Руханият • 12 Маусым, 2019

Құнды құжаттар қазынасы

739 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Архивтердің басты мақсаты – қоғамның ретроспективті ақпаратқа деген қажеттілігін қамтамасыз ету және Ұлттық архив қоры құжаттарының жинақталуын, сақталуын, ғылыми айналымға енгізілуін қамтамасыз ету болып табылады. ХХ ғасырдың 1917-1918 жылдарынан басталатын Архив қорындағы құжаттардың қатарында сол кезеңдегі республикадағы баспасөз органдарының қорлары да бар. Олардың бірі – №884 «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының қоры.

Құнды құжаттар қазынасы

Онда БК(б)П Орталық комитетінің, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің директивалары, редакция бойынша бұйрықтар, редакциялық алқа және алғашқы партия ұйымдары отырыстарының хаттамалары жинақталған. Сонымен қатар жұмыс жоспарлары, Қазақстан Ком­партиясы Орталық коми­те­тінің анықтамалары, жур­на­лис­тік зерттеулер мақсатында жүргізілген хаттар, майдангерлер мен тылдағы өмір туралы, майданға қаражат жинау туралы хат алмасулар, майдангерлер хаттары сақ­тал­ған. Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары туралы мақа­лалардың қолжазбалары түпнұсқа түрінде жинақталған. Құжаттардың хронологиялық шеңбері 1939-1991 жылдар аралығын құрайды.

Сонымен қатар аталған қорда 1942 жылы газеттің жауапты редакторы Әмір Қана­пин­нің қолы қойылған 1942 жылдың 3 қазанындағы Сәбит Мұқановтың тілші қызметінен босатылуы туралы бұйрығы сақталған. Одан бөлек газет редакциясының штат кестесі, тілшілер, штаттан тыс тілшілер тізімдері берілген. Бір айта кетерлігі, соғыс жылдарындағы редакция хаттамалары латын қарпімен жазылған.

«Егемен Қазақстан» газеті тарихына қатысты құжаттар №139 «БК(б)П Қырғыз облыстық ко­ми­теті», №141 «БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті», №708 «Қазақ­стан Компартиясы Орта­лық комитетінің» қор­ла­рын­да да көп­теп кездеседі.

1921-1925 жылдары аралы­ғын­­дағы құжаттарды №139 «БК(б)П Қырғыз облыстық ко­ми­­теті» қорының құрамынан та­буға болады. Мысалы, 1922 ж. өткізілген РК(б)П Қырғыз облыстық комитеті президиумы отырысының хаттамасында баспасөз органдарын мекемелерге тіркеу туралы мәселе тыңдалып, «Еңбекшіл қазақ» газетін Қазақстан Орталық сайлау комитетіне тіркеу туралы шешім қабылданғаны туралы құжаттар сақталған. Сол істе Сәкен Сейфуллинді газеттің жауапты редакторы ретінде тағайындау туралы Президиум отырысының шешімі де бар.

Қырғыз облыстық комитеті қорының құжаттарының арасында 1924 жылы 23 желтоқсанда комитет шешімі бойынша сол кездегі «Еңбекші қазақ» Қырғыз өлкелік газетінің редакторы етіп Смағұл Сәдуақасұлының тағайындалуы туралы мәлімет берілген. Құжаттардан сол кезде газетке жазылу құны 8 сом құрағанын көруімізге болады.

№141 «БК (б) П Қазақ өлкелік комитеті» қорында 1925-1937 жылдар аралығындағы газет редакциясына қатысты құжаттар кездеседі. Олардың бірі − 1932 жылдың 25 сәуірінде Қазақ өлкелік комитеті бюросы отырысында Ғаббас Тоғжановтың оқуға кетуіне байланысты «Социалды Қазақстан» газетінің редакторы етіп Айтмұхаммед Мусинді, ал Ғабит Сарыбаевтың редактордың орынбасары етіп тағайындалуы туралы шешім бар.

1932 жылдың 13 ақпа­нын­да­ғы Қазақ өлкелік комитеті хаттамасынан редакция жанын­да саны 25 адамға арналған резервтік газет жұмысшыларын дайындау бойынша 1,5 айлық курс жұмысының басталғаны туралы мәліметтер бар.

Тағайындау құжаттарына келсек, 1935 жылдың 23 қараша­­сындағы Қазақ өлкелік ко­ми­­тетінің отырысында Ғабит Мүсіреповті «Социалды Қа­зақстан» редакторы орнынан босатып, уақытша Смағұл Сәдуақасовты редактор етіп тағайындау тура­лы хаттама сақ­талған. Соны­мен қатар газет атының өзгер­тіл­уіне бай­­­ланысты 1937 жылдың 26 сәуіріндегі «Аса құпия» грифі қойылған Қазақ өлкелік комитетінің қазақ әдеби тілінде қабылданған терминологияға сәйкес «Социалды Қазақстан» газеті бұдан әрі «Социалистік Қазақстан» аталуы туралы ше­ші­мі бар.

