан үлкен жетіс­тіктерді бағын­дыр­ды, экономикалық әлеуеті айтарлықтай жақсарды.

Жаңа сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сай­лау­дағы жеңісімен құттық­таймын. Барлығымыз оны тәжі­­рибелі саясаткер, мемлекет адамы ретінде танимыз. Қазақ­­станның одан әрі өсіп-өркен­деген, дамыған мемлекет болатынына сенемін.

Тәуелсіз байқаушы ретінде айтарым, Қазақстандағы сайлау мәдениеті мен шара­ның өткізілуі басқа мемлекеттер үшін үлгі бола алады. Бірнеше сайлау учаскесінде болдық, дауыстарды санауға қатыстық. Ол жер­де партия атынан келген бай­қау­шыларды да кездестірдік. Бар­лығы заң аясында болды, құқық бұзушылық орын алған жоқ.

 

Ашықтық қағидаты алғашқы орында

Зеки Хакан СЫДАЛЫ,

Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының мүшесі, депутат

– Ең алдымен бізді байқаушы ретінде шақырған, осындай мүмкін­дік берген Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне алғысымды айтамын.

Ал сайлау туралы айтсақ, сол күні байқаушы ретінде бірне­ше сайлау учаскесін араладық. Учас­келерде ешқан­дай келеңсіз жағдай орын алған жоқ. Дауыс беру ашық түрде өтіп жатты. Сағат 9-дан кешкі 5-ке дейін қаланың әр түкпіріндегі сайлау учаскелерінде болдық. Халық ережеге сай әрекет жасап, өз еріктерімен дауыс берді. Сайлау күні туған күнін тойлап жатқандарға сыйлықтар таратылды. Бұл бір ерекше көңіл күй сыйлайтын дәстүр екен.

Тағы бір атап өтетін жайт – мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдай. Бұл Түркияда қарастырылмаған. Сондық­тан міндетті түрде Түркияда да болуын қолға аламыз. Халықтың 70 пайызынан көбі­нің қатысуы да – ескеретін нәрсе. Бұл – Еуропаның кей мемлекеттерінде кез­деспейтін көрсеткіш. Түркияда да халық сай­лауда белсенді. Бұл, менің ойымша, түркі тілдес халықтардың демократияға қатынасын көрсете­ді. Осылайша демократиялы мемлекетте тұрып жатқанымызды басқаларға да дәлелдей аламыз. Түркия, Қазақстан және түркі тілдес мемлекеттердің мықты, біртұтас болуы өте маңызды. Мен бұл сайлаудан тек жақсы әсер алдым.

Өзім жақында құрылған партия­ның депутатымын. Біз үшін түркі әлемінің біртұтастығы өте маңызды. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі де біздің елдегі партиялармен тығыз байланыста. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құт­тықтап, сәттілік тілеймін. Ол өте үлкен басым­дықпен жеңіске жетті.

Мен – оппозициялық партия­ның өкі­лімін. Оппозиция – демо­кратияның шыңы. Осы сайлауда оппозиция өкілі де үміт­керлер қатарынан көрінді. Ол да жақсы көрсеткіш. Дегенмен, оппозиция ережелер мен заңға бағынуы керек. Мен Қазақ­стандағы сайлаудың еш қысымсыз, ашық өткенін көрдім.

Ел беделі арта түсті

Шерзод ЗИЁЕВ,

саясаттанушы, (Өзбекстан)

Қазақстанда өткен прези­денттік сайлауды жоғары бағалаймын. Халықтың сай­лауға белсенді қатысуы жұрт­тың ел тағдырына бейжай қара­майтынын көрсетті. Тіп­ті шетелдерде жүрген қа­зақ жұртының бір кісідей сай­лау­ға қатысуы көп нәрсені аңғартады.

Қазақстандықтар жалпы тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет өздерінің екінші Президентін сайлады. Ел сенім артқан жаңа басшы тұғырнамасында берген уәдесін орындайды деп ойлаймын. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп жылдан бері саясат сахнасында жүріп жинаған тәжірибесі мен дипломатиялық ұста­ны­мы негіз бола алады. Бұл сайлау Қазақстан тарихы үшін өте маңызды және Ұлы дала елінің әлемдегі беделін одан сайын арттырады. Қасым-Жомарт Тоқаев – көп жылдан бері түрлі саяси құрылымдарда еңбек ете жүріп әбден ысылған азамат. Халықаралық дең­гейдегі тәжірибесі де мол. Ол кісінің билікке келуі Қазақстанның өзге елдер­мен арадағы іскерлік бай­ланысының одан әрі артуына негіз болады.

 

Заңсыздық тіркелмеді

 

Махмұд әл-РАИСИ,

халықаралық байқаушы, ИЫҰ өкілі

Қазақстандағы Президент сайлауы кезінде демократиялық таңдау талаптары толық сақталды деп айта аламын. Сайлау процесін­де халықаралық қағидаларға басымдық беріл­ді. Халықтың белсенділігі өте жоғары болды. Бұл елдің болашаққа деген ұмтылысын көрсетеді. Біз, Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мының байқаушылары бірқатар сайлау учаскесінде болып, бюллетеньдердің қалай саналғанын бақыладық.

Біз болған учаскелердің ешқайсысында заң бұзушылық анықталған жоқ. Барлығында сайлау процесін пре­зиденттіктен үміткер­лердің сенім білдір­ген адам­дары бақылап, көріп отырды. Жұрт­шы­лық емін-еркін келіп, өз таңдауларын жасады.