Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Жаңа мазмұндағы жауһар туындылар

668 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық опера және балет театры 85 жыл­дық мерейтойының құрметіне орай бар­лық алма­ты­лықтар мен қала қонақтары үшін «Опера және балет фестивалін» ұйым­дас­тыр­ды.

Жаңа мазмұндағы жауһар туындылар

Фестиваль Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының аясында өткізілді. Төрт күн бойы Опера және балет театрында дүбірлеп өткен классикалық өнердің мерекесі оңды-солды өткізілетін қатардағы көп жобалардың бірі емес, жалпы қазақ мәдениетіндегі айтулы оқиға ретінде қабылданды.

Фестивальдың мақсаты – ұлттық және шетелдік опера, балет классикаларын насихаттау және дәріптеу, Қазақстан халықтарының музыкалық дәстүрлерін сақтау және дамыту. Фестиваль бағдарламасына театр репертуарының алтын қорын құрайтын және ондаған жылдар бойы көрермендердің тұрақты сұранысы мен сүйіспеншілігіне ие болған спектакльдер енгізілген. Фестиваль қонақтары бүгінгі күнге дейін репертуардан түспей келе жатқан байырғы қойылымдарға жаңа әрі батыл көркемдік өзгерістер енгізген режиссерлер еңбегін жоғары бағалай отырып, өзгеше пішін, жаңа мазмұн тапқан туындыларды жылы қабылдады. Атап айтқанда, фестивальдың шымылдығы театр репертуарының басты қойылымына айналған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсымен ашылып, Ажардың ариясын орындау үшін «Астана Опера» театрынан Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева 35 жыл еңбек еткен төл театрына арнайы шақырылды. Қойылымға халықаралық байқаулардың лауреаты Ерболат Ахмедияров дирижерлік жасады.

Сахна декорациясын толығымен өзгертіп, туындыны барынша түрлендірген италиялық режиссердің жұмысы жетпіс бес жылдық тарихы бар операның жаңаша сипатта бағалануына жол ашты. Түрлі жылдарда Белград филармониялық оркестрімен, Француз ұлттық оркестрімен, Дат радиосының симфониялық оркестрімен, Берлин симфониялық оркестрімен, Берлин неміс және комикстер операсымен, Швецияның Корольдік операсымен және Үлкен Бордо театрымен бірге жұмыс істеген маэстро Дориан Уилсон да АҚШ-тан арнайы шақырылып, оның дирижерлігімен сахналанған С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің бұрынғыдан өзгеше, жаңа бояумен әрлене түскенін көрермен бірден байқады. Солистер Дмитрий Сушков пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанел Төкеева және Азамат Асқаровтың аяқ ұшымен шыр айналып, сан мәрте әуеде қалықтаған бишілік шеберлігі көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.

Қазақстандық режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ләйлім Иманғазинаның сахналауындағы Ж.Бизенің «Кармен» операсы да фестивальдағы аншлагпен өткен қойылымдардың бірі болды. Хозенің партиясын Египет опера­сы­ның әншісі Ханни Абдельзахер орындады. Ол Г.Доницеттидің «Махаббат сусынындағы» Неморино, В.А.Моцарттың «Сиқырлы сыбызғы» операсындағы Тамино, Ж.Бизенің «Карменіндегі» Хозе, Дж. Пуччинидің «Турандот» операсындағы Калаф, Дж. Вердидің «Травиатасындағы» Альфредо және тағы басқа партияларымен бекзат өнердің табынушылары арасында есімі кең танылған әнші. Ал «Карменге» әлемдік музыка өнерінің шыңына бірден шыққан жас әрі талантты дирижер, шетелдік көрермендерге өзіндік стилімен, әуенді бар ықыласымен терең сезінетін музыкант ретінде танымал Кристофер Окейсек (АҚШ) дирижерлік жасады. Әйгілі дирижер әр кезеңдерде қазіргі заманның көрнекті әртістері Пласидо Доминго, Эрмонела Яхо, Артуро Чакон-Крус, Майкл Фабиано және Карине Бабаджанянмен серіктес болған.

Фестивальдағы есте қалатын ең жарқын оқи­ға­ның Мария театрының солистері Оксана Ско­рик және Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Евге­ний Иванченконың қатысуымен қойылған П.И. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен байланысты болғанын ерекше атап өткен абзал. «Астана Опера» театрынан келген Арман Оразғалиевтің дирижерлігімен ұсынылған спектакль басталмас бұрын көрермендер үшін «Аққу көлінің құпиясы» тақырыбында дәріс оқылды. Бүкіл әлемнің үлкен-кіші театрларының барлығында ғасырдан астам уақыт қойылып келе жатқан ең атақты балеттің тарихы мен танымалдылық құпиясы туралы балет сыншысы және «Қазіргі заманғы хореография орталығының» директоры Флюра Мусина әңгімеледі.

Сондай-ақ «Қазақ опера театрының аңыздары» атты тақырыппен Абай атындағы академиялық опера және балет театры мұражайынан алынған сирек кездесетін мұрағаттық фотосуреттер мен опера және балет өнері аңыздарының сахналық костюмдерінен бірегей топтама көрсетілді. Фестиваль аясында театр солистері мен фестиваль қонақтарының жақынырақ танысуы үшін «Завтрак со смыслом» атты жаңа жоба ұсынылып, онда олар сүйікті әртістерімен бірге хош иісті кофе мен таңдаулы шайдан ішіп, сырлы сұхбат құрып, мереке әсерімен бөлісті.

 

АЛМАТЫ