№708 «Қазақстан Ком­пар­тия­сы Орталық комитетінің» қорында 1937-1991 жылдар аралығындағы құжаттар жинақ­талған. Қор құжаттарына сүйенсек, Ұлы Отан соғысына де­йін 58 мың дана болып шығатын «Социалистік Қа­зақ­­стан» газетінің таралымы 1948 жылдың 1 қаңтарында 44 мың­нан 100 мың данаға дейін ұлғай­тыл­ға­нын байқауымызға болады.

Құжаттардан бөлек Архив­тің №896 «Фотоқұжаттар жи­нақ­­­­тамасы» қорында сирек кез­де­сетін фотосуреттер де бар, мысалы 1924 жылғы жасал­ған газет редакциялық алқасы мүше­лерінің суреті.

1998 жылы Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Президенті Архивін жеке тектік құжаттармен то­лық­­тыру мақсатында жеке қор­лар бөлімі құрылды, онда отбасы, жеке азамат өмірі мен қызметі барысында жинақ­тал­ған тарихи-мәдени тұрғыдан құндылығымен ерек­­ше­ленетін құ­жаттар топтас­ты­рыл­ған. Бү­гін­гі күнде Архивте 71 жеке тектік қор жинақталған, солар­дың ішінде экономист, қоғам қайраткері, Оразай Батыр­бе­ковтің қорында өмірі, жұмыс жағ­дайы, қиыншылықтар мен же­­ті­с­тік­терін бейнелейтін ес­те­­­­лік­тері сақталған. Есте­лік­­терінде ол алғаш еңбек жолын бастаған «Социалистік Қа­зақ­стан» газеті редакция­сы­­на алғысын білдіреді: «Мен, 1937 жылы Қарсақпай орта мек­те­­бінің бірінші сыныбына қабылдандым, ал 1941 жылы әкем­нің өлімінен кейін әпкемнің қарауына өтіп, Алматы қаласына көшіп кеттім. Сол жылы №18 орта мектептің бесінші сыныбына қабылдандым» деп жазған. Еңбек жолын 1943-1944 жылдары «Социалистік Қаз­ақ­стан» газетінің редакциясында курьер, корректордың көмекшісі болып бастаған. Осы қызмет уақытын Оразай Батырбекұлы өзінің «Тағдыр толқынында» кітабында былай деп еске алады: «[…] 1943 жылы 6-сыныпты бітіріп, жазғы кани­кул­ға шыққанда апам мені «Социалистік Қазақстан» газе­ті­нің редакциясына жеңіл-желпі жұмысқа орналастырды. Жеңіл-желпі дейтінім, редакцияға әуелі хат тасушы (курьер), одан кейін екі жылдай подчитчик болдым. Оқудан қалғам жоқ. 1943 жылдың жазында Алматыға Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин май­даннан демалысқа келді. Ре­дак­цияда кездесу болып, мол дастарқан жайылды. Мен де қатысып, берілген тапсырманы тиянақты орындауға тырыстым. Бір уақытта Батырдың көзі түсіп, шақырып алып, кімнің баласысың деп сұрағанда: «Ешкімнің баласы емеспін, редакцияның қызметкерімін», деп жауап бергеніме жақын отырған кісілер күлгені бар. Сол кездесуден кейін Мәлік аға редакция басшыларына: «Мына баланы жүгірте бермей, оқуынан қалмайтын қызмет тауып берген дұрыс болар», − депті. Сол себеп болған болар, бір күні редактордың орынбасары Тойғанбаевқа газеттің терілген бетін апарып едім, ол маған: «Осы сен газеттегі жазылғандарды дұрыс оқи аласың ба?» − деді. Мен: «Әрине, оқи аламын», − дедім. Жанында сол кездегі редакцияның партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Ғұмар Аққұлов ағай отырған. Қолыма ұстатқан газетті аздап оқып бергесін Тойғанбаев: «Мынау сауатты ғой, подчитчик жұмысына ауыстырсақ қалай болады», дегенде Аққұлов ағай «өте дұрыс» деді. Алдағы өмір белестеріне жол ашып берген де «Социалистік Қазақстанның» ортасы, сол кездегі газеттің ұжымындағы ағалар мен апала­рым­ның бәріне ризамын».

«Егемен Қазақстанның» әр уақыт­тағы басшыларының, қызметкерлерінің жеке істері де архив қорында сақталған. Мысалы, Ғабит Мүсірепов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфул­­линнің жеке іспарақ­та­ры құнды дерек көзі болып табылатыны сөзсіз.

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қа­ласында ұсынылған «Ар­хив – 2025» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Егемен Қазақстан» газетінің жарық көр­геніне 100 жыл толуына орай құжаттарды ірік­теп, құ­жат­тар жинағы тү­рін­де басып шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар Қазақ­станның бай тарихын кеңі­нен танып, одан әрі зерттеп, насихаттауға бағытталған.

 

Раушан МЫРЗАҚҰЛОВА,

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының бас сарапшысы